- Негізгі бет
- Әдебиет
- Мақсат Мәліктің жаңа...
Мақсат Мәліктің жаңа кітабы оқырманға жол тартты
Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында жазушы Мақсат Мәліктің кезекті "Ағаш адам" атты прозалық жинағының тұсауы кесілді.
Аталмыш бірқатар зиялы қауым өкілдері мен журналистер, оқырмандар қатысты.
Кеш тізгінін ұстаған кітапхана меңгерушісі Ғазиза Құдайберген бірқатар авторлардың кітабының шығуына мұрындық болған Abay баспасына алғысын білдірді.
"Бүгін кітапханада Мақсат Мәліктің жаңа кітабын таныстырдық. Мен кітапханашыдан бұрын оқырманмын. Шығармалары ерекше. Прозадағы өзгеше сарын. Жаза түссе. Өнімді жазса. Әңгімелері қысқа. Сонысымен де әсерлі. Стилі ерекше. Енді жаңа кітап оқырмандарын тапса, тіпті жақсы болар еді!", - деді Ғазиза Құдайберген.
Кітаптың тұсауын қоғам қайраткері, журналист Әміржан Қосанов, белгілі ақын Мұрат Шаймаран, Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек кесті.
Алғаш болып сөз алғанг Әміржан Қосанов қай уақытта да жақсы кітаптың оқырманы болатынын атап өтті.
"Кітап қазір оқылмайды деп айтып жатады. Сынайды. Меніңше, кітап кез келген кезде де оқылады. Өйткені, оқырман кітаптан өзін, өзін толғандырған мәселелерді іздейді. Қазір цензура жоқ. Қазір бәрі іркілмей жаза алады. Қазір қазақтың мәдениеті, әдебиеті дамып келе жатыр. Мақсатты бұрыннан оқитын едім. Кеше алдын ала "Ағаш адамды" да оқып келдім. Оның әңгімелері тұнып тұрған философия. Жаңа кітабында біраз қырынан көрініпті", - деді Әміржан Қосанов.
Белгілі ақын Мұрат Шаймаран Мақсат Мәліктің шығармаларына баға бере келе, сәттілік тіледі.
"Мақсаттың жасы қазақ прозасына үлкен түрен салатын, соны шығармалар әкелетін жас қой. Казактың Шолоховы 25 жасында «Тынық Донның» үшінші-төртінші кітабын аяқтаған. Франц Кафка сенің жасыңда қаншама дүниелер жазды. Тіпті, өзіміздің классиктер Мағауин-Әбіштер осы Мақсаттың қатарластары жасында әдебиетке үлкен олжа салған", - деді Мұрат Шаймаран.
Ақын Ақберен Елгезек Мақсат Мәліктің жаңа ғасыр басында әдебиеттің киелі табалдырығынан сенімді аттаған дарынды жазушы екенін айтты.
"Мен прозаны көп оқитын адам ретінде айтайын Мақсат қазақ прозасына құбылыс болып келген жазушы. Ол мүлдем жаңалық алып келді. Аз жазса да саз жазатын, мистика мен психологизмдерді қатар өре алатын, әріп арқылы емес, сөйлемдер арасында жасырулы алуан түрлі ойлар мен тұспалдарды түйсігіңе жеткізе білетін, заманауи прозаның қыр-сырын жетік меңгерген талғампаз қаламгер. Мақсаттың шығармашылығы көп оқырманға таныс болмаған шығар, бірақ таптаурын емес, өзге прозаны іздеуші, ерекше стильді жақсы көретін адамға таптырмайтын қазына", - дейді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары.
Кеш барысында жазушы сұрақтарға жауап берді. Ғазиза Құдайберген «Ағаш адамды» оқыған 2 оқырманның хатын оқып берді. Жазушы Мақсат Мәлік бұл екі хатқа міндетті түрде жауап жазуға уәде берді.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Алматы әкімдігінің қолдауымен алматылық 136 автордың кітабы басып шығарылды. Жазушылардың, соның ішінде Тәуелсіздіктің 30 құрдасының әдеби шығармалары 102 мың данамен жарық көрді. Бұл шараға қаламгерлер, кітап авторларынан бөлек қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та қатысқан болатын.
Соның бірі Мақсат Мәліктің "Ағаш адам" кітабы 1000 данамен барлық қаладағы кітапханаға тарайды. Оқырман қауымды "Жұмбақ кітап" шығармалар жинағымен елең еткізіп, әдебиет әлеміне өзінше өрнек салып, тың сүрлеумен келген жазушы Мақсат Мәліктің кезекті кітабы – "Ағаш адамы да" таңдай қақтырмай қоймайды. Алуан тағдырлы адам бейнесінің өзін тәрбиелеу жолындағы әрекеттері әсер береді. Әңгімелер жинағынан оқырман қауымның жүрегінен орын алған "Барсик", "Ағаш адам", "Құдық басындағы екеу" т. б шығармаларды оқуға болады.
Айта кетейік, Мақсат Мәлік – 1984 жылы 10 желтоқсанда Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген. 2005 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Х Халықаралық "Шабыт" фестивалінің проза номинациясы бойынша Гран-При жүлдесін жеңіп алған. Талантты прозашының шығармалары республикалық мерзімді баспасөз беттерінде жарияланып жүр. Қысқа да жинақы стилімен ерекшеленетін жазушы. Оның әңгімелерінің астарында терең ой жатады. 2011 жылы Жалын баспасынан "Жұмбақ кітап" прозалық жинағы жарық көрген. Жазушылар одағының мүшесі.
А. Оралқызы