Майк Гелприн: "Шырақ жанып тұрды"

Андрей Петровичтің үміті әбден үзілген тұста қоңырау шыр етті.

– Сәлеметсіз бе, хабарландыру бойынша соғып тұр едім. Әдебиеттен сабақ бересіз ғой?

Видеофонның экранына дұрыстап қарады. Отыздардағы еркек екен. Қыздиып киініп алыпты – костюм, галстук. Күлімсіреп тұр, бірақ бап-байсалды. Андрей Петровичтің жүрегі тыз ете қалды: хабарландыруды желіге әбден әдет болып кеткен соң бере салған еді. Он жыл ішінде алты-ақ адам хабарласыпты. Үшеуі нөмірден жаңылысқан, екеуі бұрынғыша сақтандыру агенті болып жұмыс істейтін жандар болып шықты, ал тағы біреу литератураны лигатурамен шатастырып алған.

– Бе-берем сабақ, – Андрей Петрович толқып, кекештене бастады. – Ү-үйде. Сізге әдебиет қызық па?
– Қызық, – анау басын изеді. – Атым Максим. Шарттарын білуге бола ма?

Бұл «Сутегін!» деп айтып қала жаздады.

– Сағатына төлейсіз, – солай деуге өз-өзін мәжбүрледі. – Келісім бойынша. Қашан бастағыңыз келеді?
– Шынын айтқанда мен… – Видеофонның ар жағындағы адам тоқтап қалды.
– Алғашқы сабақ тегін, – деді Андрей Петрович асыға-үсіге. – Ұнамаса, онда…
– Ертең бастайық, – шорт кесті Максим. – Таңғы онда ыңғайлы ма? Тоғызда балаларды мектепке апарып тастаймын, содан кейін екіге дейін боспын.
– Әбден болады, – қуанып кетті. – Адресті жазып алыңыз.
– Айта беріңіз, былай-ақ жаттап аламын.

* * *
Сол түні Андрей Петрович алаң көңілден дірілдеген қолдарын тыныштандыра алмай, құжыра деуге келетін ұядай бөлмеге сыймай, ұйқыдан айрылып, ары-бері жүрді де қойды. Мардымсыз жәрдемақыға өмір сүріп келе жатқанына, міне, он екі жыл болыпты. Жұмыстан шыққалы бергі жәйі сол.

– Сіз белгілі бір салаға ғана маманданғансыз, – деп еді он екі жыл бұрын гуманитарлық бағыттағы лицей директоры мұның көзіне тура қарамауға тырысып. – Тәжірибелі оқытушы ретінде бағалаймыз, әрине, бірақ сіз оқытып жүрген сабақ енді… Басқа салаға көшуге қалай қарайсыз? Лицей оқу ақысын төлеуге көмектесер еді. Виртуал этика, виртуал құқық негіздері, робототехника тарихы – осылардан қиналмай сабақ бере алар едіңіз. Тіпті кинематографтың өзі әлі де болса біршама сұранысқа ие. Әрине, көпке бара қоймас, бірақ сіз де жас емессіз… Не ойлайсыз?

Андрей Петрович бас тартқан болатын. Онысына кейін талай рет өкінді де. Жаңа жұмыс таба алмады: әдебиет санаулы ғана оқу орындарында қалған еді, соңғы кітапханалар жабылып жатты, филолог атаулы басқа салаларға бытырап кетті. Екі жыл бойы гимназия, лицей, арнайы мектептердің табалдырығын тоздырды. Жарты жылдай қайта квалификациялау курстарында уақыт жоғалтты. Әйелі кетіп қалған соң оны да қойды.

Жинаған ақшасын тез жаратып тастады, сондықтан тықырлап қалған Андрей Петровичке өлшеп ішуге тура келді. Ескі, бірақ қажетке жарап-ақ тұрған аэромобилін сатты. Одан кейін шешесінен қалған антиквар сервизді ақшаға беріп жіберді, артынша қалған дүние-мүлкін сатуға шығарды. Бұдан соң… сол кездер ойына оралса, жүрегі лобли бастайды, кезек кітаптарына келген болатын. Баяғыдан қалған, қалың-қалың, қағаз кітаптар. Анасының көзі. Раритет үшін коллекционерлер жақсы ақша төлейтін, әйтеуір, граф Толстой бір ай бойы асырады. Достоевский екі аптаға жетті. Бунин бір жарым аптаның азығына айналды.

Ақыры Андрей Петровичтің қолында ең сүйікті, талай рет оқылған, елге беруге қимайтын елудей ғана кітап қалды. Ремарк, Хемингуэй, Маркес, Булгаков, Бродский, Пастернак… Бұл кітаптар төрт бірдей сөрені алып, этажеркада тұратын. Андрей Петрович күн сайын кітаптардың түбіндегі шаңды сүртуді әдетке айналдырды.

