- Негізгі бет
- Әдебиет
- Өмірі шытырманға толы...
Өмірі шытырманға толы Эрнест Хемингуэй
Бүгін Саддам Хусейн, Муаммар Каддафи сынды диктаторлар сүйіп оқыған ХХ ғасырдың әйгілі жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Эрнест Хемингуэйдің туған күні.
⠀Соған орай жазушы жайлы қызықты деректерді ұсынамын:
• Ауқатты отбасында туған. Әкесі дәрігер, шешесі опера әншісі.
• Эрнесттің атын нағашы атасының құрметіне қойған. Бірақ жазушының өзі бұл есімін ешқашан ұнатпаған.
• Бала күнінде шешесі оны қыз сияқты киіндіріп, шашын алғаш рет алты жасында алған. "Қуыршақ" деп еркелеткен. Жазушының өзі бір сұхбатында шешесін жек көргенін айтады.
• Әкесі балаларын белбеумен сабайтын болған. Ұлын төрт жасынан аңға шығуға, балық аулауға үйретеді. Осылай өскен Эрнест өмір бойы жабайы табиғатқа саяхаттағанды жақсы көрген.
• Алғашқы қаруын атасы 12 жасында сыйға тартқан. Атасының ертегісін тыңдап өскен.
• Өз айтқанын істейтін бірбеткей, қырсық бала болған.
• Жазуға отырған кезінде жаңғақ майы мен пияз қосылған бутерброд жегенді ұнатыпты. Өзі де тамақты дәмді әзірлеген. Тіпті газетке алма пирогының рецептісін де жариялаған.
• Шығармаларының көбісін жатын бөлмесінде жазған. Тікесінен тік тұрып жұмыс істегенді ұнатқан. Бір күнде жеті қарындаш тауысатын кездері болған.
• Көпшілік алдына шығып сөз сөйлеуден қатты қорқыпты. Оқырманы мен сыншылардың мақтауы мен мадағына сенбеген.
• Автограф беруді мүлде ұнатпаған. Бірде үш ай бойы соңынан қалмай қойған оқырманына "Жоқ" дегенді түсінбейтін иттің баласына" деп қолтаңба берген екен.
• Бірде өзі жиі баратын кафеден дәрет сындыратын писсуарды ұрлап әкетіп, үйіне орнатып алған. Кейін «ол кафеде көп ақша шашқанын, сондықтан ол затты алуға құқылы» екенін айтқан.
• Теңізден балық аулағанды ерекше жақсы көрген. Ауын акулалардан қорғау үшін катеріне пулемет орнатады. Бір күнде жеті марлин аулап, әлемдік рекорд жаңартқан.
• Шығыс Африкадағы сафарилерде ұзақ уақыт аң аулауды ұнатқан. 3 арыстан, 27 антилопа мен буйвол аулаған.
• Кеңес агенттерімен жұмыс істесіп, «Арго» деген агент атын алған. Бірақ агент болып жарытпаған.
• Мысықты жақсы көрген. Алты тырнағы бар Снежок атты сүйікті мысығы болған.
• Әйел затының назарынан кенде болмаған. Достары мен таныстарына қанша көңілдесі бар екенін, ауқатты арулармен көңіл жарастырғанын айтып мақтанғанды ұнатыпты. Қорғауды қажет етпейтін, сафариге бірге шығатын мықты әйелдерді ұнатқан деседі.
• Төрт рет үйленіп, төрт әйеліне бір бір кітап арнаған. Бірінші әйелі Хэдли Ричардсонға – "Восходит солнце", екінші әйелі Паулин Пфайфферге – "Смерть после полудня", үшінші әйелі Марта Геллхорнға – "По ком звонит колокол", Мэри Уэлшке – "За рекой в тени деревьев".
• Өмір бойы өзін бақытсыздық қоршап жүргендей сезінген. Әкесі, ағасы мен әпкесі, немересі өз өздеріне қол салып қаза тапқан.
• Өмірінде сібір жарасы, безгек, тері рагы, пневмония, сусамырмен, гепатитпен, гипертониямен ауырған.
• Өмірінің соңғы жылдарында паранояға шалдығып, өзін ФБР аңдып жүргеніне сенімді болған. Тіпті ауруханада емделіп жатқанда да досына хабарласып, емханада тыңдау құрылғылары орнатылғанын айтады. 50 жылдан кейін шынында жазушының соңына аңду салынғаны анықталады.
• 1961 жылы, ауруханадан шыққаннан кейін өзінің қосауыз мылтығынан өз-өзіне оқ атып, көз жұмады. Осы маркалы қаруға кейін жазушының аты берілген.
P.S. Нумерологиясы: Асқан талант иесі. Матрицасында басқа қасиеті емес, дәл осы қарым-қабілеті айқын көрінеді. Бақты да, талантты да үйіп-төгіп берген. Мақсатшыл, кекшіл, ашушаң, ұшқалақ. Рухани жағынан да, физикалық жағынан да бірдей дамыған. Бірақ психологиялық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да төзімсіз. Эмоциясы тұрақсыз. Қолында ақша тұрмайды. Қара жұмыс пен қаражатқа епсіз. Жұлдызы – Шаян.
Ақбота Әбілтайдың facebook парақшасынан алынды