Мұқағали, Әбіш және Асқар Сүлейменов

Мұқағали, Әбіш және Асқар Сүлейменов

…Телефон қылғына шырылдайды…

«Құдауанда, мыналар мені пісіріп жейтін шығар бір күні… Мені қойшы, Шерағаңды шерменде қылатын болды ғой. Таяқ жейтін сол. Бүйте берсе, орнын босаттырары анық. Одан да опық жегізер оқиғаның алдын алған абзал. Енді соза беруге болмас, ақырғы шешімге келу керек…»

Әбіш ауыр қозғалып, орнынан тұрды. Қолындағы сағатына қарады. Дағдылы жұмыс уақыты аяқталуға сәл-ақ қалған екен. Бөлмеден шыға бере, ішін көзімен бір шолып өтті. Біреу апыл-ғұпыл, асығыс қарап, орнына дұрыстап қоймаса керек, терезе алдында жатқан газет тігіндісі қисайып қалыпты. Шалқасынан, теріс қарап жатыр. Бетіндегі қатырма қағаздың астынан «…шіл жас» деген жазуы жартылай көрінеді. «Соңыра түзетіп қоярмын», – деп ойлады бұл…

…Телефон безектеуін қояр емес…

Есікті нығырлай жапты да, аяғын ақырын басып, бас редактордың бөлмесіне қарай аяңдады…

Бастық оңаша отыр екен. Алдында қобырап жатқан көп қағаздан басын көтеріп, қалың қасын керіп, бұның бейуақыт жүрісіне таңырқай қарады. Әбіш оның қарсы алдындағы орындыққа жайғасып, асықпай жағдайын айта бастады.

– «Көп тұрса, көл ашиды» деген. Жұрттың қаңқуы ұлғайып барады. Сізге қырсығым тимесін, Шераға. Рұқсат беріңіз. Мен баспасөзден кетемін. Күнімді бірдеңе етіп көрермін, – деді бұл, өз шешімінің тас-түйін екенін білдіріп.

Шерхан алдындағы қағазды ысырып қойып, бұның бетіне туралап қарады.

– Әй, Әбіш, сен маған өкпелеп жүргеннен саусың ба?! – деп, гүр ете қалды.

– Ойбай, асакет Алла, ақ тоба! Неге өкпелеймін? Бәріне ризамын!..

– Онда бұл сөзіңді қой! Жұрт не демейді?!. Бәрімізді де күйдіріп жатыр. Шыдай тұр. Сен туралы ойларым бар. Оны кейін сөйлесерміз…

«Енді бара берсең болады» дегендей, қобыраған қағаздарын реттей бастады. Әбіш оның қимылын бірер сәт бақылап отырды да, мол пішілген денесінің әрбір қозғалысымен «бұл әңгіме әлі аяқталған жоқ» дегенді білдіріп, үн-түнсіз шығып кетті…

Өз есігінің алдына келіп, тыңдап көріп еді, телефон әлі шырылдап жатыр екен. Бөлмесіне кірмей, дәліздегі терезе жаққа қарай аяқ басты. Жағалай жабық есіктердің ар жағынан телефондардың шырылы жарыса естіледі. Қара шегірткенің шырылындай үздіксіз шырыл күллі дәлізді басына көтеріп жатқандай көрінді Әбішке.

«Қызғаныштан жарылып өлер ме екен өңшең қиқым?!.. Жастардың республикалық басылымында Мұқағалидің лирикалық дастаны тұтасымен жарияланғанын көре алмай, қылғынып жатқандарын көрмейсің бе?!. Жалғыз Мұқағали ма екен, шығармашыл жастардың бәріне де көлемді аямай-ақ беріп жатырмыз ғой. Баспасөз бетінде шөкім-шөкімнен әрі аса алмай жүрген Оспанхан, Әділбек, Қадыр, Жұмекен, Сабырхан, Өтежан, Жүсіп, Құдаш, Қанипа, Төлеген, Қайрат… ешкімді алалап жатқан жоқпыз… Шерағаңа рахмет, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушілігіне шақырып алып, тізгінді ұстатып қойды да, еркін құстай еркіндік берді. Шағаладай шарықтай бер! «Қазаншының өз еркі – қайдан құлақ шығарса» деп, қолымнан бір қақпады…

Бірақ, біздің бұнымыз біреулерге жақты, біреулерге жақпады. Жұрттың бәрі Шерағаңдай дархан бола қояр ма?!. Таудай таланты мен талабы бар жастарға «Лениншіл жастың» бетінде көлдей-көлдей көлем беріліп жатқанын көре алмайтындар табылды. Телефондардан маза кетті. Отырып алып домалақ арыз жазатындар шықты. Редакторымызды қайта-қайта жоғарғы жаққа шақыртып, менің де сыртымнан бөркімді теріс кигізіп жатыр…

Бұның арты жақсылыққа апармайды. Өзім соңғы нүктесін қоюым керек. Енді алған бетімнен қайтпай, басқа қызметке ауысайын. Шерағаңды тырп еткізбейтіндей «дәлелді» қызмет тапсам, қайда кетер дейсің, арызыма қол қойып береді ғой…»

Қалың ойға шомып, терезеге көз салып тұрған ол қараңғы түсе бастағанын енді ғана байқады. Телефондар шырылы да басылыпты. Тек дәліз бойындағы әлдебір есіктің ар жағынан біреудің дауысы құмығып естіледі. Құлағын тігіп еді, Шерхан екен гүр-гүр етіп, телефон арқылы әлдекіммен тілдесіп отырған… «Е-е, Шерағаң әлі кетпеген екен ғой. Кештетіп қайтатын болса керек…»

…Жаңа қызметімен тез үйренісіп кетті…

Ләйлә Ғалиқызы алтындай кісі екен. «Министрмін» деп шіренген жоқ.  Жайраңдай күліп, жайдары қарсы алды. Әбіштің жайын жақсы түсінсе керек:

– Мұнда да қиыншылықтар жоқ емес. Басың жас қой әлі. Көре-көре үйренісесің, – деп, туған бауырын жұбатқандай сөйлеп, қамқорлық танытты.

