- Негізгі бет
- Әдебиет
- Мұхтар Мағауин. Жұмабек...
Мұхтар Мағауин. Жұмабек Тәшенов
Орыс-совет отарлық қыспағындағы қандыбалақ ХХ ғасыр – Әлихан Бөкейханов пен Смағұл Садуақасовтан соңғы кезеңдегі бірден-бір ұлттық мемлекетшіл, қайтпас қайраткер, қазақ халқының қаһарман перзенті Жұмабек Тәшеновті мен бағзы бір дәуір – студент кезімде тым жақыннан, бірақ сырттай екі рет көріппін.
Алғашқыда, 1959 жылдың басы болса керек, Қазақ университетіне, студенттермен кездесуге келді. Ол кезде, тіпті бүгінгі күні де ақылға сыймайтын, қисынсыз жағдай. Жұмабек Тәшенев, Қазақ ССР Жоғарғы Советі президиумының төрағасы. Бұрнағы Үкімет үйі, ендігі бас корпусымыздағы ауқымды Мәжіліс залына қазақ, орысымыз, қаншама оқытушы ұстаздар бар, лықа толдық. Біз тобымызбен алдыңғы – екінші, әлде үшінші қатардан орын алып едік. Көп күттірмей, дәл уақытында келген. Орта бойлы, дембелше, бұғағы шығыңқы, құлжа мойын, дөңгелек бет, аққұба кісі екен. Сылбыр, үздік-создық қол соғылып болар-болмаста мінберге көтерілді. Орысша сөйлеген. Әңгіме тақырыбы – оқу-білім, жаңа заманға сай жаңа ұрпақтың қалыптасуы тұрғысында болды. Ол үшін жоғарғы мектеп атаулыда оқу, мамандық игеру сапасын қазіргіден де көтере түсу қажет екен. Ал әуелгі білімді негіздейтін орта мектептерде міндетті программаны жаңарту, жетілдіру қажет. Бүгінгі өмірге жақын, нақты тәжірибе сабақтары қамтылса. Ал қазақ балалары үшін бастауыш кластардан соң, математика, химия, физика қатарлы техникалық пәндер орыс тілінде жүргізілуі шарт. «Чтобы наши ребята могли свободно поступать в любой ВУЗ Советского Союза, в том числе в Московский и Ленинградский университеты, а также в другие центральные учебные заведения» – «Біздің балалар Совет Одағындағы кез келген жоғарғы оқу орнына, оның ішінде Москва мен Ленинград университетері һәм орталықтағы басқа да оқуларға еркін түсуі үшін», – деген. Ол сөз бізге ұнамады. Үлкен кісіге сұрақ қою мүмкіндігі туралы айтылмаған. Әйткенмен, санаулы болса да әрқилы жазбалар жолданып жатты. Осы орайда, біздің топтан: «Бостандық ауданынан соң, Оңтүстік Қазақстан облысы Өзбекстанға қашан беріледі?» – дейтін қырыс сұрақ кетті. Сауал иесі мен едім, қаламы және қағазы бар Бақыт Сейітжанов дәйектеді. Алдыңғы жігіттеріміздің бірі тура өз қолына апарып берген. Тәшенов дүр сілкінгендей, еңсесін жазып, жалпы жұрт – студенттер қауымына барлай қарап, қиғаш сұрақты оқып шықты да, қазақша: «Бостандық кетті. Алдағы уақытта Оңтүстіктен ұлтарақтай да жер берілмейді!..» – деген. Ол кезде біз білмейміз, ғұзырлы орында отырған Тәшенев Бостандық ауданын Өзбекстанға өткізу туралы жоғарыдан түскен нұсқауды әуелде қабылдатпай тастаған екен, арада біраз уақыт өткенде, 1956 жылдың февраль айында зорлықшыл жарлық күшіне енеді. Және дәп осы, 2 2 университеттегі кездесу кезеңінде тағы үш ауданды Қазақстаннан жырып алу туралы әңгіме шығыпты. Алайда Жұмабек Тәшенев жол бермей тұр екен. Ақыры, көп ұзамай-ақ, күзге