Лондонда Британия жұртшылығы ұлы Абай еңбектерін талқылады. Қазақ ойшылы әрі ақынының 175 жылдығына арналған іс-шара Еуразиялық мәдениет апталығы аясында ұйымдастырылды.
“Абай мұрасы тек Қазақстан халқына ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ. Оның есімі һәм шығармалары ағылшын ақыны және драматургі Шекспирдің еңбектерімен бір қатарда тұрады”. Бұл – британиялық зиялы қауым өкілдерінің пікірі. Кездесу барысында жазушылар, ақындар және әдеби аудармашылар ұлы ойшылдың шығармаларынан қандай ғибрат алғандарын айтты.
Бестселлерге айналған ғылыми-көпшілік кітаптардың авторы, драматург, ақын, композитор және әдеби аудармашы Джон Фарндон: “Абай қоғамның алға жылжуы үшін көп нәрсе жасады. Өзінен кейін өшпес рухани мұра қалдырды. Менің ойымша, Абайдың 175 жылдығы қарсаңында оның шығармашылығы туралы Батыста көбірек айтып, есімін насихаттай беруіміз керек”, - деп атап өтті.
Кездесуге Еуразияның көптеген елдерінен жазушылар мен ақындар келді. Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Молдова мемлекеттерінің өкілдері Абайдың өткен ғасырда айтқан ойлары қазір де өзекті екендігін ашып айтты. “Ақын шығармалары өмірлік қуат береді және оқырманның дүниетанымын өзгертеді”, - атап өтті қонақтар.
Қазақстандық өкілдер өз кезегінде Абайдың 175 жылдығына жоспарланған мәдени іс-шаралар туралы айтып берді.
“Абайды зерттеп жүрген қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінен басқа, басқа саланың да мықты ғалымдары бар. Мен осы жолы экономист Оразалы Сәбденнің ақынды өзінше зерттеп, Абай әлемі арқылы Қазақстанды қалай жоғары деңгейге көтеруге болатынын жазған еңбектері туралы бөліскім келіп отыр”, - деді басқосуда Еуразиялық шығармашылық гильдиясының мүшесі, әдеби агент Бақтыгүл Маханбетова.