– Ләйлә Ғалиқызы, сенім артқаныңызға рахмет, мен де үмітіңізді ақтауға тырысамын, – деп, Әбіш те шын ризалығын білдірді…  

Осында келерде тікелей бастықтары Еркеғали Рахмадиев пен Қалтай Мұхамеджанов екенін естіген. Екі ағасы да елгезек екен. Ізетті інісін бауырларына тартты. Ұжым да жақсы қабылдады…

…Күндер өте берді. Әбіш те ың-шыңсыз қызметін істей берді…

…Бір күні жұмыстан шығып келе жатыр еді: «Әй, Кекілбаев!» – деп, біреу гүж ете қалды. Жалт бұрылды. Қараса – қасқайып Мұқағали тұр. Қасына келіп, мұның арқасынан қақты.

– Әй, сен әдебиетшілер үйіне келмей кеттің ғой… «Жұлдызға» бардым. Жуырдағы повесіңді біздің жігіттер оқып жатыр екен. Құтты болсын!..

Әбіш «ә» дегенше, Мұқағали мұның қолтығынан алып, базарға қарай бастады. Бір серпіліп барып, әңгімесін қайта жалғастырды.

– Әбіш, сенің білмей жүрген керемет нәрсең бар. Жуырда Асқарға айтсам, ол да танауы делиіп, қатты құшырланды…

Аптасына бір рет көк базарға келіп тұр. Жан-жағың қызылды-жасыл, айқай-ұйқай, жапыр-жұпыр. «Менікін ал, менікін!» деп, анау да жабысып жатыр. Мынау да жармасып жатыр. Қарама! Көзіңді тас жұмып ал да, тарта бер! Олар барған сайын шуылдауын көбейте түсер. Сен кердеңдей түс! Ойлашы өзің! Рахат емес пе?! Бұл дүниеде ойнап жүргендейсің! Расы да солай ғой! Сол бетіңмен ілгері тарта бер…

Бір кезде айқай-ұйқай басылады. Жан-жағың тынышталады. Абайлап көз салуыңа болады. Қаздай тізіліп өңкей шалдар отырар. Алдарында жерге төселген газеттердің үстінде шөкім-шөкім бірдеңелер тұрар. Ақ, көк, алабажақ қалталар. Күмістен, мүйізден, қалайыдан істелген насыбай шақшалар… Ернін бұлтитқандар… танауын тыржитқандар… Мұрынын шүйіргендер… Үн-түнсіз шолып, асықпай жағалап келе жатасың. Мынаған жапақтың күлі қосылған, анаған қылша күлі салынған, ал мынау біреуіне – изеннің күлі…

…Кенет сен насыбайға еңкейесің, ал, қасыңда отырған шал саған еңкейеді. «Қарағым, Мақатайдың баласымысың?» Әкеңнің атын естігенде, шалқаңнан түсе жаздайсың… «Ау, оны қайдан білдіңіз?» «Бет-әлпетің айтып тұр ғой, бет әлпетің…» Шүйіркелесе кетесің. Мыжырайған шал кешегі қылшылдаған жігіт екен. Сенің әкеңмен талай бірге болған екен. Ойда жоқта төбесінен түскеніне ол да мәз. Насыбай іздеп келіп, әкеңнің көзтанысын көргеніңе сен де мәзсің…

Мұқағали бір сәт тыйылып қалды. Тамағын бір кенеп алып, күмбірлетіп оқи жөнелді.

Қажып тұрмын, несіне жасырайын,
Әкелші, ата, бар болса насыбайың.
Азан-қазан шулаған қапақ бастан
Құрып кеткір даң-дұңды қашырайын.
Айтшы, ата, әкемді көріп пе едің?
Ол да мендей жан ба еді желікпелі?
Ол да мендей шақшаңа құмар болып,
Сергіп бір қайту үшін келіп пе еді?
Ол да мендей шолжаңдап жүріп пе еді?
Саяқ па еді, болмаса күлік пе еді?
Болмаса дүйім елді дүбірлеткен
Бағзы біреулердей бүлік пе еді?
Мұрагері емес пе ем арт жағында,
Әкеме тарттым ба, ата, тартпадым ба?
«Ата көрген оқ жонар» деуші еді ғой
Байырғы атамыздың салттарында.
Айтшы, ата, әкемді көріп пе едің?
Ақыл-кеңес оған да беріп пе едің?
…Оу, ата, мұның қалай, жарамайды –
Несіне көз жасыңа ерік бердің?!
Көрсетпе көз жасыңды – жасымаймын,
Әкем өлсе, мен бармын – несі уайым!
Әкемдей бір атайын шертіп тұрып,
Әкелші, тәуір екен насыбайың, – деп, талмаурай бітірді.

…Әбіштің ойын он орап алған осы сағыныш, мұң, өкініш, әлсіздік бойына шым-шым еніп, кеудесін кеулей түсті. «Беу-беулетіп», бебеулетіп барып басылды. Қайтадан үмітсіз сайтан күйге түсіріп, алдарқанып, әрі алдарқатып, әлденеге емексітіп, әлденеден дәмелендіреді. Әліге дейін өлмей, өшпей, өтпей келе жатқан ескі құса бір сәт дүркірей көтеріліп, жүректі дүрсілдетіп, қайтадан сабыр тауып, тыншыды. Көкірегіңдегі небір дүдәмал сезім қайта оянып, қайта мазалай бастады. «Өлең деген осындай болу керек қой, шіркін! Не айтып, не ойлағаныңды өзің де білмейсің?! Үн-түнсіз иығыңа қонып, қанатын бір-ақ қағып ұшып кеткен ала қанат көбелектің соңынан қарағандай, қарадай үздігесің!» – деген ойлар келді басына сол сәт. Өзінің ең тәуір көретін ақындарына айтсам-ау деген қолқасының аузынан қалай шығып кеткенін білмей қалды:

– Мұқа, тек осындай өлеңдерді ғана жазыңызшы!..

