- Негізгі бет
- Әдебиет
- Оқулықтағы былық: әдебиет...
Оқулықтағы былық: әдебиет оқулығын құрастырушылар белгілі ақынның өлеңдерін басқа атпен жариялаған
2022 жылы "Атамұра" баспасынан шыққан, 2-4 сыныптаға арналған "Әдебиеттік оқу" кітабына қатысты дау шықты. Кітап құрастырушылары балалар ақыны Қуат Адистің өлеңін белгілі ақын Қастек Баянбайдың атымен жариялап жіберген. Massaget.kz порталы Қуат Адиске хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтады.
Қуат Адистің айтуынша, кітап құрастырушылары өлеңнің авторын нақтылауға құлқы болмаған немесе ерінген.
"Жауапкершілік барлық жұмыста да болуы керек қой. Бірақ, ұрпақ тәрбиесі үшін қолға алған игі жұмыста жауапсыздық танытқандарға не деуге болады? Бұған дейін де мектеп оқулықтарындағы өрескел қателіктер айтылып, жазылып келеді. Әйтсе де, тыныс белгілері немесе әріптік қателер емес, тұтас туындының авторларын шатастырғандарын түсіне алар емеспін", - дейді ол.
Ақын тіпті оқулық авторлары хабарласып, кешірім сұрамағанын да айтады.
"Баспа өкілдері маған хабарласты. Түзету туралы талап қойдым. Келер жылы түзетеміз деді. Бірақ бір жыл бойы балалар менің өлеңімді басқа автордың атынан оқиды ғой. Ал оқулықты құрастырушыларға қарным ашып отыр. Олар менің алдымнан өтіп, кешірім сұрамады не ресми түрде мәлімдеме жасамады. Әр істің жауапкершілігі болады емес пе? Мен әлеуметтік желіде осы мәселені көтеріп жазба жариялағын едім, соның астына авторлар комментарий қалдырыпты. "Жай сөз болып жатыр екен" дейді. Мен оның жай сөз емес, дауға айналып, үлкен мәселе туып жатқанын айттым. Оларға менің авторлық құқығымның бұзылуы болмашы нәрсе сияқты болып көрініп тұр", - дейді Қуат Адис.
Балалар ақынының құқығы бірінші рет бұзылып тұрған жоқ. Бұған дейін де басқа кітап құрастырушылары оның өлеңдерін пайдаланған.
"Енді тағы бір мәселені айтайын, осыдан 2-3 ай бұрын қызымның оқулығынан өзімнің бір шумақ өлеңімді көріп қалдым. Ол басқа өлең. Бір шумақ өлеңімді "Балдырғаннан" алынды" деп авторын көрсетпей қойыпты. Балдырғаннан алса, ол журналда шығарманың авторы міндетті түрде жазылып тұрады ғой. Ол кезде үндеген жоқпын. Енді мынау, қызым көрсетіп, "Сіздің атыңыз Қастек Баянбай ма?" деп отыр. Себебі ол барлық өлеңімді жатқа біледі", - дейді ақын.
Қуат Адис өлеңнің жазылу тарихына тоқталып, оның пандемия кезінде туған шығарма екенін айтады.
"Пандемия кезінде балалар да ауырып қалып жатты. Бұл өлең сол кезде туған еді. Балалар ауырып, дәріханадан дәрі сатып алғанша, ауырмайтын жол іздеп, жеміс-жидек жесін деген үндеу еді. Балалар қазір жеміс жемейді, сондықтан олардың иммунитеті төмен. Соны балалар арасына насихаттау керек шығар. Сол идеядан 22 шумақ өлең жазылып, ол бүкіл газет-журналда жарияланған болатын. Жақында шыққан кітабымның атауы да осы өлең атымен "Дәрумендер дауасы" деп аталған еді", - дейді өлең авторы.
Қуат Адис авторлардың әлгі жауабына қанағаттанбай, енді оларды сотқа беремін дейді.
"Оқулық құрастырушылары мені масқаралап отыр. Қуат Адистің өлеңдерін жаттаған оқушылар оқулықтан оның авторы басқа екенін көрсе "мені ұрлап жазып жүр екен" деп айтпай ма? Мені ыңғайсыз жағдайға қалдырды, алаңдататыны да сол. Бұлар менің авторлық құқығымды ғана бұзып қоймай, "плагиат ақын" атандырып, абыройыма нұқсан келтірді. Мен оны қай мұғалім, қай оқушыға түсіндіріп жүремін. Сондықтан оқулық құрастырушыларын менен кешірім сұрамағыны үшін, менің авторлық құқығымды ұсақ-түйекке балағаны үшін сотқа беремін", - дейді ақын.