қарай Хрущев зорлыққа басып, Оңтүстіктің Мақта арал, Киров, Ильич деген үш ауданы және Қызылорда облысының шегінен көршіге уақытша пайдалануға бөлінген тағы бірталай жер – жиыны 35 мың шаршы шақырым ұлан аймақты Өзбекстанға өткізеді. Және сонымен қатар, енді бүткіл Солтүстік Қазақстан – «Целинный край» аталып отырған бес облысты тұтасымен Ресей Федерациясына қосу туралы мәселе көтерілген екен. Жалғыз Тәшенев қарысып, ССРО конституциясына сілтеме жасап, Одақтас республикалардың өзіндік құқұғын алға тартып, іске асырмай тастапты. Кезінде жалпы жұртпен қатар, біздің студенттер қауымына да дақпырты жетіп жатты, анығы тәуелсіздіктен соң жиырма жыл өткенде ғана мағлұм болып еді. Біз естелік жазбаларымыздың кіріспе ләмінде айтылып, негізінен түбегейлі сақталып келе жатқан жағдаят – қандай да тұлғаның шығармашылық, қоғамдық қызметіне баға бермейміз, тек Тәшеневке байланысты сөз ыңғайынан шығып кетті.
Иә. Сол бір алмағайып, тайғақ заманда, ресми түрде республиканың ең жоғарғы билігінде отырған кісі, әлде көңіл әуезі, әлде жаңа толқынның бет-жүзін сырттай болса да бір көруге құмартты – өзінің кейінгі балаларымен кездесуге келіп еді. Мана айтқанымдай, сол кездегі замана ыңғайынан туындаған қарсылықты амал – мектеп программасының бір бөлігін орыс тіліне көшіру туралы лепесі ұнамаса да, жалпы әсеріміз әжептәуір болды, бұл – тегін адам емес екен.
Екінші жолы кездейсоқта көріп едік. 1960 жыл, сентябрь айының бас кезі. Біз Ақмоланың Атбасар ауданында астық науқанына жегілгенбіз. Алайда, біз барған совхоздағы негізгі жұмыс – пішен жинауға қатысты болды. Август айының басында бітірдік. Бұдан соң екі аптадай әлдебір құрылыс. Ақыры, бар шаруа тәмам. Енді мүлде боспыз. Осының алдында ғана бір жігітіміз машина үстіне үйілген шөмеледен тайқып, ашаға түсіп өлген. Көңіліміз жабырқау. Совхоз орталығында жатырмыз. Жарымқұрсақ ахуал. Не оқитын кітап, не басқадай ермек жоқ. Ауыр да болса, уақыт оздыратын жұмысымыздың өзі жақсы екен.
Сөйтіп, созалаңдап жүргенде, бір күні, таңғы татымсыз ботқадан соң, аяқ астынан аса қажетті шаруа шыға қалған. Картоп жинауымыз керек екен. Біз бір курстан қырық шақты баламыз. Үш-төрт қызымыз жатақта қалып, басқамызды екі машинаға тиеп, қуаң атызға түсіріп кетті. Картоп егістігі аталғанымен, бұрнада жиналған сияқты, алайда шабан-шалағай, әлі де қазылмаған түптері қалыпты, аршылғанының өзі ала-құла, үлкендікішілі түйнектер топырақпен араласа шашылып жатыр. Енді осы жарым гектар алқапты біржола тазартып шығуымыз керек екен. Десе де, қолға ілінер мардымды ештеңе жоқ. Бізді әдейі әкеп тастағаны анық. Осы кезде, кешеден бері айтылып жатқан сыбыс қайтадан күшейіп, нақты жорамалға айналып еді. Республика басшыларының бірі Жұмабек Тәшенев обылысты аралап жүр. Енді тәрізі, біздің совхозға келе жатыр. Солай деп 3 3 шештік. Және қолма-қол қайтадан совхоз орталығына қарай шұбырдық. Аралық тым алыс емес, үш-төрт шақырымдай ғана.