Мұқағали томсарып қалды.

– Әй, сен менімен бірге ұйықтап, бірге түс көріп шыққаннан саумысың? – деп, өзінің насыбай сатып отырған шалдарына кетті. Әбіш оның сыртынан біраз аңырып қарап тұрды да, аялдамаға қарай аяңдады…

…Бір күні таңертең есіктің қоңырауы баж етті. Жұмысқа кеткелі жатқан. Ашса – мұнтаздай болып киініп алған Мұқағали тұр…

– Оу, Мұқа, ертелетіп неғып жүрсіз? Амандық па, әйтеуір? – деп сұрады, таңданысын жасыра алмай. Ол бұның түрін көріп, үсті-басын бір сүзіп өтті.

– Өңкей ілім соққандар!.. Жаңа бұрыштан айнала беріп, Асқарды көріп ем. Ол да портфелін құшақтап, жұмысқа бара жатыр екен. Сен де сықиып тұрсың. Бар. Бара бер. Бара ғой! – деді, жорта кекетіп.

Бұлардың дабырласқан дауыстарын естіп, ас үйден анасы Айсәуле көрінді. Бұрын өзі көрмеген адамы болғансын, Мұқағалидың ұсынған қолын алып жатып: «Қай баласың, қарағым?» – деп сұрады, көзін сығырайтып.

– Амансыз ба, апа?! Балаңыздың маңайында көп шимайшыдан басқа кім жүруші еді? Мен де солардан боламын. Атым – Мұқағали. Менің де сіздей шешем бар. Үйде сіз болсаңыз болғаны, қалғандарының қажеті шамалы. Онда бұл жолынан қалмасын, – деп,  артына бұрылып та қарамастан, Әбіштің анасын ас үйге қарай жетелей жөнелді. Әбіш жымиды да, шығып кете барды…

…Кешке қайтып келсе, анасы мәз-мейрам. «Мә, мынаны манағы бала беріп кетті. «Қолы тисе, оқып шығар» деді». Жемпірінің қалтасынан алақанға сыйып кететіндей шап-шағын кітапша шығарды.

– Жарықтық, жігіттің төресі екен. Тұлға қандай, тұрпат қандай! Екі иығына екі кісі мінгендей. Қалған достарың өңкей шыбыштың лағындай шошаңдап тұрған немелер еді. Мынаның сөзі бап-байсалды. Үлкен адамдарша сөйлейді. Қолыңды тигіз. Оқып шық. Не жазды екен, тіпті жалындап тұрғой?! – деді анасы, шын ықылас танытып.

Мұқағалиды көріп, ішпей-жемей тойып отыр. «Иықтарына екі Асқар, екі Қайрат сыйып кеткендей ғой!» – деді, бұл да анасын құптап. Кейуана екі иығы селкілдеп күлді кеп…

…Тамақтан соң Әбіш жұмыс үстеліне отырды. Кітапшаны айналдыра бір қарады. Мұқабасында – томпиған кіп-кішкене немересін ерткен кәрі әже. Аспандағы күннің аумағынан ұшып келе жатқан қос қарлығашқа қадала қарап қалыпты. Аты да әп-әсем екен: «Қарлығашым, келдің бе?» Әрі таныс, әрі таңсық. Мұң лебі ескендей болады. Алғашқы бетті ашып қалып еді, көк сиямен қолтаңба қалдырыпты.

«Әбіш!
Дей алдым ба бірдеңе, демедім бе?
Дей алмасам, боғымды жегенім де.
Өкпе-назым, қайғы мен қуанышым –
Тұрса бәрі жарады өлеңімде», – депті де, шиырып қол қойыпты.

Жүрегі шым ете түсті. Сол бойда оқуға кірісті. Бірінші өлеңінің өзі ойыңды алысқа ала қашады екен.

Отыз бес жыл.
Отыз бесінші көктемім,
Отыз бес жыл.
Уақыт қой көп-көрім.
Отыз бес жыл қуарып,
Отыз бес жыл көктедім.
Отыз бес күз, отыз бес қыс, отыз бес жас,
Осал өмір емес қой отыз бес жас…
Отыз бес жыл.
Өмірді кезіп келем.
Және отыз бес бола ма?
Сезіктенем…
Әкем менің, есімде, шам түбінде
ВКП (б) тарихын ежіктеген.
Және бір сәт есімде ақпандағы,
Әкем отыр майданға аттанғалы.
Бәрі есімде
Дала, егіс, ауыл, мектеп,
Ұстаздар, интернаттың қатқан наны…
Бәрі есімде – далам да, тұрағым да,
Тек есте жоқ, күлдім бе, жыладым ба…
Балалық шақ жарбиып жүретұғын
Өгіз жеккен соқаның құлағында.
Шаруаның баласы болғасын ба,
Шаруамен айналдым он жасымда.
Майдандағы әкеме оқ жібердім,
Айырбастап күлшемді қорғасынға.
Әжем есімде.
Әрнеге қозбайтұғын,
Әріден көп әңгіме қозғайтұғын.
Темір керней есімде…
Боран үрсе,
Азалы үнін аңыратып, боздайтұғын.
Есімде жоқ.
Бала боп өсіп пе едім?!
Болсам неге жылы сөз есітпедім?!
Есімде тек,
Білемін жеңіс-құстың
Біздің жаққа бір апта кешіккенін… 

«Бәрі рас. Бәрі солай. Бәріміз де көргенбіз. Бәріміздің де есімізде. Бәріміз де осылай сезінеміз. Неге ендеше бәріміз осылай жазбағанбыз?..»

