Парижде қазақ әдебиетінің қос антологиясын француз тіліне аудару, басып шығару мен тарату жұмыстарына қатысты келіссөздер аяқталды. Жоба қатысушылары Париждің бірінші округінің басшылығы мен елорда мәдени бірлестігінің қолдауымен сұрыпталды. Олар - бұрыннан Қазақстанның рухани қолдаушысы әрі жобаның стратегиялық серіктестері. Сондай-ақ, қазақ әдебиетін аударып, насихаттау бастамасын сапа мәселесіне жауап беретін бақылаушы-рецензент ретінде Француз Ұлттық кітап орталығы қолдады. Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия көптеген француз баспасының және стратегиялық серіктестердің ұсынысын саралай келе, өнер және әдебиетті дәріптеу бойынша аударма һәм баспа ісінде 30 жылдан астам тәжірибесі бар Мишель Де Мол (Michel de Maule) баспасын таңдауды ұйғарды. Оның негізін салушы және бас редакторы - танымал француз лингвисі, ақын Тьерри-де-ла-Круа (Thierry de La Croix). Әдебиетші әрі баспагер Тьерри-де-ла-Круа меморандумға қол қою барысында бұл жоба арқылы француз оқырманы әлем мәдени кеңістігіндегі өзгеше әлемді ашатынын және оның зор әлеуетке ие екендігін атап айтты. Париж Мәдени бірлестігінің президенті мадам Карла Оригони (Carla Arigoni) жобаның академиялық маңыздылығын тілге тиек етті. Оның пікірінше, антология әдеби және эстетикалық құндылығынан бөлек, ғылыми тұрғыда да айрықша мәнге ие. Қауымдастық алдағы жұмыстарға әдебиет, мәдениеттану және аймақтану салаларының білікті мамандарын тартуды жоспарлап отыр. Олар француз оқырманына Қазақстан мәдениетін жан-жақты әрі кәсіби үлгіде ұсынбақ. Жоба аясында антологияны тек Францияда емес, сондай-ақ, француз тілі ресми түрде қолданылатын немесе негізгі тілмен қатар пайдаланылатын елдерде тарату бойынша үлкен жұмыс атқарылмақ. Әлемде мұндай елдер саны 50-ден асып жығылады. Ал, француз тілін күнделікті өмірде қолданатын халық саны 220 миллион. Қазақ әдебиетін аталмыш елдерде кеңінен танытып, насихаттау жұмыстарымен француз тілі кең етек жайған мемлекеттерде танымал Престиж Коммуникацион (Prestige Communication) жаһандық агенттігі айналысады. Халықаралық агенттіктің бас директоры Лоран Тайб (Laurent Taieb) ынтымақтастық орнату меморандумына қол қою кезінде елді мәдениет, рухани жәдігерлері мен ішкі дамуы арқылы әлемге танытуға жол ашатын Рухани жаңғыру бағдарламасының маңызы мен рөлін ерекше атап өтті. Меморандумға қазақстандық тараптан Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева қол қойды. Ол серіктестерге аудармалардың көркемдік дәлдігі мен эстетикалық сипатын қамтамасыз етуді тапсырды. Франциядағы Қазақстан елшілігінің ғимаратында өткен келіссөздерге Франциядағы ҚР Елшісі Жан Ғалиев және Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты.