Астанадағы кітап көрмесі өтіп жатқан Көрме орталығында ақын Мағжан Жұмабаевтың 9 тілге аударылған 3 кітабының тұсаукесері болып өтті. Кітаптардың аударылуына Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) мұрындық болып отыр. Тұсаукесерде сөз сөйлеген Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі ақынның өлеңдерін аударуға білікті мамандар тартылғанын атап өтті. Мағжан ақын өмірін Түркістанға арнаған Орталық Азияның ортақ ақыны. Тәуелсіздік пен тұтастықты, әсемдік пен батырлықты, елдікті жырлаған тұлға. Біз Түркі академиясы биылғы жылды Айтматовтың 90 жылдығы және Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығы деп жарияладық. Осы жыл аясында Мағжанның жырлары 9 тілге аударылды. Атап айтқанда, ағылшын, түрік, әзербайжан, моңғол, өзбек, қырғыз, алтай, башқұрт тілдеріне аударылып отыр. Қазіргі уақытта ақынның өлеңдері басқа тілдерге де тәржімаланып жатыр. Сондықтан, осы аптаның соңында ЮНЕСКО-да өтетін М.Жұмабаев пен Ш.Айтматовқа байланысты үлкен жиынның алдында кітап көрмесінде Жазушылар одағымен ақылдасып, бүгінгі тұсаукесерді өткізуді жөн деп тапқан едік, - деді ол. Кітаптың бірі таза өзбек тілінде жарық көрген. Үш кітаптың бірінің тұсауын кескен Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет шара барысында Мағжан Жұмабаевтың Мен жастарға сенемін атты өлеңін оқып берді. Ақынның айтуынша, Түркі академиясының белсене кірісіп, Мағжанның 125 жылдығына шығарып отырған 9 тілдегі жинағы бұрын соңды болмаған басылым. Ақын алпысыншы жылдары ақталғанымен, шығармаларына тыйым салынып, өлеңдері жарық көрмей келген. Сексенінші жылдардың аяғында арыстармен бірге ақталғаннан кейін ақынның шығармалары архивтерден жарық көре бастады. Бұрын Мағжанның түрік тілінде шыққан өлеңдері біздің Ғабит Мүсіреповте ғана болған еді. Ол кісі бізге бере қоя ма? Оны біздің Рымғали Нұрғалиев секілді ғұлама ғалымдарымыз ақырындап сұрап алып оқып, көшіріп алып, Жарасқан Әбдірәшев, Несіпбек Айтұлыларына беріп, олардан біз көшіріп, Мағжанды есікті бекітіп алып оқитын едік. Міне, қазір Мағжанның өлеңдері бүкіл әлемнің игілігіне айналып отыр. Кітаптардың ғұмыры ұзақ, таралымы көп болсын, - деді Ұлықбек Есдәулет. Жиын соңына қарай Дархан Қыдырәлі Мағжанның өлеңін әр тілдерде сөйлеткен, атап айтқанда алтай тіліне аударған Бұрынтай Бедюровке, әзербайжан тіліне аударған Физули Мажидиге, башқұрт тілінде сөйлеткен Ахат Салиховқа, түрік тіліне аударған Али Акпашқа, өзбек тілінде жеке жинақ ретінде шығарған Мұзафар Ахматқа, қырғыз тіліне аударған Акбар Рысқұлға, моңғол тіліне аударған Жүкел Хамай мен Ақеділ Тойшанұлына және басқа да аудармашыларға алғысын білдірді. дереккөз:inform.kz