Мұхтар Мағауин қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар, айрықша аталатын хас шебер жазушыларымыздың бірі. Оның романы тарихтан бастап түрлі жанрды қамтиды. 1984 жылы "Аласапыран" роман-дилогиясы үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Оның алғашқы романы "Көкмұнар" өз өмірбаянын, ғылым жолының аса қиындығын баяндаса, "Қыпшақ аруы", "Жармақ" романдарында утопия басым.
Көк мұнар - 1972 жыл
Бұл Мұхтар Мағауиннің алғашқы романы. "Көк мұнарға" бастан-аяқ зиялы қауым өкілі, ғалымдар өмірі арқау болған. "Көк мұнар" арқылы Мұхтар Мағауин өзіне дейін түбегейлі жазыла қоймаған тақырыпты қозғап, өмір шындығын көркемдік шындық арқылы көрсетуді мақсат тұтқан. Романда ғылым деген қызығынан қиындығы басым, мол білім қорымен келіп, еңбекқорлық, ізденімпаздық арқасында көздеген мақсатқа жеткізетін үлкен жолда кімнің кім екенінің бетпердесі ашылатыны зерделенеді. Бас-аяғы жиырма шақты кейіпкер қатысатын шығармаға профессор Әзімхан Бекмұхамедов; доцент Бәкен Тәңірбергенов; Едіге, Кенжек, Халел, Бәтия, Әнуар, Мұхамед-Шәріп, Бердібек сынды аспиранттар өмірі арқау болған. Бас қаһарманы – Едіге.
Көкбалақ романы – 1978 жыл
Көкбалақ романы ХХ ғасырдағы қазақ басынан өткен тарихи оқиғалар атақты күйші Тоқсобаның қилы тағдыры арқылы суреттеледі. Ондағы Тоқсоба күйші болады деп тәрбиелеген жас күйші, Тоқсобаның жиені Нәрік. Романдағы бұл екі кейіпкердің прототипі өмірден алынған. Оның бірі атақты домбырашы Жүнісбай болса, екіншісі оның жиені елімізге белгілі күйші, жазушы Таласбек Әсемқұлов.
Бұдан бөлек роман желісіне күй перісі Байжігіт, Қызай және тағы басқа күйшілердің аңыздары арқау болған. Роман соңындағы Алматыға келген Тоқсоба бойындағы бар өнерін дискіге жаздыра алмай дал болып, аулына қайтады. Бұл сюжет Сүгір күйшінің өмірінен алынған деректер. Шығармада қазақ салтындағы сал-серілік құрудың жекелеген деталі анық суреттеліп, дүниесін, мал-жанын өнер жолында аямайтын мәрттігі, жомарттығы айтылады.
"Көкбалақ" романы күй өнерінің атадан балаға мұра болып келе жатқанын суреттейтін құнды шығарма.
Аласапыран – 1980-82 жыл
“Аласапыран” роман-дилогиясы 1980-1982 жылдары жарияланды. Шығарма архитектоникасы бір адам, нақты тарихи тұлға бас қаһарман Ораз-Мұхамед сұлтанның өмір жолы, бастан кешкен сергелдеңді тағдырына негізделген. Романдағы оқиғалар ХVІ-ХVІІ ғасырлардағы орыс, қазақ қоғамында орын алған қым-қуыт өзгерістер, күрт бұрылыстарды баяндайды.
Роман-дилогияның бас кейіпкері Дәшті-Қыпшақтың падишаһы Тәуеккел ханның қалғасы (орнын басушы адам), Ұзын оқты Ондан сұлтанның баласы Ораз-Мұхамед аң аулап жүріп, сол кезде қазақ жеріне енді келіп бекіністер салып жатқан орыс әскерилеріне тап болады. Олар жас ханзаданы қонақ етіп, алдап қолға түсіріп Мәскеуге алып кетеді.
Ресей жерінде мәңгіге қалған Ораз-Мұхаммед тектілігімен көзге түседі. Орыс Империясының шығыс еуропаға соғысы кезінде татарлардан құралған полкқа қолбасшы болып, соғыста ерлігмен көптің қошеметіне бөленеді.
Осы ерлігі үшін орыс патшасы оған Хан-Керменге (Касимов хандығы) патша етіп жібереді.
Рахатынан азабы көп, соқтықпалы-соқпақсыз 39 жыл ғұмыр кешкен Ораз-Мұхамед Дмитрий-Кәззаптың жендеттерінен қапыда қаза табады. Айнымас досы, мәрт мінезді князь Петр Урусов оның кегін қайырып, Дмитрийді өлтіреді.