Біз орта жолдан асып, селен шетіне жақындаған кезімізде әуеде Ан-2 ұшағы көрінген. Үстімізден айналып өтті де, көп ұзамай төмен қалықтады. Қонды. Әне келді, түсті, дестік. Жұмабек Тәшеневтің өзі. Бұл кезде Министрлер Советінің төрағасы болатын. Жеделдете басып, совхоз кеңсесінің алдына жеттік. Тәшенев іште екен. Сол сәтінде бар хабарын алдық. Қасында обылыстың әлдебір басшысы, ауданның бірінші хатшысы және тағы үш-төрт кісі бар. Ентелей жапырлап тұрмыз. Көп күтпедік, кеңседегі әңгіме, немесе жеңіл дастарқан аяқталған сияқты, аппақ манардай болып, жарқырап шыға келгені. Соңында шұбырған қосшы, оның ішінде осы совхоздың директоры да бар.
Тәшенев бірден-ақ бізге назар аударған. «Здравствуйте, товарищи студенты!» – деді. Орысша. Содан соң бас-аяғымызға қарап: «Как ваши дела?» – деген. Амансыңдар ма, халдерің қалай... Соңғы сұрағы тіпті жақсы болды. Біз өз ортамыздан «Академик» атанған Бақыт Сейітжановты сайлап қойғанбыз. Бар арызымызды сол жеткізуге тиіс. Орысша айт дегенбіз, аналар да естісін. Тәшенев алға баспай, ортамызға кіре бере бөгеліп қалған еді. Біздің Академик төгілте жөнелді. Жағдайымыз нашар. Өйткені, жұмыс жоқ. Міне, он бес күн болды, бос жатырмыз. Басқа қиындықтар өз алдына. Не оқу жоқ, не жұмыс жоқ, не қайтуға рұқсат жоқ, қамалып отырмыз... «Бұл қалай?» – деген Тәшенев, әлде аудан, әлде обылыс басшысына қарап, дауысын көтермесе де, қатқыл үнмен. Әлбетте, орысша. Біздің совхоз директоры және аудан, тәрізі, облыс басшысы да төмен қарап, бүрсектеп, жерге кіруге шақ қалды. «Жұмыс бар... Тек ертерек («досрочно») бітіріп қойып едік...» «Ертерек бітірсеңдер, студенттерді ертерек қайтару керек еді. Біз астық жинау науқаны дағдарысқа ұшырамасын деп, студенттерді оқуынан айырып, осында жібереміз. Ал олар оқу да жоқ, жұмыс та жоқ, бос жатыр. Тәрізі, тұрмыс жағдайлары да мәз емес. Солай ма? – деді бізге қарап. Онсыз да ширығып тұрған ахуал, қозғалақтағанмен, ешқайсымыз тырс етпедік. – Мына студенттерді Алматыға қайтарыңдар! – деді Тәшенев нығарлап. – Тезінен. Онда оқу басталмаса, мұндағы былықтан («бардак») ес жиып, дем алсын!» Болды. Бөгелместен жүре берген. Қыстақ сыртына, мана ұшақ қонған жаққа. Қосшылар мен қарсы алушылар ұнжырғасы түскен қалпында соңынан шұбатылды.
