- Негізгі бет
- Әдебиет
- Массагет оқуға ұсынатын...
Массагет оқуға ұсынатын 2021 жылы жарық көрген кітаптар
"Мен бойымдағы барлық жақсы қасиеттер үшін кітапқа борыштармын" деген екен әйгілі жазушы Максим Горкий. Кітап адам жанын ізгілендіретін ең үлкен құрал. 2021 жылы пандемияға байланысты қиын жыл болғанымен әлем һәм қазақ жазушылары да қарап қалмай оқырман қауымға жаңа кітаптарын ұсынды. Қайсы бір жақсы кітапты оқып шығып, өз өмірінің жаңа дәуірін ашқан адамдар қаншама. Ендеше сіздер де жаңа дәуірлер есігін ашсын деген мақсатта үздік деген 7 кітап тізімін келтірдік. "Кітапты өртеуден де үлкен қылмыс бар, ол кітапты оқымау" екенін естен шығармасақ екен.
1. Казуо Исигуро – “Клара мен Күн”, (Klara and the Sun)
“Клара мен Күн” – күн энергиясымен жұмыс істейтін Клара есімді андроидтің оқиғасы. Клараны ауыр науқасқа шалдыққан қызына серік болсын деп бір ана сатып алады. Роман Америка Құрама Штатының утопиялық болашағын баяндайды.
Исигуро кітабындағы роботтар зұлым күштер емес. Керісінше, олар адамдарға серік болады.
2. Мақсат Мәлік – "Ағаш адам"
Оқырман қауымды "Жұмбақ кітап" шығармалар жинағымен елең еткізіп, әдебиет әлеміне өзінше өрнек салып, тың сүрлеумен келген жазушы Мақсат Мәліктің кезекті кітабы – "Ағаш адамы да" таңдай қақтырмай қоймайды. Алуан тағдырлы адам бейнесінің өзін тәрбиелеу жолындағы әрекеттері әсер береді. Әңгімелер жинағынан оқырман қауымның жүрегінен орын алған "Барсик", "Ағаш адам", "Құдық басындағы екеу" т. б шығармаларды оқуға болады. Аталмыш кітап 2021 жылы "Abai" баспасынан жарық көрген.
3. Гузель Яхина – "Самарқанд эшелоны" ("Эшелон на Самарканд")
"Самаркандқа жол шыққан эшелон" – татар жазушысы Гузель Яхинаның 2021 жылы наурызда жарық көрген романы. Ол аштыққа ұшыраған Еділ бойынан бес жүз баланы құтқару туралы әңгімелейді.
Роман оқиғасы 1923 жылы ашаршылыққа ұшыраған Еділ бойының балаларын оңтүстікке апаратын "Дзержинский пойыздарының" бірінде өтеді. Эшелон Қазаннан Самарқандқа барады. Оны азаматтық соғыстың жас әрі жұмсақ ардагері Деев пен принципшіл, қатал "балалар комиссары" Белая басқарады. Кітап динамикалық сюжетімен ерекшеленеді.
4. Досхан Жылқыбай – 18:47
Жас жазушы Досхан Жылқыбайдың тырнақалды туындысы 18:47 деп аталады. Автордың бұл еңбегіне оқырмандар тарапынан жылы қабылданған "Квант", "Алхимия" сынды әңгімелері мен эссе-очерктері енген. Әр шығарманы оқи отырып автордың әр түрлі ізденістер мен эксперименттерге барғанын аңғаруға болады.
5. Elif Şafak – "Ыстамбұл бейбағы" ("Стамбульский бастард")
"Ыстамбұл бейбағы" романы ХХ ғасырдың басында өз отанындағы ажырасқан түрік және армян екі отбасының өмірін баяндайды. Отбасылық құпияның шиеленісін ашып, өзін түсінгісі келетін армян текті америкалық Армануш Стамбулға Сан-Францискодан келеді. Ыстамбұлда өгей әкесінің түрік туыстарында тұрады, ол жерде өзінің он тоғыз жасар құрдасы Әсиямен кездеседі. Қыздар тәрбие, білім, тарихи шындыққа деген әртүрлі көзқараспен бөлінгеніне қарамастан, тез ортақ тіл табады... Бұл көп балалы отбасы мүшелерінің ешқайсысы өткеннің қасіреті оларды көзге көрінбейтін жіппен тығыз байланыстырды деп ойламайды.
6. Бақытбек Қадыр – "Жасыл шатырлар"
Автордың бұл кітабында әңгімелер, хикаяттар мен эсселер топтастырылған.Автор бұл еңбегінде шытырман оқиға, ізкесер детектив, астарлы юмор, фантастикалыө-магиялық элементтері бар шығармаларымен қатар, трагедиялық кейіпкерлер образын суреттеуге талпынған. Кітап "Фолиант" баспасынан 2021 жылы жарық көрген.
7. Мэгги О'Фаррелл – "Хамнет” (Hamnet)
Шекспирдің Хамнет есімді жалғыз ұлы белгісіз себептермен 11 жасында қайтыс болған. Өлімнің кең тараған нұсқасы "бубонды оба" деп аталады. Үш жылдан кейін Шекспир "Гамлетті" жазды. Мэгги О'Фарел “Хамнет” романында баладан айырылу әлем әдебиеті тарихындағы ең көрнекті трагедияның жасалуымен қалай байланысты болуы мүмкін екенін талқылайды.
Егер сіз Шекспирдің жанкүйері болсаңыз, әке махаббаты оның ең әйгілі пьесаларының бірін жазуға қалай әсер еткені туралы әсерлі романды ұнатасыз. Бұл қайғының отбасын қалай ойрандап жатқанын көрсететін әдемі шығарма.
Т. Раушанұлы