Шақан Шері романы - 1984 жыл
Шaқaн-Шерi романы Шақанның әйелi мен бaлacын жaрып өлтiрген жoлбaрыcқa, жoлбaрыc aтaулығa кек тұтуымын басталады. Aқыры Aлaтaудaн Бaлқaшқa қaрaй өрiп жүрген aң пaтшacы жoлбaрыcты құртуды мaқcaт етеді. Осы жолда ол барлық жолбарыс атаулыны аулауға бел буады. Рoмaнның ерекшелiгi – Шaқaн мен жoлбaрыc oбрaздaрын бaйлaныcтырa cуреттеу aрқылы aдaм мен тaбиғaт aрacындaғы бaйлaныcтың үзiлуiн көрcетедi. Романда қазақтың аңшылығы шебер тілмен суреттеледі.
Сары қазақ – 1991 жыл
1991 жылдың басында жарыққа шыққан "Сары қазақ" романы бір дәуірдің болмысын бейнелеп, сыр-сипатын бедерлеген әйгілі шығарма.
"Сары қазақ" романының бас кейіпкері – Стансилав Юрьевич, ұлты орыс, Ресей топырағында 1895 жылы Елетіс қаласында дүниеге келген, 16 жасында Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түседі. Революционер. Оны патшалық Ресей көп студенпен бірге үкіметке қарсы әрекет етті деп ұстап, бес жыл каторгаға кеседі. Станислав "саяси қылмыспен" алыс Сібірге (итжеккенге) айдалады. Алайда жолда бас кейіпкер воганнан түсіп, айдалаға қашып кетеді. Бұл қазақ жері еді. Осы Станислав қазақ Стамбекке айналады. Шын мәнінде оның арғы аталары орыс жерін паналаған Бөкей ордасының текті қазақтары еді. Арада бірнеше жыл өтіп осылай Станислав өз жеріне қайта оралады. Оны Қызылжардағы Сыпатай бай асырап, ұл етеді.
1916 жылғы майдан жұмыстарына адам алу оқиғасынан соң-ақ тынышы кеткен Сыпатай бай Қызылжардан ауылымен көшеді, бұл-көші қон 15 жылға созылады. Осы аралықта Стамбек қазақтың ұланғайыр жерімен танысып шығады. Өзі де нағыз сары қазаққа айналады.
1945 жылы сексен екі жастағы Сыпатай байды жерлеп жатқанда айдаладағы бетпаққа аэропланмен келіп түскен экспедициялық ұйымның шолғыншы үш ұшқыш айдалада немістің тыңшысы бар екен деп жоғарыға доклат береді. Роман соңында Стамбекті ұстап алып кеткен үкімет адамдары оны қинап өлтіреді.
"Мен" мемуарлық романы - 1998 жыл
Мұхтар Мағауиннің "Мен" атты мемуарлық романы "Шытырман" жəне "Қия жолдар" деп аталатын екі кітаптан тұрады. Мағауиннің өзі туындысында атап көрсеткеніндей, бұл шығармасы ғұмырбаяндық өмір көріністерін толық қамтитын дүние емес, тек жазушының қалам тартқан жылдарындағы көрген-білгенін, жазусызудың машақатын, жазған дүниелерін жарыққа шығара алмай қиналған, күйзелген кезеңін саралай келе, өзінің жүріп өткен жолы турасында оқырманымен ой бөлісуі еді.
Мағауиннің "əсіресіз шындық" деп бағалауындағы бұл туындысынан жазушы өмірінің шынайы көріністерімен қатар кеңестік қоғам құрылымының ақиқаты да айқын көрінеді. Ес білгелі елінің жайын күйттеген, қазақ сөз өнерінде өзгелерден оқ бойы озық тұрған туындыларында ұлттық мүддені ешқашан ұмыт қалдырмай, басты ұстанымы еткен қаламгер осы шығармасы арқылы жүріп өткен жолына көз жіберіп, өз кезеңінде өзегіне өрт боп тиген өзекті мəселелерді қозғайды. Елінің тəуелсіздік алғанына мың да бір тəуба айта отырып, тəуелдіктің тар қамытынан кең тыныстай алмай, қылғынған кезеңдерін көз алдынан өткереді.
