- Негізгі бет
- Әдебиет
- "Нобель" сыйлығын алған...
"Нобель" сыйлығын алған азиялық қаламгерлер
Нобель сыйлығы – жоғары ғылыми тәжірибелер, төңкерістік жаңалықтар, мәдениет және қоғамның дамуына қосқан үлкен қызметтері үшін берілетін жоғары сыйлықтардың бірі. Нобельмен ерекше тұлғалар ғана марапатталады. Тек қана бейбітшілік саласына берілетін сыйлық бұдан өзгеше. Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығы ресми және қоғамдық ұйымдарға да берілуі мүмкін. Ереже бойынша бір адам тек қана бір рет Нобель иегері атана алады. Бірақ белгіленген заңның тарихта бірнеше рет бұзылған жағдайлары кездеседі. 1968 жылдан бері сыйлықты бір уақыттың ішінде (бір сала бойынша ) үш кісіден артық адамдарға берілмеуі де заң ретінде бекітілді. Үміткерге сыйлық берілуі хабардар етілген уақытта тірі болып (бұл әдетте қазан айына тура келеді), сол жылдың 10 желтоқсанына дейін өмірден өткен болса, оған осы сыйлық қайтыс болған соң да берілуі жайында үкім 1974 жылы қабылданған. Нобель сыйлығы Альфред Нобель өсиетнамасы бойынша белгіленген.
Бұл сыйлықты Азия қаламгерлерінің 9-ы алған. Азия қаламгерлері арасынан алғаш болып 1913 жылы үнді ақыны, философы, қоғам қайраткері Рабиндранат Тагор. Одан кейін араға 55 жыл салып, 1968 жылы Ясунари Кавабата алды. 1988 жылы Әдебиеттен Нобель сыйлығын жеңіп алуға қайраты жеткен Мысыр жазушысы – Нажиб Махфуз. Бұдан кейін Азиялық қаламгерлер ішінен Кэндзабуро Оэ, Видиадхар Сураджпрасад Найпол, Орхан Памук, Мо Янь және Кадзуо Исигуро алды.
Рабиндранат Тагор
Рабиндранат Тагор – 1861 жылы 6 мамыр күні Бенгалия астанасы Калькуттада танымал, әулетті отбасында 14-перзент болып өмірге келеді. Әкесі Махариши Дронат Тагор брахман болып, Үндістандағы қасиетті орындарды жиі аралап тұрған екен. Тагордың анасы ол 14 жасқа толғанда қайтыс болады.
1913 жылы Швед Академиктері Рабиндранат Тагорды "терең мәнге, поэзиялық ойлауы ерекше сезімге ие болған, ақылды өлеңдерімен батыс әдебиетінің бір бөлігіне айнала алғаны үшін" "Нобель" сыйлығына лайық деп табады. Марапатау рәсімінде сөз алған Швед академиктерінің мүшесі ғалым Харальд Йерне оларға ақынның ағылшын тіліне аударылған "Құрбандық әуендері" (Гитанджали) өлең топтамасы аса ұнағанын айтып, "батыс пен шығысты бірлестірген көпір" деген баға береді. Марапаттау кезінде Тагордың өзі АҚШ-та болып келе алмағандығы себепті сыйлықты Англияның Швециядағы елшісі алады.
Соңғы отыз жылын Тагор Еуропа, Оңтүстік және Солтүстік Америка, Азияға сахаттаумен өткізеді. Оның 68 жастан бастап сыза бастаған суреттері Мюнхен, Нью-Иорк, Париж, Мәскеу қалаларында көрмелерде қойыла бастайды. Тагор Үндістанның төрт университеті, сонымен бірге Оксфорд университетінің құрметті докторы атанады. Рабиндранат Тагор ұзақ уақытқы аурудан соң 1941 жылы Калькуттадағы үйінде қайтыс болады.
Ясунари Кавабатаның "Нобель" сыйлығын алып тұрған сәті.
Ясунари Кавабата – жапон жазушысы, Нобель сыйлығының иегері. 1899 жылы Осакиге (Жапония) жақын Акутагава ауылында туған. Оның шығармалары ұлттық дәстүрге негізделген, сондай-ақ заманауи әдебиеттің әдістерін еркін қолдана білген.Кавабата Ясунари осы повесімен және "Қар елі", "Мың тырна" атты туындыларымен оқырмандарын таңдай қақтырып, Жапония жазушыларының арасынан тұңғыш рет 1968 жылы Нобель сыйлығын алған жазушы. Ол өз шәкірті, көрнекті жазушы Мисиманың 1970 жылы самурайлық дәстүрмен қарнын жарып өлген ауыр қазасын көтере алмай 1972 жылы өзіне улы газ қолданып қаза тапқан.
