Махаббат. Бұл сезімнің адам өмірінде атқаратын рөлі жоғары. Онсыз әлемнің бос екенін жақсы білеміз. Баянды, баянсыз, құштарлыққа толы, уақытша, бала махаббат деп оны түрге де жіктеп аламыз. Бүгін назарға махаббат тақырыбында жазылған романтикалық кітаптар ұсынамыз.
Lovely War / Нежная война
Джули Берри
Автор тағдырлары Бірінші Дүниежүзілік соғыспен бетпе-бет келген екі түрлі ғашықтардың махаббат хикаясын баяндайды. Хейзел мен Джеймс би кешінде танысады. Кейін Джеймсті соғыс қызып жатқан батыс аймаққа жібереді. Бойжеткен ойланбастан сүйіктісінің артынан жолға аттанады.
Колеттің жақындары соғыс уақытында қаза болады. Обридің өмірі болса қыл үстінде тұр. Осымен өмірдегі бар қызық таусылды деп жүргенде, екеуі бір-бірін жолықтырады.
LEO / Навеки твой, Лео
Миа Шеридан
Эви мен Лео балалар үйінде кездеседі. Достықтан басталған сезім махаббатқа ұласады. Он бес жасында жігітті біреулер асырап алады. Кетерінде Эвиге хат жазып тұруға уәде береді. Бірақ қызға бірде-бір хабарлама келмейді. Арада жылдар салып, Эви Джейкті кездестіреді. Джейкті ұнатса да, оның ойынан алғашқы махаббаты Лео кетпей қояды. Кейін Джейк Леоны танитыны және бірнеше жыл бұрын оның ұшақ апатынан қаза тапқаны анықталды. Бірақ Джейктің таныстарының бірі бойжеткеннен оған сенбеуін сұрайды.
Down Where My Love Lives / Где живет моя любовь
Чарльз Мартин
Қарапайым шаруа Дилан Стайлздің өміріндегі бұлыңғыр сәттер жоғалғандай: оның әйелі Мэгги босану кезінде баладан айырылып қалады. Кейін комаға түсіп, бірнеше айдан кейін ғана есін жияды. Жұп үйге жаңа өмір парағын бастаймыз деген оймен оралғанымен, бәрі олар ойлағандай бола қоймайды. Болашаққа қадам басу үшін өткенді қабылдау керек. Мэгги кішкентай сәбиінің өліміне өзін кінәлайды. Дилан болса өмірді қалай жалғастыру керегін білмейді.
Four Letters of Love / Четыре письма о любви
Нейл Уильямс
Никлас Килан – белгісіз суретшінің ұлы. Изабель Гордың әкесі – ақын. Никлас Ирландия аралдарының біріне әкесінің сақталып қалған соңғы картинасын іздеп барады. Саяхат кезінде бойжеткен Изабельді кездестіреді. Жігіт оған махаббаты мен лаулаған сезімі жайында жүздеген хат жазады. Өкінішке орай, хат иесіне жетпей, күлге айналған болатын.
Махаббат, қызық мол жылдар
Әзілхан Нұршайықов
Автор соғыстан он екі мүшесі сау оралған жас солдаттың өмірі мен ойларын жеткізеді. Оның соғыстан кейінгі өмірі білім алуға, ізденіске арналады. Оқу кезінде Меңтай деген бойжеткенді кездестіріп, оған ессіз ғашық болады. Бала махаббат емес, саналы түрде қабылданған ересек адамның сезімі мен басынан кешкендері баяндалады.
Унесённые ветром / Gone with the Wind
Маргарет Митчелл
Бас кейіпкер сұлу бойжеткен Скарлетт О’Хара – өмірде тым тәкәппар әрі өр мінезді. Ол Эшли Уилкске ессіз ғашық. Тыйым салынған нәрсеге қол жеткіземін деп жүріп, ол өз жарының кіршіксіз сезімін байқамайды. Тек отбасының іргесі бұзылған кезде ғана нені жоғалтып алғанын түсінеді.
The Great Gatsby / Великий Гэтсби
Фрэнсис Скотт Фицджеральд
Бас кейіпкер Джей Гэтсби өзгелерден ақылы мен ерекше тартымдылығы арқылы ерекшеленеді. Бұл қасиеті оның жылдам баюына, өз ортасына сыйлы болуына әсер етті. Кейін өзінің сүйікті әйелінің де жүрегін жаулап алады. Дегенмен уақытша махаббат Гэтсбидің өмірінің шырқын бұзады.
Мөлдір махаббат
Сәбит Мұқанов
Бүркіт еркекшора өскен Бәтеспен алғаш рет танысқанда, оны киіктің лағына ұқсатады. Бүркіттің ішкі сезімін автор "Бәтеспен бірге жүріп, бірге тұрған күндерде байқасам, мен оны жандай жақсы көруім, мысалы, шешенің баласын, ағаның қарындасын сүюі сияқты, күнәсіз сүюлердің біреуі сияқты емес, жігіттің қызды сүюіндей "күнәлі" сүюлердің біреуіне ұқсайды. Осылай сүюімді сезіне бастаған мен өзімнен өзім жүріп жатам да қысылам!" деп жеткізеді. Кіршіксіз таза махаббатты сипаттайды.
Сіздің сүйікті романтикалық кітабыңыз қандай?