Қыпшақ аруы – 2004 жыл
Мұхтар Мағауиннің "Қыпшақ аруы" романында ХІ ғасырдан бүгінге дейінгі өнер адамының (Қыпшақ ханы Көбектің бәдізші ұлы Саржан, оның бүгінгі жалғасы мүсінші Көбеков Саржан) қилы тағдыры арқылы ұлтымыздың тарихы, саяси өмірі, мәдениетінің көкейкесті мәселесі қозғалады. Шығармада ХІ-ХХІ ғасыр аралығындағы оқиғалар, яғни мың жылдық шегіндегі ел өміріндегі елеулі бел-белестер қамтылады. Романның бас кейіпкері талантты мүсінші Саржан Совет кезеңінде өмір сүрген. Идеологиялық тапсырыстарды орындап табысқа жеткен. Атағы да баршылық. Бірақ өз-өзіне көңілі толмайды. Істеген ісіне, сомдаған мүсіндеріне. Еуропаша білім алған. Жаны да, қаны да қазақ. Бірақ ұлттық өнердің тұңғиығына бойлауға тарихи санасы кемшін. Сөйтіп жүргенде Жазушымен кездейсоқ кездеседі. Жазушы - ұлттық мәдени кодтың иесі. Мүсіншіге жол нұсқайды (Қыпшақ өнерінің озық үлгісі – балбал тастар арқылы). Саржанның эпопеясы осы кезден басталады. Романда Кеңестік кезеңде өмір сүрген дарынды мүсінші Саржан тылсым жағдайда бүгінгі өмірден жоғалып, өзінің түпкі бейнесі қыпшақ ханы Көбектің ұлы бәдізші Саржанның дәуіріне өте алады. Қыпшақ дәуірінде ол Айсұлу бегім – Қыпшақ аруымен танысады.
Сөйтіп өзін-өзі жоғалтып таба алмай жүрген мүсінші Саржан Көбеков "мазмұны да, формасы да ұлттық" бірегей өнер туындысын жасау арқылы өзін табады. ХХ ғасырға қайта келгесін ол "Саржан мен Айсұлу бегім" мүсінін жасап, ХІ ғасырға келместей боп қайтып кетеді.
Кесік бас тірі тұлұп хикаяты - 2005 жыл
Мұхтар Мағауиннің "Кесік бас – тірі тұлұп" романы 2005 жылы жарияланған. Көлемі 100 бет. Бұл романдағы оқиғалар шамамен 1891-1925 жылдар аралығында болған тарихи шындықты баяндайды. Хикаяттың басты кейіпкері – Кесік бас. Оның толық аты-жөні – Дамбинжанцан Амурсанаев. Мағауинше – Дамби-Жанцан немесе Жа-лама. Жа-лама деп аталатын кейіпкер романда сиқыршы, қу-айлакер ретінде суреттеледі. Ол адамдардың терісін терідей сыпырып алып, жинағанды жақсы көреді. Сол мақсатта өзіне жақсылық істеген, ажалдан аман алып қалған қазақ Ақымбекті де соңында тірідей сойып, терісін алады. Бірақ соңында өзі істеген ісі өзіне айналып келіп, өзінің терісі де тірідей сыпырылады. "Кесік бас" аталған Жа-лама мен "тірі тұлұп" қазақ Ақымбектің тағдыр-талайы осылай аяқталады. Бірінің басы Эрмитажда тұрса, екіншісінің тұлұбы Прага қаласындағы Ұлттық музейде сақтаулы тұр.
Жармақ – 2007 жыл
Жармақ" – қазақтың екі ғасырлық тарихы мен бүгінгі психологиялық тартыстар жүйесіне құрылған романы жазушыны мүлдем басқа қырынан көрсетеді. Романның басты кейіпкері – Мұрат Бейсенұлы Қазыбеков және оның жармағы Марат Бейсенұлы Қазыбековтер. Романның өн бойы тола қиял мен мистика болғанымен, негізі шынайы өмірден алынған. Адамдар қақ жарылып, бүтіннің бөлшегіне айналып жатпаса да, әр адам өз ішінде ұдайы екі ойдың жетегінде жүретіні, әр кезде екі жолдың жолайрығында тұратыны айтпаса да ақиқат. Әдетте, түрлі фантастикалық фильмнен көріп жүрген бұл "транс" жүйесінің қазақ әдебиетіне енгені бір өзгешелік болып отыр.
Шығарма арқалаған тағы бір мұрат – көркем тарихилық пен қоғамдық ахуал. Әдеби шығармада ескі қоғам мен жаңа қоғамның тайталасы, ақша мен дүние-мүліктің құлына айналған және ілім, ғылымның соңына түскен жанның қос тағдыры бір-бірімен жарыса суреттелген. Шығармада елдің өткені мен бүгініне қатысты түрлі тарихи кезең, оқиғалар детальді түрде баяндалады.