Массагет порталы осы аптада оқитын кітаптар тізімін ұсынады.
© knigi-dostoevskogo
"Өлі үйдегі жазбалар" (Записки из Мёртвого дома) – Фёдор Михайлович Достоевский
Оқиға әйелін өлтіргені үшін 10 жылға түрмеге қамалған дворян Александр Петрович Горянчиковтің атынан баяндалады. Әйелін қызғаныштан өлтірген Александр Петровичтің өзі кісі өлтіргенін мойындап, ауыр қылмыс істегеннен кейін туыстарымен барлық байланысын үзіп, Сібірдің К. қаласындағы елді мекенде қалып, оңаша өмір сүріп, күнкөріспен айналысады.
Түрмеде оны тұтқындардың көпшілігі тең санамайды, сонымен бірге оның тектілігін құрметтейді. Бірінші "соққыдан" аман қалған Горянчиков түрме тұрғындарының өмірін қызығушылықпен зерттей бастайды, өзі үшін "қарапайым адамдарды", олардың жақсы және жаман жақтарын ашады.
Аталған роман туралы заңғар жазушы Мұхтар Мағауин өте жоғары баға беріп, әрбір адам оқуы тиіс кітап деген.
© vk.com
"Оң қол" – Төлен Әбдікұлы
"Оң қол" белгілі жазушы Төлен Әбдікұлының бірқатар повестері мен әңгімелері топтастырылған кітап. Бұл жинаққа кезінде әдеби қауым мен жұртшылық жоғары бағалаған "Оң қол", "Әке", "Ақиқат", "Тозақ оттары жымыңдайды" т.б шығармалар енген.
"Оң қол" әңгімесі - бір романның жүгін арқалаған шығарма. Психиатриялық ауруханада жұмыс істейтін жас дәрігердің атынан баяндалады. Бұл жерде ұйықтап жатқанда оң қолы өзіне шабуыл жасап, буындыратын қыз жатады. Жас дәрігер оны емдеуге әрекет етеді.
Чехов әңгімелері
Чеховтың балалық шағы өзгеше өткен. Басқа балалардай көшеде ойын қуып, қыдырудың орнына ол таңғы бестен түнгі он бірге дейін бауырларымен бірге әкесінің дүңгіршегінде жұмыс істеген. Жұмыс істеп жүріп, гимназияда білім алып және цирк хорында ән салып та үлгерген. Әкесі отбасы мүшелеріне қатал болғандықтан, Чеховқа тігіншілік өнерін меңгеруге тура келеді. Осылайша жазушының балалық шағы да, жастық шағы да өте ауыр өтеді. Сондықтан болар ол өзі көрген аңғал, сауатсыз кейде надан бірақ жаны таза, баладай пәк адамдарды қысқа әңгімелеріне арқау етіп отырған.
Ұлы жазушының әңгімелер жинағы қазақ тіліне де бірнеше рет аударылды. Оның "Чиновниктің ажалы" кітабы 2020 жылы "Qasym" баспа үйі жарыққы шығарған. Бұл жинақтан "Орден", "Жуан мен жіңішке", "Хамелеон", "Маска" сиықты әңгімелерді оқуға болады.
Асқар Алтай – "Казино" (Абсурд әлем әңгімелері)
Жазушы Асқар Алтай "Казино" атты кітабында қоғамда болып жатқан проблемалық мәселелерге, адамның жеке басының мүддесі мен ішкі рухани әлемі туралы айтылады.
30 әңгімеден құралған бұл кітаптың тек бір әңгімесі ғана "Казино" деп аталады. Бірінші тарау – "Кентавр", екіншісі – "Альпинист", үшіншісі – "Мар" деп аталады.
Бұл кітапта қаламгерлер және оқырмандар тарапынан өте жоғары бағаланған "Киллер сауысқан" әңігемісі енген.
© raptisrarebooks
Герман Мелвилл – Моби Дик немесе Ақ кит (Moby-Dick, or The Whale, 1851)
Америка Құрама Штатының әдебиеті тарихында Герман Мелвилл (1819-1891) шығармашылығы образды және аса көрнекті құбылыс болып саналады. Ол әлем әдебиетінің аса құнды шығармаларының бірі болып танылатын "Моби Дик немесе Ақ Кит" туындысы арқылы американың классик жазушыларының қатарынан өзіндік орнын алды.