Біз жатағымызға келген бетте, анау-мынау дүниелерімізді тезінен жинастырып, жолға сайландық. Және көп бөгелместен, совхоз кеңсесіне барғанбыз. Бақыт пен Нұрмахан директорға кіріп шықты. «Ертең...» – деген екен. Біздің екі жігіт қатқыл сөйлесіпті. «Сізге Совмин председателінің жарлығы да сөз емес пе? Бүгін!» – дейді. Сонымен, директорымыз бухгалтерді, тағы бір қызметкерлерін шақыртып, еңбек есебімізді шығара бастады. Бұл кезде түс ауып кеткен. Біз шамасы қырық-елу баламыз. Еңбекақымызды жұмыс аяғына дейін түгендеп бітіре алмады. Кеш – түнге жалғасқан. Ақыры, таңғы сағат бірге таман түгелдей ақшалы болдық. Алды отыз бес-қырық сом. Жұрттың соңынан, кешігіп, 4 4 өз бетіммен келген менің табысым жиырма жеті сом екен. Бәріміз де мәз болдық. Әуелі – мезгілінен бұрын Алматыға қайтарымызға. Содан соң – есепте жоқ тиын-тебенге. Совхоз директоры бастан-аяқ бірге жүрген. Таңға қарамаймыз, қазір кетеміз, дестік. Ашық жүк машинасының үшеуін келтірді. Бірер сағаттан соң, аты есімде жоқ, тақаудағы теміржол бекетіне жетіп едік. Одан арғы жол ашық. Арманды Алматы...
Біздің осы реткі тыңгер хикаямыз әлі бітпепті. Желтоқсанның басы, әлде қарашаның соңы болса керек. Деканат тарабынан хабар жетті. Манағы, ерте қайтқан балаларға сұрау түсіпті. Бәрі емес, екеу-үшеуі Орталық Партия комитетіне жауап-куәлікке баруы керек екен. Бақыт Сейітжанов пен Нұрмахан Оразбеков барсын, дестік. Әңгіме сорабы белгілі еді. Жұмабек Тәшенев Тың өлкеге барған студенттердің үлкен бір тобын қызу жұмыс, қырманнан айырып, ауылға қайтарыпты-мыс. Біздің орысшаға жетік, әрі өжет екі жігітіміз тиесілі кісілерге оқиғаның мәнжайын анықтап айттық деп келді. Әйткенмен, төтенше жағдай еді. Арада бір-екі ай өтер-өтпесте, жаңа, 1961 жылдың январь айының ақырына таман Жұмабек Тәшенев мәртебелі қызметінен алынды деп естідік. Шымкент обылысы Атқару комитеті төрағасының орынбасары дейтін елеусіз жұмысқа жегіпті.
Мен бұдан соңғы заман – аспирант кезімде, одан әрмен, атаулы қызмет жағдайында, үнемі Жұмабек Тәшенев туралы сұрастыра жүрер едім. Оның ішінде Оңтүстік өңірге қатысты азаматтардан. Амандығы, қызымет ахуалы. Көңіл толмаса да, қанағат, тәуба айтар қоңырқай хабарлар. Ақыры, біршама нақты мағлұматқа ұшырастым. Біздің әйелдің әкесімен бірге өскен шөберелес ағамыз, белгілі тіл маманы, профессор, академик Ақмәди Ысқақов Жұмабек Тәшеневпен бұрнадан жалғасқан дос-жаран екен. Өзара байланыс кейін де үзілмеген. Жұмекең ара-тұра Алматыға келісінде мейманханаға түспей, Ахаңның үйінде қонақтаған жағдайлары да болыпты. Мен бажайлап сұрағанда: тумысынан маңғаз, сабырлы, салмақты, деп еді. Нақты қыспақ болмаса да, қағажу қалған жылдардың өзінде мінез-құлқы өзгермеді. Үлкен мансаптан шеттедім дегендей кейісі жоқ. Қайта, мейірлі, қанағатты, деп еді. Ақмәди ағаның бұл сөздерінен мен, тәрізі, Жұмекең өзінің тарихи еңбегінің мәнмағнасын таныған, соған орай, тағдырына ризашылық жағдайда күн кешкен деп білдім. Ал осы үлкен шаңырақтағы Әдия жеңгеміз бір қызғылықты дерек айтқан. Жұмабек өте кірпияз болатын, деді. Жағасына шаң жұқпайды, көйлегін күнделікті ауыстырса керек. Ал таңертең жуынғанда, тіпті, ас арасында қол шайғанда, әрбір жолы, міндетті түрде, басталмаған жаңа сабын қою керек... Тамақты да талғап, шақтап ішетін, деп еді.
