Оралханның ой орамдары

Оралханның ой орамдары

Адам жақындау үшін де әуелі алыстау керек шығар.

***

Өмір дегеніміз ешқашан да шешуі табылмас жұмбақ, ешкім шығара алмас қиын есеп десек, жауабын іздеп, жанталасып, жан тапсырғандар қаншама. Осының барлығын пенде егер де анасының құрсағында жатып сезсе ғой, онда жарық дүниеге келмей-ақ қояр еді.

***

Неге біз осы оқта-текте жылап алмаймыз?.. Неге?

***

«Адам баласын құртатын — Ой емес, ОЙСЫЗДЫҚ шығар…»

***

Махаббат — табиғат өзі берген құдіретті сезім. Ондағы ең үлкен сыйлық — айнымас сыйластық. Ол әркімге де тән қасиет, ал нағыз сыйластық кез-келгеннің қолынан келмейді…

***

Әйтеуір жер басып жүрген соң, азаптың арбасына жабыса бермей, өзіңмен өзің болып, саяқ тарта сапарлап кеткен де дұрыс — ау.

***

Өмір мың рет өзгерсе де, қара жердің өзіндей өз қалпында қалатын адамдар болады.

***

Адамның жүрегі — Ақжайлау емес, кім көрінген қона беретін. Онда жалғыз — ақ кісіге орын бар.

***

Тек бір-бірімізді алдап, иландырып, бейбіт тұрмыс құру үшін, өне бойғы қаскөй жан жаралар жамандығымызды «тағдыр» деген әлденеге жамай саламыз, сөйтіп әлемдегі бар қайғы-қасірет, обал-сауапты тағдыр мен Құдайдан көреміз.

Ал тағдыр дегеніміз — адамдардың өзді-өзіне жасар қысастығынан пайда болар көзге көрінбейтін, әйтсе де минут сайын инедей қадалып, ыңырсытып отыратын індет екенін мойындайықшы…

А. Оралқызы