- Негізгі бет
- Әдебиет
- Олжас Сүлейменов: Шекспирі...
Олжас Сүлейменов: Шекспирі жоқ елдің Ньютоны да болмайды
Менің өзімнің қыздарымның да классикалық әдебиетті негізінен сол шығармалардың экрандалған нұсқалары арқылы білетіні қинайды. Өткен жылы Ресей теледидарындағы (Парижде ОРТ көрсетеді) бір хабардан елдің ересек халқының 40 пайызы жыл бойында бірде бір кітап оқымайды деген мәліметті естідім. Қазақстандағы жағдай одан жақсырақ деп ойламаймын.
Қазір жұрт кітап десе Интернетті алға тартатын болып алған. Ал Жапонияда кейінгі кезде жұрт бұрынғыдан көбірек оқи бастапты, кітаптардың таралымы көбейіпті. Өйткені ондағылар компьютер ұлттың көзін нашарлатады деп тоқтам жасаған. Қазір елеулі шығармалардың бәрі, бүкіл классика Интернетке салынғаны рас, бірақ оларды экраннан оқып тауысу шынында да көзге қатер. Кітап оқу арқылы адам бүкіл адамзатпен тілдесе алады. Бүкіл адамзаттың мыңдаған жылдар бойы жинаған даналығын бойына сіңіре алады. Әсіресе, көркем әдебиеттің жөні бөлек. Ол сезім мәдениетін, ой мәдениетін қалыптастырады, адамның қабілетін шыңдайды, талантын оятады. Әйтсе де осы көркем әдебиетке байланысты бір қызық жай бар. “Жоғалсын цензура!” дедік. Жоғалды. Жоғалып еді, енді өзіміз абдырап қалдық. Бәрін жазуға болады, бірақ не жазарыңды білмейсің! Сөйтсек, нағыз әдебиет тек күрес жағдайында, цензурамен, мемлекеттің қысымымен текетірес жағдайында ғана толыққанды дами алады екен.
Совет заманындағы цензура тіпті әдебиеттің астарлы ойлы, қат-қабатты, күрделі болып келуіне әсер етті ме деймін. Біз оқырман халық ретінде қалыптасып қалып едік. “Жұлдыздың” таралымы 250 мыңға жақындаған болатын. Қазақ романдары 50-60 мың данамен тарайтын. “Жазушы” мен “Жалын” деген екі баспамыз жылына 20 миллион дана кітап шығаратын. Әр үйде дерлік жеке кітапхана болатын. Сол халық қайтадан көрермен халыққа, тыңдаушы халыққа айналып барады. Мықты әдебиетті мықты оқырман ғана қалыптастырады. Бүгінгі әдебиеттегі тоқыраудың басты себебі – оқырмандардың тоқырауы. Сұраныстың азаюы. Бұл айтқаным таралымы 160 мыңдық “Егемен Қазақстан” арқылы қазақ жұртына барынша кеңінен жетсін деп отырмын.
Біздің ағайындар ауыз ашса кітаптың қымбаттығын айта береді. Кітаптың жанында түкке тұрмайтын нәрселерге ақша аямай жатамыз. Қазақ халқының өсуі үшін қазақ тілінің өсуі керек. Қазақ тілінің өсуі үшін қазақ әдебиеті өсуі керек. Қазақ әдебиетінің өсуі үшін оның таралымы өсуі керек. Оның таралымы өсуі үшін қазақ әдебиетін қадірлейтін, оқитын адамдардың қатары өсуі керек. Дүкеннен қазақ кітаптарын сатып алу арқылы-ақ сіз қазақ тілінің өсуіне көмек көрсете аласыз. Кітабы молынан тараса, өз шығынын ақтаса, баспаға табыс түсірсе, авторы қаламақы алады, тұрмысын түзейді, көңілі көтеріледі, жаңа шығармаға кіріседі, шабыттана кіріседі. Талантты жазушының қаламынан шыққан кітап тілді байытады, тіл елді байытады.
Кез келген елдің шығармашылық әлеуеті бүгінде экономикалық көрсеткіштерден ғана танылмайды. Елдің әлеуеті кітап өнімдерінің санынан да, сапасынан да көрінуі керек. Әсіресе, әдебиетінен. Шекспирі жоқ елдің Ньютоны да болмайды. Осыны ұмытпайықшы!
(Олжас Сүлейменовтің "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатынан үзінді. 2010 жыл)
Дереккөз: ult.kz
Г. Берік