- Негізгі бет
- Әдебиет
- Мағауиннің Асқар Сүлейменов...
Мағауиннің Асқар Сүлейменов туралы естелігі
...Асқар екеуміздің таныс-білістігіміз осы "Жұлдызда", менің аталмыш мақаламнан басталыпты. Алғашқы кездесуде екі арамызда мəнді сөз бола қоймаған. Тек "Он күннен кейін" деген салқау, бейтарап əуезі ғана есте қалыпты. Редакция атаулының қалыпты мінезін білем, уақытынан асырып бардым. Бұл жолы да сынай қарап, əйтсе де жылы қабақпен қарсылады. Алғашқы лепесі – Хемингуэй туралы болған. Оның жазу мəнері, тосын жаңалықтары. Жəне байқамаппын, өзі ашылып айтпай, мені сөйлетті. Сұрақ-жауап болмаса да, осыған жақын. Менің мақалама жетпедік. Өзі айтпаған соң, қозғамадым. Əуелгіше, салғырт қалыпта: "Он күннен соң..." – деген. Бұл жолы апта оздырмай бардым. Тағы да ойқастап, сөз тарта бастады. Орыстан өтіп, Батысқа шықтық. Мен осы кезде ғана секем алған едім. Артынан анық аңдадым, Асқардың жалпы жұртты қапысыз ықтырып отыратын негізгі қаруы да осы- əлем əдебиетінен атаусыз сынақ екен. Біздің алдыңғы буын, арыдағы Мұхтар Əуезов пен оның əзірше жабық жатқан замандастарынан соң əдебиетке келген үлкен топтың жалпы білім деңгейі онша жоғары емес екен. Зейнолла Қабдоловты білмеймін, Əбдіжəміл Нұрпейісов пен Тахауи Ахтанов, Сафуан Шаймерденовтер, басқасын айтпағанда, сол кезде əлемді дабылдатып тұрған Хемингуэй мен Фолкнердің шығармалары тұрыпты, аты-жөнін алғаш рет осы Асқар Сүлейменовтен естіген сияқты. Біздің ілкі алдымыздағы жəне тұстас жазармандар да жетісіп жатқан жоқ, бұлардың ішінде жасынан атаққа шыққан Сəкен Жүнісов "Абай жолының" бірінші кітабынан аспай кетті, ал бізбен бірге оқыған, енді аяқ астынан дәуірлей бастаған Оразбек Сəрсенбаевтың кітап бетін ашқанын көрмеген едім. Сондықтан да біздің қалыпты əдеби ортада Асқар бірден дараланып, бойы озғындап шықты. Ал мен жиырма жасымда бүткіл əлемдік классиканы оқып тауысқам, Асқардың сыннан өткен, қатесіз тəсілі маған жүрмейтін. Асқар қанша оқымысты болса да, ескілікті əдеби журналдар мен арыдағы басылымдарды ақтармаған...
А. Оралқызы