…Ынтыға оқи түсті. «1941 жыл ақпандатқан. Сыртта аяз. Ауылымызды ақ қар жапқан, үңірейген үрей тұр соғыс дейтін, алапат – аспан, жерді, аттандатқан…. Жарты ай тұр шар аспанда – тозған таға, үскірік үрлей ме, әлде қозғалта ма? Әжем жүр туған жердің топырағын, тұмар ғып тігіп жатыр бөз қалтаға. Ол отыр. Аямай-ақ ішіп алған. Санасын мазалайды күшік-арман. Аттан, әке. Таныс қой күрес саған. Күресуі керек қой күші бар жан… Жалынған ғазиз Анам, сұрап қалған, жоғалды сол бетімен бірақ та арман, сенбеймін әкең өлді дегенге мен, себебі, ол үйімізден тірі аттанған…»

…Біреу желкесіне су құйып жібергендей… «Қалай-қалай дөңгелентеді?! Бұл неғып сенің ойыңа келмеген? Сен де осылай сезініп, сен де осылай қан жыламап па едің?.. Жә… жә… Жетер…»

…Буыны босап, көз алды бұлдырап барады… «Сонау бір жазда, жайлауда, соғыстың кезі қой баққам, көңілім келмей байламға, көп нәрсені ойлантқан… Жүгіріп төмен құлдырап, көрдім де таудың бұлағын, көзімнің алды бұлдырап, қалқайып екі құлағым, қабаржып, үнсіз жыладым… Сондағы көздің жасынан ләззат алғам нансаңыз, сұраңыз әрбір тасынан, еліме менің барсаңыз… Бұлақтан барып сұраңыз, көрді екен, кімді білді екен… Бұғынып қалған, бір аңыз, бұйығып тағы жүр ме екен… Жартастың жонын ұрғылап, кеудесін сайдың тепкілеп, сұрар ма екен сұм бұлақ: «Сол бала қайда кетті?» – деп…»

…Оқыған сайын оқи түскісі келді. «Шындықты жұрттың бәрі біліп, бәрі көріп жүргенмен, оны ортақ сырға айналдыру, жырға айналдыру тек ең таланттылардың ғана қолынан келетін сияқты. «Көре ғой… байқай ғой… Айта ғой!» – деп, періштелердің өзі тек солардың ғана құлағына сыбырлайтындай. Мұқағали сондай бақыттылар тобынан екен! Анам айтқандай, шын жарықтық екен! Жарықтыққа жарық дүниенің ұсынбайтын бақыты, ұстатпайтын ақиқаты жоқ шығар!..»

…Дереу телефон шалды. Дың-дың. Сәлден соң қайта соқты. Дың-дың. Төзімі таусылып, дөңгелегін тағы бұрады. Дың-дың…

…Отыра қап ойланды. «Қап, бәлем, енді телефон соқпаймын. Жазамын. Газетке ұсынамын. Көрсін де оқысын! Оқысын да қуансын!..»

…Өз тапқан ақылына өзі масаттанып, төсекке сұлады. Жол тастамай оқыды. Бәрін де өз басынан өткергендей!.. Бәрі де өзі туралы. Тіпті мына бір жолдардың бұдан несі бөтен, несі өзге! «Жүрегімде жүргені-ай бір қауіптің, сабағындай шырмайды шырмауықтың, үмітпенен, арманмен, күдікпенен, өтіп жатыр зымырап, зырлауық күн… Шешем менің еңкейіп бара жатыр, қай күні келер екен нала батыр. Жел маған сыбырлайды аят оқып: «бір күні айырыласың, қара да тұр…» Шешем менің иілген сұрау белгі, сәл ғана шаттық көрді, жылау көрді, қалай ғана қалпына келтіресің, дауылдар майыстырған мынау белді. Ұлың сені ұжмаққа бергісі жоқ, ұжмағың да тамұқ қой көргісіз от. Осылай көз алдымда жүре берші. Сұраулы сөйлемдердің белгісі боп».

…Қай өлеңін қанша қараса да, артық-ауыс ештеңе таба алмады. «Апырай, ала-құласыз бұл қандай кітап! Бұндай да болады екен ғой? Замандастардан бұрын-соңды мұндайды көріп пе ем? «Батырға оңқайы да, солақайы да бір» деп, оңды-солды жаза беретін таланттылардың өзі таусыла сөйлеп, сарқыла жазуға итермелейтін бұл кітап туралы үндемей қалу үлкен мін», – деп ойлап, алдыңғы беттегі қолтаңбаға қайта үңілді. «23.ІІІ.68 ж.» деп жазылыпты.

«Үшінші ай, Наурыз?.. Е-е, тоқтай тұр, бұл кітап менің қолыма мына тамылжыған тамыз айында тиіп отырған жоқ па?!. Мұқағали сонда бұл кітапты сонша уақыт өзінде ұстаған ғой. Бұдан бұрынғы екі кітабын да берген емес. Сонда мұны екіұдай боп күмәндана, қинала-қинала әкелген боп тұр ғой? Олай болса, өзі үлкен үміт артқан кітабы болды ғой. «Дей алдым ба бірдеңе, демедім бе?!» дегенге қарағанда, солай секілді. Дегенде қандай! Депсің, Мұқа!..»