Жұмабек Тәшеневтің үлкен мансаптан кейінгі тағдыры бүгінде жалпы жұртқа белгілі. Абаққа кесілмеді, айдауға түспеді. Сол обылыстық Атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне біржола бекіпті. Одан әрі төмендеуі, немесе қуғынға ұшырауы да мүмкін еді, алайда тым көп ұзамай, Хрущевтің өзі бар мансабынан айрылған. Жұмабек Тәшенев бұрнағы бойынан өлшеусіз төмен қызметке қорланбай, міндетін 5 5 абыроймен атқарып, жалпы жұртқа жағымды, беделді қалпында зейнетке шыққан 1975 жылға дейін осы арада отырады. 1986 жылы, жетпіс бір – қазақша санатта жетпіс екі жастан артығымен асып, жаңа мүшелге аяқ басқан қараша айында дүниеден көшкен екен.
Өтті – кетті. Жақын білген, алыстан айбарын таныған бейсауат, көлденең жұрт болмаса, ресми тұрғыда мүлде ұмытылады. Сонымен бес жарым жыл өтсін. Қазақстан тәуелсіздігі. Ешкім еске түсірмеген. Он жыл, он бес, он жеті жыл өтсін. Қазақ елі ресми тұрғыда, де-юре еркіндікке жеткелі тұтас бір мүшел дейік. Жаңа ғасыр, 2003 жыл. Әуелгіше, тырс еткен дыбыс жоқ. Жұмабек Тәшенев дейтін алаш қайраткері бұл өмірде болмағандай. Арысың да, асылың да «тәуелсіздікті өз қолымен алып берген», осы бақытты күнге жеткізген – бір адам. Арыдағы алаш қайраткерлерінің есімдері мен еңбегі сыздықтап айтыла бастады. Бұдан жетпіс-сексен жыл бұрынғы қандай да шаруаның бүгінгі кісімізге көлеңкесі түсуі неғайбыл. Ал беріде Қонаевтың атағы қайта жаңғырып, бейресми түрде санатқа жетті. Соның өзінде Жұмабек Тәшенев атаусыз жатыр.
Жаңағы, біз межелеген 2003 жылдың жаз күндерінің бірі еді. Мен әдеби журналдың бас редакторы ретінде қазақ баспасөзін жіті қадағалап отырам. Ақыры бір күні, жаңылмасам, екінші қатардағы «Алматы ақшамы» газетінен Кәрішал Асановпен көлемді сұхбатқа көзім түсті. Шетін жағдай. Бұл кезде Кәрішал өкіметімнің жақсы есебінде жоқ. Керісінше, сотқа тартылған, айдалып кете жаздаған, ақыры, халықаралық құқұқ қорғау ұйымдарының белсенді араласымен аман қалған. Енді міне, кәдімгідей сұхбат. Әлбетте, тым тереңге жібермейді, негізінен шығармашылық қызмет тарабында. Оның ішінде мені елең еткізген бір үзік болды. Бүгінде мүлде дерлік ұмытылған Жұмабек Тәшенев туралы. Оның жайсаң мінезі, адамгершілік кейпі. Тым жақсы біліпті. Өйткені... Кәрішалдың зайыбы – Жұмекеңнің өмірлік қосағының кенже сіңілісі екен. Яғни, Кәрішал Асанов – Жұмабек Тәшеневтің туған бажасы, шындығында, жас айырымы бойынша, жақын інісі болып шығады. Алғаш үйленген кезінен бастап, үлкен үйге кіріс. Жұмекеңнің жүзін таныған, кеңесін естіген, қамқорлығында болған. Мұндай күтпеген, жақсы хабарға қуанып қалдым. Кәрекеңді бұрыннан білем. Аралық ағайын Аманжол Шамкенов арқылы жұғысып едік. Қонақтаса араласқан жағдайымыз да бар. Оның үстіне пікір ортақтастығы біршама. Сол, қуғынға ілінген жылдарының бірінде журналымда көлемді повесін жариялағам. Енді өзінің адам таң қаларлық қайсар мінезімен қазақ диссиденті аталып, бүгінгі билік, бас тұлға туралы, деректі мағлұматқа толы, әшкерешіл, қалың кітаптарын