Ал оқулық құрастырушылары бұл мәселе бойынша желіде мынадай жазба қалдырыпты:
"Бірер күннен бері әлеуметтік желіде 2-сыныпқа арналған "Әдебиеттік оқу" оқулығында Қуат Адистің "Алма" деп аталатын өлеңі белгілі ақын Қастек Баянбайдың атынан жарияланып кеткені жайлы сөз болып жатыр. Сол оқулықтың авторлары ретінде бұл олқылықтың неден кеткенін түсіндіргіміз келеді. Әдетте біз мұндай туындыларды балаларға арналған белгілі мемлекеттік басылым - "Балдырған" журналының ресми сайтынан алып тұрамыз. Бұл жолы да солай болды. Бір өкініштісі, кейін қайта тексергенде журналдың сайттағы нұсқасына Қастек Баянбайдың аты-жөні салынып кеткенін білдік. Қазір де солай тұр (сілтемесін қоса беріп отырмыз) (қазір сайтта түзетілген - авт.). Тағы айта кетеріміз, "Білім ал", "Жарар" деген сайттарда да бұл өлең Қ. Баянбайдың атымен берілген екен (сілтемелері көрсетілді). Дегенмен қателіктің орын алғаны рас, сондықтан авторлар ұжымы атынан Қуат Адистен осы олқылық үшін кешірім сұраймыз", - делінген оқулық авторлары Б. Т. Қабатай, В. А. Қалиева, Ү. К. Зейнетоллиналардың атынан жазылған пікірде.
"Балдырған" журналының бас редакторы Дүйсен Мағлұмовтан неге журналға автор атымен шыққан өлеңдер сайтқа жарияланғанда басқа адамның атымен шыққанын сұрадық.
"Балдырған журналының 4-бетінде Қастек Баянбайдың бір өлеңі тұр. Ал 4-6-беттерде Қуат Адистің өлеңі жарияланған. Қателік бұл жерде сайтқа салушы қызметкерден болып тұр. Қатар тұрған авторлар атын көрмей қалған болуы мүмкін. Журналдың редакциясынан ешқандай қателік жоқ. Ал сайтта жұмыс істеген қызметкер қазір бізде жұмыс істемейді. Қазіргі жауапты қызметкердің оған түк қатысы жоқ", - дейді Дүйсен Мағлұмов.
Ол оқулық құрастырушылары өлеңдерді сайттардан емес, "Балдырған" журналынан алу керек екенін айтты.
"Алдымен айтарым, кітап құрастырушыларының сайттан өлеңдер алып, оқулық құрастыруына құқығы бар ма екен?! Неге авторға хабарласпайды немесе бізден келіп сұрамайды. Оқулық құрастырушылары "Балдырғаннан" жиі көмек сұрайды. Мысалы, үшінші сыныптың "Ана тілі" оқулығын құрастырған қарындасымыз қолхат жазып тұрып, "Балдырған" журналының бұрынғы шыққан сандарын алып кетті. 2 айдан соң қайтып әкеп берді. Оқулық құрастырушы авторлар осылай жұмыс істеуі керек қой", - дейді бас редактор.
Айта кетейік, Қуат Адис Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққыр ауылында 1978 жылы 14 тамызда дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі және Қазақстан журналистер одағының мүшесі. "Көңіл керуені", "Қоңырбек пен Содырбек", "Кемпірқосақ" атты кітаптары жарық көрген. Өлеңдері "Жыр маржаны" атты қазақ поэзиясының он томдық антологиясына және бірнеше ұжымдық жыр-жинақтарға шыққан, сонымен бірге жас оқырманға арналған шығармалары 2015 жылы ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі Тілдерді дамыту жəне қоғамдық-саяси комитетінің тапсырысы бойынша шыққан "Бәсіре", ҚР тұңғыш президент қорының қаржылай қолдауымен "Тәтті алма" жинақтарына енген, өлеңдері республикалық балалар басылымдарында жиі жарияланып келеді.
Т. Раушанұлы