15 қазанда Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінде қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасы антологиясының орыс тіліндегі нұсқасының тұсаукесер рәсімі өтті.
Қазақ әдебиеті жинағының орыс тіліне аудармасы мен басылымын көркем аударма саласындағы тәжірибелі ресейлік мамандардың қатысуымен Ресей жазушылар одағының Мәскеу қалалық бөлімшесі мен Мәскеу мемлекеттік университетінің баспасы орындады. Антологияларға алғысөзді Ресейдің академиялық қоғамдастығының көрнекті өкілдері жазды. Мысалы, проза антологиясына Мәскеу мемлекеттік университеті филология факультетінің президенті, филология ғылымдарының докторы Марина Ремнёва алғысөз арнаса, қазіргі қазақ поэзиясының жинағына алғысөз жазған – А.М. Горький атындағы Әлем әдебиеті институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Вадим Полонский.
Мәскеу мемлекеттік университеті баспасынан жарық көрген қазақ прозасы мен поэзиясының жинақтары орыс тілінде сөйлейтін 14 мемлекеттің 3,5 мыңнан аса кітапханасына, университеттері мен ғылыми орталықтарына жеткізіледі.
Таныстырылымға Ресей Федерациясы Президентінің аймақаралық және мәдени байланыстар басқармасының басшысы Владимир Чернов, Ресей жазушылар одағының басшылығы, сондай-ақ аудармашылар, әдеби редакторлар, сыншылар мен шолушылар қатысты. Қазақстан тарапынан шараға ҚР Президентінің көмекшісі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ұлттық комиссия хатшысы Аида Балаева, ҚР Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ақберен Елгезек қатысты.
Заманауи қазақ әдебиетінің үздік үлгілерінің БҰҰ 6 тіліне аудармасы “Жаһандағы замануи қазақстандық мәдениет” жобасы аясында жүзеге асып отырғаны мәлім. Жоба, өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған “Рухани жаңғыру” бағдарламасының маңызды бағыты болып табылады. “Жаһандағы замануи қазақстандық мәдениет” жобасының міндеті – қазіргі заманғы Қазақстанның әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, хореография, кино және театр салаларындағы мәдени қазыналарын әлем жұртшылығына таныстыру.
Таныстырылым салтанатында сөз сөйлеген Аида Балаева жобаның 2017 жылы сәуір айында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында жүзеге асып жатқанын жеткізді.
“Оның өзегінде заманауи әлемде ұлттың бәсекеге қабілеттілігі оның мәдени және интеллектуалдық потенциалымен өлшенеді деген ой жатыр. Бүгінгі тұсаукесер “Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет” жобасының аясындағы жұмыстың жемісі. Ол қазақстандық әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, театр және кино туындыларын әлемге таныстыруға бағытталған. Бүгінгі жобамыз жүйелі түрде жалғасын тауып, мәдениет аралық қарым қатынастардың ұлғаюына негіз болады деген сенімдемін. “Рухани жаңғыру” бағдарламасының аясында 60 қазақстандық автордың таңдамалы шығармалары тұңғыш рет бірден әлемнің негізгі алты тіліне аударылып отыр. Жобаны жүзеге асыруға Ұлыбритания, Франция, Испания, Египет, Қытай және Ресейдің жетекші баспа ұйымдары атсалысты. Антологиялар әлемнің 90-нан аса еліне, бес құрлыққа тарайды. Яғни, бұрын-соңды дүниежүзі оқырмандарының қолына түспеген қазақ әдебиетінің үздік үлгілерімен 2,6 млрд адам танысуға мүмкіндік алады”, - деді Аида Балаева.
Айта кетерлігі, “Рухани жаңғыру" бағдарламасының бір бағыты – “Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет” жобасы аясында қазіргі қазақ әдебиетінің екі антологиясы аударылып, жарық көрді. Олар – “Қазіргі қазақ прозасының антологиясы” және “Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы”. Әр антологияның көлемі – шамамен 500 беттей, әрқайсысына 30 қазақстандық автордың таңдамалы шығармасы енді.