Нажиб Махфуз
Нажиб Махфуз (11 желтоқсан, 1911 – 30 тамыз, 2006) 1988 жылы Әдебиеттен Нобель сыйлығын жеңіп алуға қайраты жеткен Мысыр жазушысы. Ол Тауфиқ әл-Хакиммен бірге қазіргі заманның араб әдебиетінің көшбасшыларынан болып есептеледі. Ол өзінің 70-жылдары жазушылық ғұмырында 50-ден аса роман, 350-ден аса қысқа мысалдар, көптеген киноға арналған сценарийлер жәнe 5 пьeса жазып қалдырған. Оның ең атақты жұмысы – "Каир трилогиясы".
Каирдегі Мухандисин ауданында, Нагиб Махфуздың тірі кезінде қоладан жасалған ескерткіш тұрғызылады. Ол 2006 жылы 29 тамызда қайтыс болды.
Кэндзабуро Оэ
Кэндзабуро Оэ (31 қаңтар 1935 жылы туған) — жапон жазушы-гуманисті, Нобель сыйлығының иегері. 20-дан астам роман мен повестің, бірнеше әңгімелер жинағының және көптеген эсселердің авторы. Жазушының публицистикалық және көркем туындылары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
Оның ақындық қуат арқылы шындық пен мифке құрылған әлемді жаратып, бүгінгі өмір қиындықтарын мінсіз түрде шығармаларында баяндағаны үшін” 1994 жылы Швед академиктері әдебиет саласындағы “Нобель” сыйлығына лайық деп тапты.
Гао Синцзянь – қытай драматургі, прозашы, новеллашы, сыншы. Парижде тұрады. 2000 жылғы әдебиет аталымы бойынша Нобель сыйлығының иегері. 1940 жылы 4 қаңтарда Қытайдың Ганьчжоу жерінде дүниеге келген. "Рух тауы" ("灵山") романының, "Күзгі гүлдер" әңгімесінің авторы.
1962 жылы Пекин шет тілдер университетін тамамдағаннан кейін, Қытай халықаралық кітап дүкеніне аудармашы болып қызметке тұрады. 1971-1974 жылдар аралығындағы кадрлық қызметкерлердің мектебі жүргізілгенде, Уән Нәншән ауданының ауылына орта мектеп оқытушысы болып қызметке тұрады. 1975 жылы Пекинге оралады. 1977 жылы сыртқы байланыстар комитетінің мүшесі болып қызмет атқарады. 1978 жылы өз шығармашылығын бастайды. 1979 жылы «巴 金 在 巴黎» санвэн, « 寒 夜 的 星 辰» романы жарық көреді. 1981жылы Пекин ұлттық көркем театрына сценарист болып тағайындалып, драммалық шығармаларын жазды.
Видиадхар Сураджпрасад Найпол
Видиадхар Сураджпрасад Найпол – британиялық жазушы. Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты (2001). Найпол Тринидад аралдарындағы Чагуанас деген шағын қалада дүниеге келді, ол кезде қала британдықтардың колониясы болған. Оның әкесі Сиеперсад Найпол журналист болып "Тринидад Гвардияға" 1929 жылдан бастап әңгімелер жазған. Содан кейін провинцияның тілшісі болып қызмет еткен. Әкесінің жазуы, Найпольдің жазушылықты таңдауына қатты әсер етті. Найпол 1971 жылы “Еркін елде” шығармасы үшін Букер сыйлығын иеленді. 2001 жылы “Бізге талқылауға әдетте рұқсат етілмейтін фактілер туралы ойлауға мәжбүр ететін шыншыл шығармалары үшін” “Нобель" сыйлығына лайық деп табылды.
Орхан Памук
Ферит Орхан Памук — түрік жазушысы, бірнеше ұлттық және халықаралық әдеби сыйлықтардың лауреаты, соның ішінде, Нобель сыйлығын иеленген (2006). Армяндарды жаппай қыру мен Түркиядағы күрттердің дискриминациялануына қарсылық білдірген азаматтық позициясымен танымал. Памук 1952 жылы 7 маусым күні Стамбул қаласында дүниеге келген. Ол Стамбулда орналасқан американдық Robert College-де білім алды. Колледж бітірісімен, отбасы талабымен Стамбул техникалық университетіне оқуға түседі, алайда 3 жылдан соң, кәсіби жазушы болу үшін оқуын тастайды.
