"Көшбасшылық" қандай кітап?

"Көшбасшылық" қандай кітап?

Жуырда "Мазмұндама" қорының төрағасы, Гарвард университетінің түлегі, журналист Шыңғыс Мұқан "Көшбасшылық" атты жаңа кітап шығарды.

Кітапқа көшбасшылық тақырыбын зерттеген айтулы ғалымдардың таңдамалы он туындысы енген. Әлемдік сұранысқа ие, оқырмандар қызығушылығын тудырған үздік шығармалар сұрыпталып, кітаптың негізгі өзегі, идеясы мазмұндалған.

Жинақ Уоррен Беннистің "Көшбасшы болу хақында" атты кітабымен басталып, Питер Друкердің "Тиімді басшы" туралы туындысымен жалғасады. Сондай-ақ жинаққа Дэниел Гоулман, Ричард Бояцис және Энни МакКидің "Эмоционалды көшбасшылық", Джон Коттердің "Өзгерістің алдында бол", Рональд Хайфецтің "Күрмеуі қиын көшбасшылық", Джеймс Кузес пен Барри Познердің "Көшбасшылық сынағы", Джим Коллинздің "Жақсыдан – жасампаздыққа", Билл Джордж бен Питер Симстің "Дұрыс бағыт", Саймон Синектің "Неге" деген сұрақтан баста", Дин Уильямстің "Нағыз лидерлік" кітаптары енген. Саммари үлгісінде жасалған туынды 3 мың данамен қазақ және орыс тілдерінде жарық көріп отыр.

"Мазмұндама дегеніміз – кітаптың басты идеяларына шолу. Біздің мазмұндама сізге не береді? Біріншіден, әлем ойшылдарының құнды идеяларымен танысуға мүмкіндік береді. Біз іріктеген әр кітаптың авторы – қоғамдық-әлеуметтік саланы зерделеуге өмірін сарп еткен жандар. Екінші –уақыт үнемдеу. Екі-үш күн оқитын кітаптың негізгі ойын жарты сағат ішінде меңгеруге болады. Біздің мазмұндама жинағын 14 жастан асқан жасөспірім оқи алады. Мұнда қазақша, орысша және ағылшынша мыңға жуық сөздің аудармасы берілген. Тікелей аударма емес. Сөздің мағынасын аударуға тырыстық. Яғни оқырман кітапты оқып қана қоймай, сөздік қорын да байытады", - дейді жинақ құрастырушысы Шыңғыс Мұқан.

Айта кетсек, "Мазмұндама" қоғамдық қоры танымдық маңызы зор кітаптарды қысқа да нұсқа форматта мазмұндап, құнды идеяларды оқырмандарға жеткізу мақсатында Топ-10 сериясын бастады. Алдағы уақытта отбасы, саясат, кемелдену, өзін-өзі дамыту секілді тақырыптарда жалғасын тауып, таңдамалы он туынды көпшілік назарына ұсынылады.

Massaget