Бұл оқиға американдық теңізші Исмаил атынан баяндалады, ол кит аулайтын Пеквод кемесімен саяхаттайды. Оның капитаны Ахаб Моби Дик деген атпен белгілі кит аулаушыларды қан қақсатқан китті аулау үшін бар күшін жұмсайды. Алдыңғы саяхатта киттің кінәсінен Ахаб аяғынан айырылып, капитан содан бері протез аяқты пайдаланып келеді.
Ахаб теңізді үнемі бақылап тұруды бұйырады және Моби Дикті бірінші көрген адамға алтын дублонды уәде етеді. Кемеде қорқынышты оқиғалар орын ала бастайды.
Романда оқиға желісінен көптеген ауытқулар бар. Сюжеттің дамуымен қатар автор киттер мен кит аулауға қатысты көптеген мағлұматтар береді, бұл романды "кит энциклопедиясына" айналдырады. Екінші жағынан, Мелвилл мұндай тарауларды практикалық мағынада символдық немесе аллегориялық екінші мағынаға ие дискурстармен араластырады.
© adebiportal.kz
"Талтүс" – Таласбек Әсемқұлов
Таласбек Әсемқұловтың "Талтүс" романы өзінің айтуы бойынша өмірбойы жазылған ғұмырбаяндық роман. Романда жазушы балалық шағындағы естеліктерін, ата-бабаларымыздың бойындағы керемет таланттар мен сол қабілеттердің ұрпаққа берілмей, жоғалып бара жатқандығын қынжыла баяндайды.
Күйшінің ұстаздары мен атасы, роман кейіпкерлерінің өмірі, болмысы өзгеше. Оқырман кеңес мектептерінде айтылмаған, қазақ тарихындағы жаңа мәліметтермен таныс болады. Шығармада күйші Жүнісбай қарттың прототипі - Сабыт ақсақал, ал автордың өз прототипі - Әжігерей.
"Талтүс" романы жазушының "Аштық пен соғыс" атты мақаласымен үндес келеді.
© buklya
"1984" – Джордж Оруэлл (Nineteen Eighty-Four)
Бұл Джордж Оруэллдің 1949 жылы жарық көрген дистопиялық романы. "1984" Евгений Замятиннің "Біз" (1920), Олдос Хакслидің "Батыл жаңа әлем" (1932) және Рэй Брэдберидің "Фаренгейт бойынша 451 градус" (1953) шығармаларымен қатар дистопияның үлгілерінің бірі саналады.
Автор шығармасы арқылы 3 ірі тоталитарлық мемлекетке бөлінген, мезгіл-мезгіл одақтасатын, кейін бір-бірімен соғысатын әлемге оқырманын сіңіреді. Көкені барлық жерде насихаттайды. Барлығы бірін-бірі айыптайды. Баласы ата-анасына, ата-анасы баласына қарсы шығады.
Романның бас кейіпкері Уинстон Смит "Ақиқат" министрлігінде жұмыс істейді. Оның міндеттеріне тарихи деректерді қазіргі уақыттың пайдасына өзгерту кіреді. Жұмысы, күнде көріп жүргені қазіргі режимге күмән келтіреді.
Ол өзінің әріптесі О'Брайенді де осы режимге қарсы деп ойлайды.
Әріптесі Юлияны ұнатады. Бойжеткен де осы жүйеге қарсы адам болып шығады. Бірақ бұл елде некесіз адамдар арасындағы романтикалық қарым-қатынасқа тыйым салынған болатын. Қос ғашық қоқыс дүкенінің үстіндегі бөлмені жалға алып, жасырын кездесіп жүреді. Олар бір күні О'Брайенге саяси көзқарастарын білдіреді.
Бірақ соңында екеуі ұсталады. Пәтерді жалға беруші "Ой" полициясының мүшесі болып шығады, олардың ісі бойынша тергеуді О'Брайеннің өзі жүргізеді.