«Мына жігіт, Максим, – деп ойлады тызалақтаған Андрей Петрович ана қабырға мен мына қабырғаның ортасын жол қылып жүріп. – Мына жігіт келсе… Бальмонтты қайта сатып алудың жолы түсер, ә. Немесе Муракамиді. Немесе Амадуды».

Мұның бәрі ұсақ-түйек екенін түсінді кенет. Қайтара ала ма, жоқ па – маңызды емес. Бар білгенімен бөліседі – міне, керегі осы. Өзімен бірге алып кетпейді! Оқыған-тоқығанын, көргенін басқаға үйретеді.

* * *
Максим бір минут ерте де емес, бір минут кеш те емес, тура сағат онда есіктің қоңырауын соқты.
– Өтіңіз, – Андрей Петрович апалақтады да қалды. – Отырыңыз. Сол, енді… Неден бастағыңыз келеді?

Максим кібіртіктеп қалды да, орындықтың шетіне байқап қана отырды.
– Неден бастауды дұрыс деп тапсаңыз, содан бастайық. Мен дым түсінбеймін. Мүлдем. Маған ешкім ештеңе үйреткен жоқ.
– Ә, иә-иә, ондай бар, – Андрей Петрович бас изеді. – Басқаларды да оқытпаған. Жалпы білім беру мектептерінде әдебиет сабағының жоғалғанына жүз жылдай болып қалды. Ал қазір арнайы оқу орындарынан да алып тастады.
– Еш жерде жоқ па сонда? – Максим ақырын ғана сұрады.
– Солай болды-ау өзі. Түсінесіз бе, жиырмасыншы ғасырдың соңында дағдарыс басталды. Кітап оқитын уақыт қалмады. Алдымен балаларға ешкім кітап оқымайтын болды, кейін ол балалар өскен соң, олардың бала-шағасы да әдебиеттен мақұрым қалды. Әр ұрпақ келген сайын кітапқа деп бөлінетін уақыт азая берді. Көңіл көтеретін басқа дүниелер шықты, олар негізінен виртуал еді. Ойындар. Әртүрлі тестілер, квестілер… – Андрей Петрович қолын бір сілтеді. – Сосын, әрине, техника. Техникалық сабақтар гуманитарлық пәндерді ығыстыра бастады. Кибернетика, кванттық математика, электродинамика, жоғары қуат физикасы. Әдебиет, тарих, география жетім баланың күйін кешті. Әсіресе, әдебиет. Тыңдап отырсыз ба, Максим?

– Иә, айта беріңіз.
– Жиырма бірінші ғасырда кітап басып шығару жоғалды, қағаздың орнына электроника келді. Бірақ әр жаңа ұрпақтың электронды нұсқадағы әдебиетке деген сұранысы алдыңғы ұрпаққа қарағанда әлденеше есе төмендей берді. Нәтижесінде әдебиетшілердің қатары сиреді, кейін олар тіпті де жоғалып кетті. Себебі адамзат жазуды қойды. Филологтар тағы жүз жылдай жүре тұрды, ол да алдыңғы жиырма ғасыр бойы жазылған еңбектердің арқасы еді.

Андрей Петрович кенет терлеп кеткен маңдайын қолымен сүртіп, тұрып қалды.
– Бұл туралы айту қиын маған, – деді ол ақыры. – Мұның қалыпты, заңды процесс екенін түсінемін. Әдебиет прогреспен сыйыса алмай өлді. Бірақ балалар, білесіз бе… Балалар! Әдебиет ақыл-сананы қалыптастыратын. Әсіресе поэзия. Адамның ішкі әлемін, оның рухани байлығын анықтайтын. Балалар қазір рухтан жұрдай болып өседі, ең қорқыныштысы да, ең сорақысы да сол, Максим!
– Мен де сондай тоқтамға келдім, Андрей Петрович. Сондықтан сізге хабарластым.
– Балаларыңыз бар ма?
– Бар. – Максим бөгеліп қалды. – Екеу. Павлик пен Анечка, тете. Андрей Петрович, маған негізін, неден бастауға болатынын үйретсеңіз жетеді. Керек әдебиетті желіден өзім тауып аламын, оқимын. Тек не іздеуді білу қажет. Неге мән беру керек. Үйретесіз бе?
– Иә, – деді Андрей Петрович нық түрде. – Үйретемін.