…Ақ қағазға қалай шұқшия қалғанын өзі де білмей қалды. Бір ойланып алып, Мұқағалидың өзі оқыған поэмаларында лириктігі басым түсетіндігінен бастады. Содан бұрқыратты-ай келіп. «Әдетте тіпті де жақсы өлеңі көп те, бірде бір жаман өлеңі жоқ жыр кітаптары аса сирек ұшырасады. М. Мақатаевтың «Қарлығашым, келдің бе?» жинағы сондай айда-жылда бір ұшырасатын аса сиректің бірі», – деп түйіндеді…

…Күн артынан күн өтуде…

«Солдат спит, служба идет» деген әлдебір суайттың шығарған өтірігі екен. Мына Қытаймен екіарадағы шекарада ұйқы тұрмақ, кірпік қағуға қақың жоқ. Айдаһар елі арандатудан еш тайынбайды екен. Оны Жалаңашкөл маңындағы атыс айғақтады. Екі жақтан адам шығыны болды…

Бұл қайғылы оқиғаны Әбіш тірі жанға айтпады. Үй ішіне әдеттегі әскери қызметте жүргендей, ештеңе сездірмеді…    

…Қолы қалт етсе, Әбіш Мұқағалидың «Қарлығашым, келдің бе?» жинағына үңіледі. Өзі жұқа кітапшаның мұқабасы да үлбіреп бітті…

Өзі де қарап жүрмей, жанын құрсаған сағынышын жыр жолдарына айналдырды…

Тұр әлі көктем шықпай, күн айықпай,
Бошалаған сиырдай мына бұлтты- ай,
Талтайып кеп тұрып ап қақ төбеңнен,
Төгіп-төгіп жіберіп, тұра зытты-ай.
Тұра зытып зымқайым, қайта оралып,
Тәйтік таулар шәлісін қайта оранып,
Тағы тықты мұп-мұздай тас кеуекке
Сел астында селтиген майса қалып.
Көктем шыға қоймастай көлдеткенмен,
Күні-түні көк нөсер селдеткенмен,
Жақпар жонда жағал жұрт орны жатыр,
Ізі қапты, ық қуып ел көшкенмен.
Қайран жұртым қай-қайда кезіп баққан,
Жау түгілі дауылдан безіп баққан,
Безіп кеткен жұртыңда біз отырмыз
Дем салатын бақсыдай кезік баққан.
Дем салатын бақсыдай демді ішке алып
Тырс етпейтін сақшымыз – көмбіс халық,
Көкжиектен көз алмай мөлиеміз,
Қымталған қара барқыт перде ұсталып.
Жатса да аспан төбемде бұлт сапырып,
Тынысты үзер тып-тыныш тұр қапырық,
Қапырықты қапаста біз отырмыз,
Сыртқа шықсаң, қауып тұр от қақырып.
Бүрісеміз суық бұлт бүріккесін,
Бүгежектеп тауда елік үріккесін,
Айқайтастың басынан ән шырқар ем,
Шүршіт отыр сығалап шүріппесін.
Көкіректен сейілмей зіл құсалық,
Шартарапты шарлаймыз дүрбі салып;
Бөктеріліп бөктерде қойлар жатыр,
Кетпейтіндей ешқайдан ит-құс алып.
Бекер екен бәрі де, бекер екен,
Бетер келсе, береке кетеді екен,
Дүмбісіне дүрбінің сиып кетер
Дүниенің кеңдігі екі елі екен.

…Демалысқа бұйрық шықты!..

…Екі өкпесін қолына алып, үйіне жетті-ау. Келіні жұмыста, екі баламен үйде отырған анасы етегіне сүрініп, алдынан шықты. Сағынышын басып, енді сабыр таба бергені сол: «Ойбай, Әбішжан-ау, ұмытып барады екем ғой», – деп, анасы төргі бөлмеге жүгіріп кетті. Қайтып келіп: «Мана үйге Мұқашжан келіп кеткен. «Сөйлесе қалса, телефонымды айтыңдар, хабарлассын» деп, бір жапырақ қағаз беріп кетті, міне», – деді, қолына нөмір жазылған қағазды ұстата беріп.

Телефон соғып еді, ар жақтан Мұқағалидың дауысы сұңқардай саңқ ете қалды.

– Үйдемісің? Міне, жеттім!..

Қолтығына қыстырған екі-үш дана «Лениншіл жасы» бар Мұқағали арсалаңдап жетіп келді. Жағасы жайлау. «Бауырым!» деп құшақтап, мойнына асылды. Мауқы басылғасын, «қазір, міне!» деп, жалма-жан газет бетін ашты. Айқарма беттің үстіңгі жағында «Жүректен – жүрекке» деген жазу Әбіштің көзіне оттай басылды. Баяғы өзі жазған сын мақаласы ғой! Барынша ірі әріптермен беріліпті.

– Рахмет, бауырым! Өзім өз болғалы мұндай сөзді бірінші рет естіп тұрмын. Бұрынғы бір-екі жинағым үн-түнсіз өтті ғой. Бұл жолы кітабымды бір түсінсе, сен түсінеді ғой деп әкеліп берген ем. Бір кезде насыбайшы шалыма қатты риза болып едің. Қателеспеппін. Ойымдағыны ұқтың, – деді Мұқағали, дауысы дірілдеңкіреп.

Әбіш те аяқ астынан тебіреніп кетті.

– Абайдан кейін тұсаулы аттардай ылғи шапшып келеміз ғой, Мұқа. Оған тіпті үйренісіп те кеттік. Жөнді-жөнсіз өрепкіп сөйлеуге құмармыз. Қазақ ойының су төгілмес жорғадай жайлы тынысын тіпті ұмытып та қалыппыз. Сіздің мына кітабыңызды оқығалы бері казарманың қым-қуыт нарларынан құтылып, «өз үйім, өлең төсегіме» келіп ұйықтағандай рахаттанып жүрмін, – деді, мұқабасы үлбіреген кітапшаны төс қалтасынан шығарып жатып.

Мұқағали күректей алақандарымен мұның қолын қайта-қайта құшырлана қысты.