үсті-үстіне шығарып жатыр. Және әрбір кітабын маған арнайы қолтаңбасымен сыйлайтын. Және кезекті кітабында: бұдан бұрынғы пәленбай кітабымды Мұхтар Мағауинге тартып едім, алай-бұлай болып кетсем, жауабы сол кісіде... деген тұрғыда ескертпе жазады. Хош. Кәрішал екеуіміздің қатынасымыз өзара сеністі және еркін екен. Енді, мына сұхбатты оқи сала, тікелей телефон шалдым. Ресми баспасөздегі жария пікіріне ризашылық үстінде, Жұмабек Тәшенев мәселесін көтерген 6 6 едім. Бұрын білмеппін, солай да солай екен. Енді біздің «Жұлдыз» журналына осы ағаң туралы естелікті, деректі мақала жазып берсең... Кәрекең аз-маз ойланып қалды. Тағы айттым: Жұмекең қазақ халқы ұмытатын ер ме еді. Бүгінде көлеңкесі де жоқ, мүлде болмағандай. Сонда кім жоқтайды, кім көтереді? Мен жазар едім, ешбір жөнін білмеймін және тақырыбым басқа. Енді біреулер жазуға қорқады, немесе жаза алмайды. Сен жазуың керек. Басқа артықшылығың үстіне, жақын туысқаның, қанатының астында болдың және бар жағдайын жақсы білесің!..» – дедім. Ақыры Кәрекең келісті. Іркілме, ойдағы толғамыңның бәрін шығар, журнал менің қолымда, қазір цензура жоқ, тезінен басып шығарам! – дедім. Осыған келістік.
Арада бірер ай өткенде Кәрекең Жұмабек Тәшенев туралы көлемді мақаласын алып келді. Мен мейлінше қуанып, Кәрекеңді құттықтадым. Ертең осы уақытта редакцияда кездесейік, дегем. Үйге апарып оқыған едім. Бәрі ойдағыдай. Мәнді, маңызды, нақты. Айтқанымдай, ертеңіне оңаша, байсал отырдық. Тамаша, – дедім. – Мына мақаладан соң Жұмабек Тәшенев туған халқымен қайтадан табысады. Алдағы номерге салам. Бірақ... кішкентай кілтипан бар. Сен Жұмекеңді айта отыра, Қонаевқа қатты шүйлігеді екенсің. Бәрі де орынды. Ақиқат, дәлелді. Алайда, сенің осы орайдағы үкім сөздеріңді іркіп қалуға тура келеді. Мәселен, мынау... Анау... Кәрекең шалқасынан түсе жаздады. Онда баспай-ақ қой, деген. Мен айттым: біздің негізгі мақсат – Қонаевты қаралау емес, Тәшеневті әйгілеу ғой. Қонаевқа тиесілі нақты деректер – Хрущевтің ырқынан шыға алмағаны. Осыған орай, Оңтүстік аудандар және Тың өлкесіне қатысты тайғақ, келісімпаз жағдайлары орнында қалады. Тек осы мәселелердің таратылып айтқан талдауы мен бағасы ғана қысқарады. Мен сенің пікіріңе қарсы болып, немесе қорқақтап отырғам жоқ. Егер мақалаңды осы қалпында жіберсек, жұрт назары Тәшеневтің ерлік қызметіне емес, оған серіктесе алмаған, бірақ бүгінде әулие ретінде насихатталып жатқан Қонаев туралы сынға ауып кетеді... Кәрекең арыны басылып, ойланып қалды. Және айттым: Кәреке, сенің бұл мақалаң – Тәшеневті жаңадан, қайта танудың басы болмақ. Беташар еңбек, әуелгі кілт. Сен бүгінгі өкіметіміз бен оның көсемін теріске шығарған кітаптарыңның өзін жарияға жеткізіп отырсың. Мына мақаланы әуелгі қалпында, бәлкім, толықтырып, кеңейтіп, қайыра бастыру – сен үшін үлкен проблема емес. Үлкен проблема – осы алғашқы басылымын жүзеге асыру. Сол үшін қолыңды бер! – дедім. Қабағы салыңқы отырған Кәрекең жымия күліп, қолымды алды.
