- Негізгі бет
- Әдебиет
- Линкольн туралы роман...
Линкольн туралы роман Букер сыйлығын алды
Америкалық жазушы Джордж Сондерс "Линкольн Бардода" романы үшін Букер сыйлығын (Man Booker Prize) алды. Ол Лондон қаласында өткен салтанатты жиында марапатталды. Негізгі сый ретінде £ 50 000 қаражат табысталды.
Джордж Сондерс осыған дейін тек шағын әңгімелер мен повестер ғана жазған, "Линкольн Бардода" — оның алғашқы романы. Кітапта Авраам Линкольннің баласынан айырылып қалған кездегі жағдайы жазылған. Оқиға 1862 жылы болған. Бардо — өмір мен қайта өмірге келу аралығындағы уақытты білдіретін буддистік түсінік.
Естеріңізге сала кетейік, әдебиет саласы бойынша биылғы Нобель сыйлығының иегері Кадзуо Исигуро да 8 романының бірі The Remains of the Day (Күнжарым) туындысы үшін Букер премиясын иеленген еді. Сондықтан, Сондерс мырзаның шығармашылығымен де таныс болыңыз, келесі Нобельді осы автор иеленбесіне кім кепіл?!
Сыйлыққа ұсынылғандар тізімінде Сондерстен бөлек, Пол Остердің (АҚШ) "4 3 2 1" романы, Эмили Фридлунд (АҚШ) "Бөрілер оқиғасы", Мохсин Хамид (Пәкістан, Британия) "Батысқа шығу", Фиона Мозли (Ұлыбритания) "Элмет" романы мен Али Смиттің (Ұлыбритания) "Күз" романы болды.
Букер сыйлығы Ұлыбритания жерінде 1969 жылдан бері ағылшын тілінде жарияланған туындылар арасында жүргізіледі. Марапаттың тізіміне енген үміткерлердің өзіне £ 2500 қаражат беріледі.
Сондерс Букер марапатын алған Америкадан шыққан екінші адам болып отыр. Осыған дейін 2016 жылы Пол Битти осындай құрметке ие болды.
А. Оралқызы