1977 жылы Памук Стамбул университетінің журналистика институтын аяқтайды. 1985-1988 жылдары аралығында АҚШ елінде өмір сүріп, Колумбиялық университетте (Нью-Йорк) қызмет атқарады, бірақ кейін отанына қайтып келеді. Ол 2007 жылға дейін Түркияда тұрады, алайда Грант Динктің қаза тапқанынан соң, қайтадан Нью-Йоркке қоныс аударады. Атақты жазушының тұңғыш үлкен туындысы – стамбулдық жанұяның бірнеше ұрпағының тарихы жайлы баяндалатын «Джевдет-бей мен оның ұлдары» атты отбасылық романы. "Ақ қамал" (1985) тарихи романы жазушыға шетелде үлкен танымалдылық әкелді. New York Times: "Шығыста жаңа жұлдыз пайда болды, ол – түрік жазушысы Орхан Памук" деп жазған еді. Жазушының «Қара кітабы» түрік әдебиетінің ең даулы да ең танымал туындылары қатарына енген. 1992 жылы Памук "Қара кітап" мотиві бойынша "Жаңа өмір" фильміне сценарий жазды.
Фильмді түсірген танымал түрік режиссері Омен Кавур. 2003 жылдың 14 маусым күні Памук "Менің атым Қызыл" романы үшін халықаралық дублин сыйлығы IMPAC-пен марапатталды. Бұл әдебиет саласындағы ең үлкен қаржылай сыйлық (100 мың евро). Жазушы шығармашылығының негізгі тақырыптары - батыс пен шығыс, ислам мен христиан, дәстүр мен қазіргі заман арасындағы жанжал мен қарсылық.
Мо Янь
Мо Янь – 1955 жылы қытайдың Шандоң өлкесiнiң Гауми ауданында дүниеге келген. Қытайда "«Мәдениет төңкерiс" жүрiп жатқандықтан ол бастауыш мектептен кейiн оқудан шығып қалады. 1976 жылы әскер қатарына шақырылып, 1997 жылы ғана босаған. 1981 жылдан бастап шығармалар жариялай бастайды.
"Мо Янь" оның бүркеншiк аты. Өз аты — Гуан Моие. "Мо Янь" деген қытай тiлiнде "тiл қатқаным жоқ" дегендi бiлдiредi. Жазушы Швед әдебиет академиясы айрықша атаған "Қызыл арпа" повесiн 1985 жылы жариялаған. Шығарма өткен ғасырдың 30-жылдарындағы тарихи оқиғаларды өзек ете отырып, патшалық жойылғаннан (1912 жылы қытайда шүршiттер құрған Чин патшалығы құлады) кейiнгi қытай қоға мы туралы баяндайды. Iшкi соғыс, жапондардың басып кiруi, жаңа таным мен ескiлiктiң тартысы, адам тағдырының тәлкегi шығармаға өзек болған.
Мо Ян 2011 жылы "Бақа" дейтін шығармасымен Қытайдағы ең үлкен әдеби сыйлық − "Мау Дүн" әдебиет сыйлығын, ал, 2012 жылы “Халық ертегісін қазіргі заманмен үйлестіретін оның керемет реализмі үшін” Нобель сыйлығын алды.
Кадзуо Исигуро
Кадзуо Исигуро — 1954 жылы Жапонияның Нагасаки қаласында дүниеге келген. 1960 жылы әкесі Сидзуо Исигуро Жапон елінен Ұлыбританияға көшіп келеді. Ал 1982 жылы Исигуро Кадзуо ағылшын азаматтығын алады.
Кадзуо 1974-78 жылдары Кент университетінде ағылшын және философия бакалавр мамандығын алып шығады. Жазушының есімі оқырмандарға "Біз жетім болғанда...", "Ноктюрндер: музыканың 5 тарихы түннің басталуы", "Жанұялық кешкі ас", "Жерленген алып" романдары арқылы кеңінен таныс. Кадзуоның шығармалары бүгінге дейін әлемнің 30-ға жуық тіліне аударылған. Швед академиясының хабарламасында сыйлықтың "автордың таңғажайып эмоционалды қуатқа ие романдарында әлем мен шыңырау арасындағы байланыстың бұлдыр бейнесін көрсете алғаны үшін" берілгені айтылады.
Автор өзінің "Күнжарым" атты үшінші романы үшін әйгілі Букер сыйлығын да жеңіп алған.
2015 жылы жазылған "The Buried Giant" атты кейінгі романы оқырмандар арасында жоғары бағаға ие болды. Жазушының көптеген шығармалары ағылшын, неміс, француз, швед, испан тілдерінде жарық көрген.
Т. Раушанұлы