- Негізгі бет
- Әдебиет
- Өміржан Әбдіхалықұлы: "Бізде...
Өміржан Әбдіхалықұлы: "Бізде драматургия қартайып бара жатыр"
Аристотель "Поэтикасынан" бастап авторлар сол көрсеткен қағидаларға максимал түрде жауап беруге тырысты. 2 мың жыл бойы қаламгерлер белгілі бір жанрдан ауытқымады. Тек ХVІІІ ғасырда бұл дәстүр бұзылды. Бірақ, сонда да жанрлар дамуы тоқтаған жоқ. Мысалы, XVIII-XIX ғасырлар тоғысында баллада жанры дамудың шыңына жетті. Ал, ХХ ғасыр басында әдебиетте роман жанры гегемония құрды. Қазақ әдебиетінде осы уақытта алғашқы романдар жазыла бастады. Яғни әдебиетіміз әлем әдебиетінің стандартына жауап беріп, соның көшіне ерді. Бірақ сол ХХ ғасыр ортасында біз фэнтези, ғылыми-фантастика, детектив жанрларын игере алмай жатқанда әлем әдебиетіне 1980-жылдан бастап тағы да киберпанк, ЛитРПГ(RPG) дейтін жанрлар қосылды. Ғылыми-фантастиканың өзі бір төбе. Қазір осы әдеби жанр ізімен түсірген фильмдер әлемдік кино да қаржы жинау жағынан көш бастайды. Біздің әдебиет ХХ ғасыр ортасынан бастап әлем әдебиетіндегі процестерді, жанрларды игеруден қалды. Ілесе алмай қалдық.
Бүгінге кеп қазақ әдебиетінде қандай жанрлар дамымай жатыр? Оның себебі неде? Осы сауалдарды Массагет порталы еліміздегі ақын-жазушы, сыншыларға һәм оқырмандарға қойып көрді.
Бүгін белгілі жазушы Өміржан Әбдіхалықұлының жауабын ұсынамыз.
Өміржан Әбдіхалықұлы, жазушы: "Бізде драматургия қартайып бара жатыр"
Қазақ әдебиетінде дамымай тұрған екі жанр бар деп ойлаймын. Оның бірі – драматургия, екіншісі – балалар әдебиеті. Драматургияға келіп жатқан жаңа есімдер жоқтың қасы. Мысалы, Әуезов театрында Мадина Омарова, Мұрат Қолғанат бар. Осылардың пьесалары сахналанып жүр. Былай алып қарасаңыз республикадағы театрларда 3-4 адамның ғана шығармасы қойылып жүр. Астанада да сол 3-4 автор бар. Сонда айналдырған 5-6 драматург қана бар болып шығады. Драматургия деген алғы шепте жүретін жанр үшін бұл авторлар өте аз. Себебі, театр – жалпы өнердің локомативі ғой. Кейінгі кезде драматургияға барып жатқан жастар мүлдем жоқ, байқалмайды. Сондықтан театр ақын-жазушылармен немесе драматургия жазып жүрген жастармен қарым-қатынасын жандандыру керек деп ойлаймын. Себебі, театрда бүгінгі заманның адам бейнесін, қоғамның дертін көтеретін спектакльдер жоқтың қасы. Сосын қазір драматургиямен әртістер айналыса бастады. Әрине, әркімнің жазуға қақысы бар ғой. Олар жылдар бойы сахнада жүргененен соң, драматургия талаптарын біледі. Бірақ баяғы мықты драматургтер сияқты авторлар бізге қажет. Өнер академиясынан жыл сайын бір топ драматургтер бітіріп шығады. Сол драматургтер мен қаламгерлер арасында байланыс жоқ сияқты. Кезінде Шахимардан мен Қалихан Ысқақтың бірігіп жазған "Қазақтар" спекталі қандай еді. Үлкен деңгейде жүрді. Жақсы қабылданды. Соның өзі жарқын мысал, жазушылар мен драматургтердің байланысы қандай болуына. Сондай байланыстар қажет. Сондықтан, драматургия бойынша жастардың ресми-бейресми басқосуларын ұйымдастыру керек. Әйтпесе, бізде, драматургия шынында да қартайып бара жатыр.
Ал, балалар әдебиетінде шығып жатқан кітаптар, жазып жатқандар баршылық. Бірақ олардың да саны тым аз. "Дарабоз" сияқты балалар әдебиетіне арналған байқаулар болып тұратын. Кейін кезде ол да үзіліп қалды. Сол конкурстың негізінде біраз автордың кітабы жарық көрді. Бірақ солардың ішінен кең таралып оқылғанын көрмедім. Енді балалар әлеуметтік желілерде, видеохостингтерде балаларға арналған контент қарап отырады. Бірақ бұл балалар кітап оқымайды деген сөз емес. Балалар кітапты жақсы оқиды. Олар енді шетел әдебиетінің аударма шығармаларын оқып жатыр. Бізде аудармашылар жақсы дамыды. Бәсекелестік орнады. Хәрри Поттер сериясы жақсы таралыммен өтті. Мұның өзі балалар әдебиетіне сұраныс бар дегенді білдіреді. Бірақ сол сұранысқа жауап беретін әдеби контент нашар болып тұр. Бұл жерде біреуді кінәлауға болмайды. Тек талпыныс қажет деп ойлаймын.
Осы екі жанрдағы айтылған мәселелер олардың дамуына кедергі келтіріп тұр.
Т. Раушанұлы