Отбасылық құндылықтар жайлы 5 кітап

Отбасылық құндылықтар - ұрпақтан ұрпаққа берілетін дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар. Бұл сезім арқылы отбасы берік бола түседі. Бұл - адамдар үйдің ішінде басынан өткеретін қуаныш пен қайғы, берекет пен қиындықтар. Отбасыны сақтап қалу үшін және саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін өзіңізді үздіксіз дамыту және жан-жақты зерттеу ешқашан артық етпейді. Осы орайда кітап насихаттаушы блогер Айнұр Бұлақбай Massaget.kz тілшісіне отбасылық құндылықтар жайлы 5 кітапты ұсынды.

1) "Отбасы хрестоматиясы" баспасының барлық кітабы

Мысалы: "Әлдиден эпосқа дейін" (баланың көкірегін құндылыққа толтырып, ой-өрісін кеңейтетін фольклорлар жинақталған), "Салт-дәстүр сөйлейді", "Махаббаттың мәні" (қазіргі қазақ отбасындағы ажырасу проблемаларының себебін әртүрлі анализдер арқылы түсіндіреді), "Отбасындағы 30 сабақ" (ата-ана мен балаға ортақ тапсырмалар) және т.б.

Сурет: meloman.kz

2) "Ұшқан ұя", Бауыржан Момышұлы

"Ұшқан ұя" романы – Бауыржан Момышұлының мемуарлық шығармасы. Шығармаға автордың балалық шағындағы өмірі өзек болған. Жазушы өзінің тұлға ретінде қалыптасуына отбасысы себепші болғанын баяндап, отбасы мүшелерін өзіндік бейнелерімен әр қырынан танытқан. Бұл шығармада қазақтың салт-дәстүрі, ғұрпы, ұстанымы, дүниетанымы әсерлі бейнеленген.

3) "Әкелеріміз айтатын әңгіме",  Ырысбек Дәбей

Кітапқа ақын Ырысбек Дәбейдің қазақы өмірден ойып алған бір шоғыр эсселері еніп отыр. Әкеден, ақсақалдардан естіген, көңілге түйген танымды ойларды шым-шымдап отырып, сыпайы шерте білген автордың көркем дүниелері оқырманды жалықтырмайды. Кітаптың тілі де айшықты, көркем жазылған.


Сурет: meloman.kz

4) "Талтүс", Таласбек Әсемқұлов

"Талтүс" - Таласбек Әсемқұловтың автобиографиялық романы. Бұл кітаптың арқасында қазақтың күй өнерін күйші көзімен көре аласыз. Ол сондай-ақ қазіргі кезде қазақтар жоғалтып алған ұрпақаралық байланысты қалпына келтіруге көмектеседі.

5) "Шуақты күндер", Зейнеп Ахметова

Бұл кітап тәлім-тәрбие мен үлгі-өнегеге толы. Мұнда Бауыржандай батыр ұлдың болмысы халыққа өзге жағынан суреттеліп, үлгілі әке, қамқор ата қыры ашылып көрсетілген. Оннан бүгінгінің өзекті мәселелеріне нақты жауаптар алуға болады.