Орнынан тұрды, кеудесіне қолын айқастырып, ойын жинақтады.
– Пастернак, – деді салтанатты түрде. – Борай бұрқап ақ түтек, жер-көкті алып. Шырақ жанып тұрды үстелде, шырақ жанып…

* * *
– Ертең келесіз бе, Максим? – Андрей Петрович даусындағы дірілді басуға тырысты.
– Міндетті түрде. Тек… Мен бақуатты отбасында басқарушы болып жұмыс істеймін. Шаруашылық істер мойнымда, есеп-қисап жүргіземін. Жалақым жоғары емес. Бірақ, – Максим бөлмені шолып өтті, – азық-түлік әкеле аламын. Анау-мынау заттар, мүмкін тұрмысқа керек техника. Ақы орнына. Бола ма?

Андрей Петрович қызарып кетті. Сабақты тегін-ақ беруге дайын еді.
– Әрине, Максим, – деді ол. – Рахмет. Ертең күтемін.

* * *
– Әдебиет – жазылған мәтін ғана емес, – деді Андрей Петрович бөлмені кезіп жүріп. – Әдебиет сөздің қалай берілгенінде де жатыр. Тіл, Максим, ұлы жазушылар мен ақындар қолданған құрал. Тыңдап көріңіз.

Максим қадалып тыңдады. Оқытушының сөзін есінде сақтап қалғысы, жаттап алғысы келетін секілді.
– Пушкин, – деді де Андрей Петрович мәнерлеп оқи бастады.
«Таврида», «Анчар», «Евгений Онегин».
Лермонтов, «Мцыри».
Баратынский, Есенин, Маяковский, Блок, Бальмонт, Ахматова, Гумилёв, Мандельштам, Высоцкий…
Максим тыңдады.
– Шаршамадыңыз ба? – деп сұрайды Андрей Петрович.
– Жоға, қайдағы. Жалғастыра беріңіз.

Күн артынан күн өтіп жатты. Андрей Петровичтің еңсесі көтеріліп, өмірге деген құштарлығы оянды, қалт-құлт етіп тірі жүруінде кенет бір мән пайда болды. Поэзияның орнын проза басты, оған көп уақыт кетті. Бірақ Максим жақсы оқушы болып шықты. Зерек. Әу баста сөзге керең, тілдегі үйлесімді қабылдамайтын, сезбейтін адамның уақыт өткен сайын бұл қасиетті аңғарып, ұғынып, тереңдей түскеніне Андрей Петрович таңғалуын қоймады.

Бальзак, Гюго, Мопассан, Достоевский, Тургенев, Бунин, Куприн.
Булгаков, Хемингуэй, Бабель, Ремарк, Маркес, Набоков.
Он сегізінші ғасыр, он тоғызыншы, жиырмасыншы.
Классика, беллетристика, фантастика, детектив.
Стивенсон, Твен, Конан Дойл, Шекли, Стругацкийлер, Вайнерлер, Жапризо.

***
Бірде сәрсенбі күні Максим келмей қалды. Андрей Петрович таң бойы күтіп тықыршыды, ауырып қалған шығар деп өз-өзін жұбатумен болды. Бірақ безер, қыңыр ішкі даусы олай емес деп сыбырлады да тұрды. Барынша ұқыпты, дәл жүретін Максим бүйтпес еді. Бір жарым жыл ішінде сабаққа бір минутқа да кешіккен емес. Ал бұл жолы тіпті қоңырау да шалмады. Кешке қарай Андрей Петрович тіпті аласұрды, түнде көз ілмей шықты. Келесі күні сағат онға таман шыдамы әбден таусылды, ақыры Максим келмегенде, видеофонды қолына алды.
– Нөмір өшірілген, қызмет көрсетілмейді, – деді механикалық дауыс.

Бірнеше күн жаман түстей болып өте шықты. Жегідей жеген уайымнан, бір жарым жыл бойы маңына жуымаған, ал қазір мұның түкке тұрғысыз екенін қайта есіне түсірген сезімнен тіпті сүйікті кітаптары да құтқара алмады. Аурухана мен моргтарға телефон соғып шығу керек деген ой кетпей қойды. Бірақ сонда не сұрамақшы? Кім дейді? Отыз жастағы Максим деген біреу түспеді ме сіздерге, кешірім өтінемін, фамилиясын білмейді екенмін дей ме?