– Ризамын. Жақсы жолықтым. Нарынқолдан жабағы сойып алғызған едім. Қасыңа Асқарды қосайын. Үй-іштеріңмен түгел біздікіне келіп, мына жаман ағаңды бір шашылдырмайсыңдар ма?!. Апа, өзіңіз бастап жүріңіз, – деп, Әбіштің анасына қарап, әдеттегі салмақты мінезін ұмытып, қаудырлай жөнелді…

Әбіш Асқар Сүлейменов екеуі орталық алаңды әрлі-берлі кезумен келеді. Әлгіде үй-іштерін апарып жатқызарда Асқар «Әбеке, екеуміз біраз серпіліп қайтсақ, қайтеді?» деп ұсыныс жасаған-ды.

– Ағамызды шашылтудай-ақ шашылттық. Түннің бір уағына дейін отыра беріппіз ғой, – деді Әбіш, бір тамсанып қойып.

– Әулие адам ғой Мұқағали ағамыз! – деп, Асқар сұқ саусағын жоғары қаратып шошайтты.

– Иә-ә… Мұқаңның екінші тынысы ашылыпты. Енді мұны ешкім де тоқтата алмайды!..

– Әбіш, сен тамыршысың! Талантты жазбай танисың! Мұқаңның алысқа шабатын сәйгүлік екенін қалай сезе қойдың? Оны айрықша іріктеп алып жүрген сен де тегін емессің-ау!..

– Е, Мұқаңды өйтіп айрықша іріктеп алып жүрген мен бе екенмін?! Уақыт қой, Асеке, уақыт! Ішкі түйсігім айтады, осы біздің уақыт, алпысыншы жылдары келген ұрпақтың уақытын айтам, әдебиеттің алтын ғасыры атанады әлі. Асеке, өзің де ішінде барсың, бәріміз де әдебиет табал-дырығынан алабұртып аттадық қой. Алматыға бәсеке емес, арман қуып келдік. Өзгелерді өзіміздей көрдік. Өзді-өзімізден күткен үмітіміз көп-ақ еді. Бір-бірімізге өте зор құрметпен қарайтынымыз содан.

– Дұрыс-ақ, Әбеке! Бұл ойыңды құптаймын. Әдебиет те теңіз тәрізді тыныстайды ғой. Бірде демін ішіне тартады, бірде сыртқа тебеді. Сол уақытта толқындары да шапши жөнеледі. Ең бір шарықтау кезеңіне жететін кездері болады…

– Олай болатын реті де бар. Біз оқуға түсерде әдебиеттің тоңы әлі жібімеген қалпы еді. Өлең шіркіннің қашанғы елпілдегіш күйі-тұғын. Колхоз-совхоздың ойға-қырға омақасатын да жүретін көнетоз тракторындай еді. Күн сайын бір «өтімді тақырып» шығады да тұрады. Соның көңілін аулаймын деп жүргенде өзі де қоқысқа айналады. Ондай «майшелпекке» үйреніп алғандар өте көп. Жыл сайын бұрқыратып кітап шығарады да жатады. Үйренбегендеріне көпті көрген көзайым редакторлар ең болмаса «жетекші тақырыптардың бір-екеуімен аузын майлауға» үйретіп әлек. Сүйте-сүйте жүріп, өзі де көндігіп кетеді. Содан бір күндері: «Домбырам не дейді, мен не деймін?» деп, іштей қоңылтақсып отырғандары. Талантты деген талай көкелеріміз өмірден осылай ойсырап өтеді…

– Паһ, шіркін!.. Әбеке, әдемі ой айтудасың. Мен сенің әңгімеңнің желісін бұза жаздадым, білем. Жаңылма, айта бер…

– Поэзиядағы мұндай оспаққа үйренісе алмай, ереуілдеп баққан ақын Қасым Аманжолов. Ол бір «жетім бұрышта» күрк-күрк жөтеліп жатып: «Апырай, мынау күннің райын-ай, төсектен тәуір болып тұрайын-ай десем де, қабағын бір қойды-ау ашпай, ерегісіп енеңді ұрайын-ай!» деп буырқанып, күлді-көмеш өмірі жайлы толғанғаны төбе құйқаңды шымырлатады.

Біз келгенде Алматы Қасым азасынан әлі айыққан жоқ-ты. Біз де келген бойда қайсар ақынның зиратына бардық. Кітабын жата-жастана оқып, жалынды жырларын жаттадық. Қазақ өлеңінің тұсауы шешілер күнді аңсадық. Түрменің қатып қалған қара нанын қайзалаудан жалыққан тұтқындар сияқты  күнбе-күн шығып жатқан жинақтардан тосын нәрселер күттік. Өлең исі бар шумақтарға мұз жалаған жылқыдай шұрқырастық. Тұманбай, Ізтай, Еркеш, Сағи, Еркіннің жазғандарына үлкен үмітпен үңілдік. Университеттің әдеби бірлестігінде жастардың алғашқы аяқ алысын талқыладық. Оған ұстазымыз Мұхтар Әуезовті шақырып, «Жыл келгендей жаңалық сеземіз!» деген лебізін естідік. Бұл «Поэзия күні» қазақ әдебиетін дүр сілкіндірген оқиға болды…

Көп ұзатпай, «Қазақ әдебиетінің» редакторы Жұмағали Ысмағұлов: «Бізге сын бөліміне келсейші. Бесінші курсты жұмыс жасап жүріп те бітіруге болады», – деді. Қуана-қуана құп алдым…

Асеке, енді бірді айтып, бірге кетпей, мен Мұқаңмен қалай танысқанымды, оның таудай талантын қалай тани бастағанымды жүйелеп айтып берейін…

– Әбеке, құлағым сенде. Мына кіріспе сөзіңнің өзі сыни трактаттың тезистеріне ұқсап кеткеніне таң боп тұрғаным. Мақұл, иә. Содан?..

