Жазушы-драматург, журналист Оралхан Бөкейдің "Бес тиын" әңгімесі алғаш рет парсы тілінде жарық көрді. Бұл туралы parstoday.com ақпарат агенттігі жазды.
Шығарманы қазақ тілінен парсы тіліне аударып, парсытілді оқырманға ұсынған – Айнаш Қасым. Бұдан бөлек жазушының "Қасқыр ұлыған түнде" әңгімесі де парсы тіліне аударылып, жуырда ирандық әдеби журналда жарық көрмек.
Ақпарат агенттігінң ақпараттарына сүйенсек, қазақ әдебиетінің ұлы ақыны Абайдың қара сөздері мен поэзиясының, М.Әуезов шығармаларының, Н.Келімбетовтың бір шығармасының парсы тіліне орыс тілі арқылы аударылғанын ескерсек, парсыға аударылған шығармалардың саны саусақпен санарлық екен.
"Парсытілдес оқырманның қазіргі қазақ әдебиетінің тыныс-тіршілігімен көп таныстығы жоқ екені де аударма ісінің кенжелігімен тікелей байланысты. Оның үстіне шығарма делдал тіл арқылы аударылған кезде оның ұлттық реңкінің солғындай түсетіні де шындық. Осындай жағдайда Оралхан Бөкей шығармаларын қазақшадан тікелей парсы тіліне аудару үдерісінің басталуы көңіл қуантатын іс", деп түйіндейді ирандық БАҚ.
Назарларыңызға осыған дейін порталымызда жарияланған Оралхан Бөкей өміріне, шығармашылығына қатысты видеоматериалды ұсынамыз.