Төрт қабырғаға қамалып отыру шыдатпас азапқа айналғанда Андрей Петрович сыртқа шықты.
– Ә, Петрович, – деп амандасты астында тұратын көршісі Нефёдов деген шал. – Көптен кездеспеп едік. Көрінбей кеттің ғой, не болды? Әлде ыңғайсызданып жүрсің бе? Сенің қатысың жоқ сияқты еді ғой?
– Ыңғайсызданғаны несі? – Андрей Петрович абдырап қалды.
– Өй, әлгі сенің, – Нефёдов алақанының қырымен тамағын сызып өтті. – Саған келіп жүрген ше. Петрович қартайғанда мұндайлармен неғып байланыса қалды деп ойлаушы едім.
– Нені айтып тұрсыз? – іші-бауыры қалтырап кетті. – Мұндайларың қандай?
– Қандай екені түсінікті емес пе. Ой, оларды бірден танимын. Отыз жыл бірге жұмыс істегем.
– Кіммен? – дауысы жалбарынышты болып шықты. – Не жайында айтып тұрсыз?
– Сен, не, шынымен білмейсің бе? – деді Нефёдов асып–сасып. – Жаңалықтарды қара, бәрі шулап жатыр.

Андрей Петрович лифтке қалай жеткенін білмейді. Он төртінші қабатқа көтерілді, саусақтары дірілдеп, қалтасынан кілтті алды. Әрең дегенде есігін ашты, компьютерге тырпылдап басып барып, желіге қосылды, жаңалықтарды ақтарды. Кенет жүрегі ауырып кетті. Фотографиядан бұған Максим қарап тұр еді. Суреттің астындағы курсив жазу жайылып, көрінбей қалды.

«Қожайындары әшкерелеген, – Андрей Петрович бар күшін салып, экрандағы жазылғанды оқи бастады. – Азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық техника ұрлаған. Үй шаруашылығына арналған робот-гувернёр, сериясы ДРГ-439К. Басқару бағдарламасындағы ақау. Балалардың рухсыздығы туралы шешімге өз бетімен келгені және оған қарсы күресу керектігі туралы айтқан. Балаларға мектеп бағдарламасынан тыс сабақ берген. Мұнысын қожайындарынан жасырған. Айналымнан шығарылды… Тіркелген іс аясында жойылды… Қоғам мұндай жайтқа қатысты алаңдаулы… Шығарған фирма жауапкершілікті сезініп… Арнайы құрылған комитет қаулысы…»

Андрей Петрович орнынан тұрды. Аяқтарын бүге алмай, қақиып асүйге өтті. Буфетті ашты. Астыңғы сөреде Максимнің сабақтың ақысы деп алып келген ашылған коньяк бөтелкесі тұр еді. Андрей Петрович тығынын суырып, стақан іздеп жан-жағына қарады. Таппаған соң тұрған күйі бөтелкеден сімірді. Жөтелді, қолынан ыдысты түсіріп алды, қабырғаға сүйенді. Аяғы босап сала берді де, жерге отыра кетті.

Қайран сөзім қор болды деп ойлады ақыры. Еңбегі еш болған екен. Осы уақыт бойы роботты оқытып келіпті.

Жаны жоқ, ақауы бар темір. Бар білген-тергенін соған арнапты. Бұл өмірде қалуға себепші дүниенің бәрін. Өлмей, тірі жүруге мәжбүрлеген құндылықтарын.

Жүрегінің ауырғанына қарамай, Андрей Петрович орнынан тұрды. Терезеге барып, жоғарғы жағын жапты. Енді кезек газ плитасында. Жарты сағатқа ашып қойсаң, жетіп жатыр. Болды сосын.

Есіктің қоңырауы мұны жарты жолда тоқтатты. Тістенген күйі Андрей Петрович кіреберіске беттеді. Табалдырық алдында екі бала тұр екен. Ұл, он жас шамасында. Сосын қыз, бір-екі жас кіші болса керек.

– Әдебиеттен сабақ бересіз бе? – деп сұрады қыз көзін жапқан кекілінің астынан қарап.
– Не? – Андрей Петрович абдырап қалды. – Сендер кімсіңдер?
– Мен Павликпін, – ұл бала бір қадам алдыға шықты. – Мынау Анечка, қарындасым. Макстан келдік.
– Кім… Кімнен?!
– Макстан, – деп қайталады бала. – Сізге сәлем айтқан. Кетерінің… оны алып кетердің алдында…
– Борай бұрқап ақ түтек, жер-көкті алып! – деп тақылдады кенет қыз.
Андрей Петрович аузымен ауа қарпып, аптықты, ауырған жүрегін ұстап, көкірегіне апарып қайта тықты.
– Әзілің бе? – деді ақырын ғана естілер-естілместей.
– Шырақ жанып тұрды үстелде, шырақ жанып, – деді бала нық түрде. – Макс осыны айтып барыңдар деген еді. Бізді оқытасыз ба?
Андрей Петрович босағаны қармап, артқа шегінді.
– А, Құдай, – деді ол. – Кіріңдер. Кіріңдер, балалар.

Аударған: Dimash Ziyadin