– Содан… бір күні редакторға кірсем, алдындағы жұмсақ орынтақты тақ толтырып бір жігіт отыр. Дудыраған қою шашты, маңдайы кере қарыс, қыр мұрынды, қыран қабақ, келісті-ақ екен. «Е, Әбіш, танысып қой. Мұқағали Мақатаев деген ағаң. Поэзия бөліміне әдеби қызметкер етіп алдық. Бүгінгі нөмірге екеуіңіз кезекшілік етесіздер», – деді редакторымыз…

…Екеуміз қатар бөлмелерге орналастық.  Одақ ғимаратының үшінші қабатындағы түпкі бөлмеде ол отырады. Одан кейінгі бөлмеде мен отырамын.

Бір күні түскі тамаққа барғалы жатыр ем, телефон шыр ете қалды. Мұқаң екен. «Кіріп кетпейсің бе?» – деп сұрады. «Не болып қалды екен?» – деп, бардым. Кере қарыс маңдайына шып-шып шыға келген мөлдір моншақтарды қолының сыртымен сипап түсіріп тастады. «Өткен жолы аңғарып қалдым. Сен менің дикторлығымды білгеніңмен, ақындығымды білмейді екенсің. Мен біраздан бері өлең жазамын ғой», – деді.

Оқи бастады. Талайлардың өлең оқығандарын көрсем де, Мұқаңдай оқи алатын ақынды көрген емеспін. Ол өзгелерге ұқсап, теңселіп, тебіренбейді. Қолдарын да әрлі-берлі сермелемейді. Орындықты ат қылып мініп, отырып алады да, күмбірлеген қоңыр дауысын соза түсіп, жайбарақат оқи жөнеледі. Дауысын да орынсыз көп құбылтпайды. Өлең жолдары тасқындап аққан өзендей төгіле береді, төгіле береді. Әлде бір уақытта аяқтады. Аузымды ашыппын да қалыппын. «Керемет оқиды екенсіз ғой», – дедім. Мен Мұқаңның көшелі ақын екенін сонда білдім…

Содан бір күні тағы да бөлмесіне түстікке шақырды. Бірақ, бұл жолы өлең оқымады. «Кеше моншаға бардым. Әбден жуынып, тазаландым. Үш рет кәлимамды қайырдым. Үстелге жайланып отырдым. «Иә, бисмилла!» деп кірісіп кеп кеттім. Құдай көрсетпесін, «божественная» десе, «божественная» екен! Тек тәңірдің ғана қолынан келетін шаруа ғой! Шетінен, жайлап-жайлап аудара беремін. Қашан тауыстырар екен, көрейін. Бітірген күні өзіңе көрсетемін. Дантені айтам… Соған кірістім», – деді. Мұқаң ұлы Дантенің «Құдіретті комедиясын» аудара бастаған екен…

Содан күнде түскі тамақ кезінде бөлмесінің есігін құлыптап алып, жалғыз жұмыс жасайды да отырады. Былайғыларымызға ұқсап, бөлмеден бөлмеге кіріп, әңгіме айтып жүрмейді…

– Е, несіне мәймөңкелейміз, Әбеке, мен Мұқаңды әулие кісі деп айтпадым ба! Көр де тұр, болашақта қазақ поэзиясы Мұқағали өлшемімен өмір сүретін болады! – деп, Асқар сұқ саусағын жоғары қарата шошайтып, ауаны сермеп-сермеп қойды.

– Әй, Асеке, сен маған тамыршы деп ен тағасың, өзің де менен асқан көріпкел боларсың! – деп, Әбіш мол денесімен бұрылып, Асқарды кең құшағына қысып алды да, жоғары көтеріп-көтеріп қойды…

…Екеуі балаша қуанып, бозала таңның тыныштығын бұзып, алаңда алшаң басып келеді…

…Әбіштің аялдамадан түскені сол, еңгезердей біреудің сыртынан қапсыра құшақтай алғаны…

– Әй, зәнталақ, қайда жүрсің-ей, көрінбей?!. Өзің азып кеткенсің бе, немене?!.

Дауысынан Мұқағали екенін бірден танып қойды.

– Өй, аға, сіз екенсіз ғой!..

Екеуі қайыра құшақтасып, аман-саулық сұрасты.

– Айсәуле апам қалай? Ол кісінің сүт қатқан шайын сағындым…

– Апам жақсы. Сізді сұрап қояды анда-санда. «Алпамыс ағаң қайда?» деп… Өй, аға, үйге жүрсеңізші, өз қолынан шай ішіп, өз аузынан естисіз…

– Жоқ-ей, бауырым, жәй сұрап жатқаным ғой. Бір күні барармын өзім де. Сен одан да біздің үйге жүр. Осы арадан жақын жерде. Тиіп тұр… Үй ауыстырдық қой біз…

– Ә, солай ма? Құтты болсын, аға!..

– Әй, бауырым, «құтты болсынды» жеңгеңе айтарсың… Үйді көріп шық. Көп ұстамаймын. Жарты сағат өлең оқимын. Баяғыдан қалай екенмін? Өстім бе екен, өштім бе екен? Сосын босатамын… Жүр, жүре ғой, – деп, мұның қолтығынан қапсыра ұстап, дедектетіп ала жөнелді.

Әбіш оның көңілін қия алмай, еркіне көнді.

– Ыңғайсыз болды-ау… Жеңгейдің, балалардың қолына ұстататын бірдеңе алу керек еді…

– Бауырым, түк те қиналма, өзіміз ғой… Одан да әңгімеңді айта бер. Баяғыда әскерде жүргеніңде бір келіп кеттің, содан бері көріспедік қой өзі…

– Иә, аға, әскерден де келдім. Екі-үш ай үйде бос қарап жаттым. Ақырында, Қалтай Мұхамеджанов, Камал Смайылов ағаларым киностудияға жұмысқа шақырды. Қызмет орнымыз – қаланың сыртында. Күні-бойы сонда жүреміз. Кештетіп үйге әрең жетеміз…

…Мұқағалидың пәтері Күләш Байсейітова көшесінде, бұрын Әбділда Тәжібаев кірген үйде екен.

