2020 жылы Нобель сыйақысына 1 миллион швед кроны қосылып, сыйлыққа берілетін ақша қайтадан 10 миллион кронға (1 миллион доллар) жетті.
Соңғы 8 жылда Нобель қорының кірісі артқан, сондықтан сыйлық мөлшерін көбейту туралы шешім қабылданған. Бұл туралы қордың басшысы Ларс Хайкенстен хабарлады.
Оның айтуынша, 2012 жылдан бастап қордың капиталы 3 миллиард кроннан 4,6 миллиард кронға дейін (300 миллионнан 460 миллион долларға дейін) өскен, бұл сыйақылар мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндік берген.
2011 жылға дейін сыйақы мөлшері 10 миллион крон болса, кейін қордың кірісінің төмендеуіне байланысты 8 миллион кронға дейін азайтылған. 2017 жылдан бастап ақшалай сыйлық 9 миллион кронға дейін ұлғайтылды.
Биылғы Нобель сыйлығы лауреаттарының иелері 5 қазанда белгілі болады. Алайда, биыл коронавирус індетіне байланысты марапаттар иелеріне онлайн түрде табыс етіледі.