Қайтпас күрескер Кәрішал Асановтың «Шынжырда өткен жолбарыс» атты дәйекті, көлемді мақаласы, «Жұмабек Тәшенев туралы толғау» деген қосымша тақырыбымен, ешқандай тоқтаусыз, «Жұлдыз» журналының кезекті 10-санында басылып шыққан еді, 2003 жыл. Мана айтқанымдай, қазақ халқының арда ұлы, қаһарман қайраткер Жұмабек Тәшеневті жаңадан тану, туған жұртына қайтару жолындағы алғашқы және шешуші фактор болды. Тыйым салынбаса да жабық жатқан тақырып оқыс жанданыпты. Бұдан соңғы кезеңде Жұмабек Тәшенев 7 7 тақырыбына қалам тартқан журналист, зерттеуші, жазушы атаулы күні бүгінге дейін осы «Жұлдыз» журналындағы түпнұсқа мақалаға сілтеме жасап жатады.
Ал Кәрекеңнің өзі атаулы толғауын әуелгі, қолжазба қалпына түсіріп, және мейлінше толықтырып, байыпты, үлкен еңбекке айналдырды және келер жылы, басқа да әрқилы дерек, мақалалармен үстемелеп, бұрнағы «Шынжырда өткен жолбарыс» атауы бойынша көлемді кітап қылып шығарды. Алғашқы даналарының бірін маған сыйлаған еді. Осы, Жұмабек Тәшенев туралы кітаптың жазылуына себепкер болып едің деген тұрғыда, жүрекжарды қолтаңбасы бар (Кітап Алматыда қалған, құдай қаласа, кейінірек нақтылап, сөзбе-сөз келтіремін.) Ықыласына рақмет. Алайда, Батыс әлемде мұндай ілтипатты сөз кітаптың өз ішінде – алғысөз, не басқа бір ретімен айтылар еді. Уақасы жоқ. Біз өзіміз үшін емес, Алаш жұртының асқақ рухы үшін, расында да шынжырда өткен жолбарыс, бірақ бұғауға түсерден бұрын өлшеусіз ерлік жасап, өз есімін қазақ тарихында мәңгілікке қалдырған Жұмабек Тәшенев үшін, біліп тұрған, қолынан келіп тұрған азаматқа азғана қозғау салдық. Бәлкім, біз айтпай-ақ, уақыт оза келе бәрібір жазар еді. Ол жазбаса, он, жиырма жыл, ақыр түбінде басқалар көтермек. Алайда, бүгінде жалпы жұрт ерлігін мойындап, жаппай таныған Жұмабек Тәшеневті туған халқына қайтару жорығында бірінші орын – Кәрішал Асановқа тиесілі деп, атап айтуға керек.
21–22.ІV.2018,
Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ
Т. Раушанұлы