Бүгін – Қазақтың біртуар ақыны, мемлекеттік сыйлықтың иегері Мұқағали Мақатаевтің туған күні. «Өмір-өзен», «Жылап қайттым өмірдің базарынан», «Дариға-жүрек...», «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) кітаптарының авторы көзі тірі боланда 88 жасқа келер еді.
Ақынның мерейтойына байланысты еліміздің әр аймағында түрлі іс-шаралар өтуде. Кеше Алматы қаласындағы Жазушылар Одағының ұйытқы болуымен Әдебиетшілер үйінде Мұқағали Мақатаевтың туған күні «Қабырғасыз әлем. Шекарасыз өлең» атты дүниежүзілік әдеби акциясының аясында өтті.
Аталған кешке жазушылардан бөлек, әнші-сазгерлер қатысып, ақынның сөзіне жазылған әндер шырқалды. Сонымен қатар, ақынның өлеңіне негізделген театрландырылған қойылым сахналанды. Кештің шымылдығын ашқан Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып «Қабырғасыз әлем. Шекарасыз өлең» акциясының мақсаты мен мәніне тоқталып, халықаралық іс-шараға қазақ қаламгерлерінің үнін жеткізіп, Фернандо Рендонның «Дүниежүзілік поэзия қозғалысының» үндеуін оқып берді.
Сондай-ақ, 8 ақпан күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Есіңе мені алғайсың...» атты әдеби сазды кешң Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет сарайында өтті.
Еске алу кешіне Жұлдыз Мұқағалиұлы мен келіні Бақытгүл Айдарова, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан және Алматы облысы, Қызылорда облысы, Түркістан облысы, Шымкент қаласының ақындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ақынның туған күні қарсаңында бас қосқан оңтүстік аймақтық ақындардың арасында «Ақынға парыз көп ойлау, Артық та емес доп ойнау» атты кіші футболдан жолдастық кездесу өтті.