– Тсс, бұрын бұл үйде ылғи ұлылар тұрған. Абайлап баспасақ, аруақтары оянып кетеді, – деді Мұқағали, ағаш еденді сықырлатпай басуға тырысып. Әбіш те аяғын жәйімен басып соңынан ерді…

…Ауыз бөлмеде Лашын астау малшылап, кір жуып жатыр екен. Әбіш сәлемдесіп жатып: «Жеңгей, шай жасап, әуре болмай-ақ қойыңыз», – деп, Мұқағалидың ізінше ішке озды…

…Мұқағали дәптерін алып, өлең оқи бастады. Бұл болса, байқап отыр: баяғысынша сілтейді екен. Кемеліне келген перен ақын. Өзіне-өзі риза сияқты…

…Жарты сағат өтті. Мұқағали оқуын доғарды. Әбіш үнсіз бас бармағын көрсетті. Орнынан тұрып, Мұқағали маңдайынан бір иіскеді де, кеудесіне қолын қойып, басын изеді…

…Мұқағали мұны сыртқа шығарып салды.

– Қызметің қалай, бауырым?

– Шаршатады, аға…

– Шаршайтын кезде шаршаған дұрыс қой. Кейін сағынуға жақсы!..

– Әбеке, Мұқағали ағамыздан айырылып қалдық қой… – Телефон сымының ар жақ басындағы Асқардың дауысы құмығып шықты.

– Иә, Асеке, естідім. Орталық комитеттің осындағы жігіттері естіртті. Жерлеуді ұйымдастырып жатырмыз. Кеңсайға қойылады…

…Сол күні ұзақ-сонар бір ақ жауын басталғаны… «Құдауанда, құдды табиғаттың өзі көз жасын сорғалатып, қимас ұлын халықпен бірге соңғы сапарға шығарып салып тұрғандай… Мұқаңның өзі де табиғаттан жаралған ғой. Оның өзі де, өнері де табиғи…»

…Жердің басында Мұқағалидың баласы Жұлдызды көрді. Есіне түсті. Мұқаң бірде телефон соғып: «Гурьев жақта таныстарың бар ғой. Менің балам сол жақта қызметте еді. Бас-көз болып жүрсін. Біреу-міреуіне айтып қойсайшы!» – деп еді. Сол кезде ойланып қалған…

…Гурьев жақ… ол жаққа ат басын бұрмағалы жиырма жылдан асып кетіпті. Ол тұста он алтысында оқуға аттанып кеткен балада қай бір ондай пәрменді таныс болар дейсің?.. Сонда да, Мұқаңның көңілін қимай, Орталық комитеттің атын жамылып, ұяла-ұяла, бір мықтыға телефон шалды. Оның не тындырғанын білмейді, бірақ. Жұмысбасты боп жүріп ұмытып та кетіпті…

…Әбділда ақсақал сөйлеп жатыр…

…«Иә, шын талантты өлгеннен соң жоқтай бастаймыз. Тірісінде керек қылдық па?..»

…Алдыңғы шепте еңкілдеп Еркін Ібітанов тұр екен. Және есіне түсті…

…Ана бір жылы Мұқағалидың өзіне айтпай, оның туған жеріне барып көрген-ді. «Салмақ салып, қайтем?» деген ой болды. «Кісінің уақытын ұрлау кісілікке жатпайды» деген ұстанымын бұзғысы келмеді. «Ақынның туған жерін бір көрсем-ау» деген арман – менің ғана арманым ғой, оған неге ақынның өзін араластыруым керек?» деп ойлап, «Қарасаз, қайдасың?» деп тартып кетті…

…Сонда Мұқағалидың бала кездегі орындарының бәрін дерлік аралап шыққан. Қақ ортада шөккен үлектей сұлай жығылған Елшенбүйректің етегіндегі Қарасаз да, аспан төсін бір өзі билеген Хантәңірінің бауырындағы қалың шұбар да, алыстағы Шалкөде жайлауы да – бәрі-бәрі есінде… Лашын жеңгейдің ағасы Әзімхановпен де кездескен… Сонда осы Еркін Ібітановтың – Мұқаңның екі туып, бір қалған досы Еркіннің үйінде де болды. Қонақжай жеңгейдің үзілдіре салған әдемі әні де әлі күнге дейін құлағында…

…Сонда «Мұқағалидай ақын туатын нағыз марқасқа өлке екен» деп тамсанып қайтқан еді ғой…

…Кеңсайдың іші күңіренген дауысқа толы. Тірі адамдармен қосыла өлі аруақтар да ұлы ақынды жоқтауға қатысып, оны мәңгілік сапарға бірге шығарып салысып жатқандай…

…«Мұқа, сіздің өнердегі өміріңіз енді басталды. Біз сізбен қош айтыспаймыз. Біз сізге «Қош келдіңіз, ақын аға!» демекпіз. Өмірге, өнерге келер әр ұрпақ сізге осылайша сәлем беретін болады…»

…Молданың соңғы дұғасынан кейін жұрт үздік-создық Кеңсай басынан төмен түсе бастады. Осыны күткендей, ақ жауын да басылды…

…Әбіш жұрттың ең соңғы легінен кейін қозғалды. Кенет көктен тырна дауысы естілді. Өз құлағына сенбей, басын жоғары көтерді. «Иә, ерте келген тырналар ғой мынау… Бір жақсылықтың нышаны болар», – деп, өзінен-өзі күбірледі. Тырулап ұшқан тырналар тiзбегiн көрiп, еңсесін басқан ауыр мұңнан арыла түсті де, сай табанына түскенше көңілi жадырап сала берді…

Жақыпжан Нұрғожа

Т. Раушанұлы