Кенесары-Наурызбай – батырлық эпос үлгісімен жазылған тарихи-реалистік жыр

Кенесары-Наурызбай – батырлық эпос үлгісімен жазылған тарихи-реалистік жыр
Фото: liter.kz

Эпостық жырлардың ерекшелігі – басты кейіпкерін әсірелеу, қиял-ғажайып ертегінің қаһармандары сияқты жоғары дәріптеу. Алпамыс батыр, Ер Тарғын, Қобыланды, Ер Сайын, Қамбар батыр сынды батырлар жыры да осы эпостық жырға жатады.

18-ші ғасырдағы тарихи жырлар

Қазақ даласында мұндай эпостық жырлар кейінгі жырау-ақындар дәуіріне дейін жалғасқан. Мәселен, соңғы жырау атанып кеткен Жамбыл Жабаев та осы эпостық жырларға тән стильмен батырлардың ерлігін жырлайтын болған. Жамбылдың "Сұраншы батыр", "Өтеген батыр" дастаны, Сүйінбай Аронұлының Сұраншы, Саурық, Сыпатай, Ботбай, Өтеген, Бөлтірік, Тотан батырға арналған жырлары эпостық ерекшелікке ие.

Сүйінбай мен Жамбыл ақындармен қатарлас заманда Абылай хан мен Кенесары ханның, Ағыбай батырдың, Наурызбайдың ерліктерін жырлаған эпостық жырлар болды. Солардың бірі – Нысанбай жыраудың "Кенесары-Наурызбай" жыры.

Наурызбай – Кенесары ханның туған бауыры. Жырда отаршылыққа қарсы көтерілген Кенесары ханның ұлт-азаттық көтерілісі баяндалған. Басқа ақындардан ерекшелігі Нысанбай жырау көтерілістің басы-қасында, бастан-аяқ болған, қиян-кескі ұрыстарды көзімен көрген жан.

 ХVIII ғасырда қазақ даласында жоңғар шапқыншылығы орнап, патша үкіметінің отарлау саясаты қарқын алған қым-қуыт заман болатын. Халық басына түскен қайғыны, қиын-қыстау кезеңді жырға қосты. Ел амандығын, жер іргесін қорғаған батырлардың ерлігін дәріптеді. Содан "Бөгенбай", "Қабанбай", "Жәнібек", "Олжабай", "Абылай хан" жырлары, кейінгі кезеңдерде "Исатай-Махамбет", "Бекет", "Өтеген", "Кенесары-Наурызбай", ал ХХ ғасыр басында "Ұзақ батыр", "Амангелді батыр", "Бекболат батыр" жырлары тарады.

ХІХ ғасырда тарихи жырлардың тақырыбы мен өзегіне Кенесары мен оның айналасына топтасқан батырлар негіз болды.

Кенесары-Наурызбай жыры

Дастанның аты аталып тұрғандай, жырда Кенесары хан мен Наурызбай батырдың ерлігі қатар жырланады. Кене ханның даналығы мен мырзалығы, асыл текті қасиеті, батырлығы мен ерлігін жырлаған Нысанбай жырау оған деген ыстық ықыласын ерекше білдірген.

Кешегі өткен Кенекең –

Дүрри жауһар данасы,

Үйсіздерге үй болған,

Битуананың қанасы,

Шаршағанға ат болып.

Шөлдегенге су шолған,

Дарияның аққан саласы.

Ата-тегін сұрасаң,

Хан Абылай баласы. –

деп сипаттайды жырау ханның адами қасиеттерін.

Бұл жырды реалистік жыр дейтініміз дастанда баяндалған оқиғалар мен кейіпкерлер шынайы өмірде, тарихта болған. Ал Нысанбай жырау оны поэзияға салып, артынан поэма ретінде қалдырған.

Жырда аты аталған Ағыбай, Бұхарбай, Балқожа, Байзақ, Медеу, Дулат, Меңдібай, Жәуке, Толыбай сынды батырлар – Кенесарымен бірге патша үкіметіне қарсы күрескен, ел амандығын күйттеген азаматтар. Бірақ жырдағы негізгі тұлға – бұл Кенесары. Ал басқа батырлардың ерлігі жинақталып, тәуелсіздік үшін күрескен басты қаһарман Кенесарының типтік образына топтастырылған.

...Сол уақытта хан Кене,

Жар етті жаппар иені,

Аза болып сол жерде,

Алдырды екі түйені,

Шөгеріп салып түйені,

Зеңбірегін сүйреді.

Немесе:

Үш алаштың баласы,

Тізгін берсе Кенеге,

Ер басына аяқтай,

Тас көтерсек жебеге.

Тау басына шығатын жол,

Жол салмасқа немене! – деп Нысанбай жырау Кене ханның соғыс тактикасын, ұрыс әдісін сипаттайды. Сол арқылы ханның әскери салада білімі мол екенін көрсетеді.

Жырда Кене ханның кейбір ерліктерін әсірелеп, идеалға бергісіз образға көшірген сәттері кездеседі. Бұл – тарихи эпостық жырларға сәйкес стиль.

Қоғамы күшті ер еді,

Киімді бала тудырған.

Ықпалы жүрген ер еді,

Алтынды қылыш будырған.

Абылайлатып ат қойып,

Дұшпанды көрсе қудырған... – деп әсірелейді жырау Кене ханның өлімнен кейінгі даңқын.

Жырдың келесі бір үзіндісінде Кенесарының ерлігі эпостық батыр жырларына тән сарынмен суреттеледі:

Садағына оқ салып,

Кідірместен тоқталып,

Атуға белді байлады,

Жүгіртіп келіп бұрылды,

Шіреніп тартып садақты,

Көрсетті қалың тобына,

Қайрат пенен талапты,

Шыдай алмай күшіне,

Тізесін бүгіп ат жатты,

Ыза болып атына,

Барып-қайтып тағы атты,

Үшінші рет болғанда,

Құзына алды аруақты,

Бурылына күш бітіп,

Тағы тартты садақты,

Басына шіркеу дәл тиіп,

Кіресін жұлып құлатты. –

деп баяндалған Кене ханның орыс губернаторының көзінше шіркеу мұнарасын атып түсірген сәті. Мұнда батыр күшіне шыдас бере алмай ат тізесі мен белінің бүгілуі, садақты шіреніп тұрып тарту, ызаға булығып, үшінші рет кеп атуы – эпостық жырларға тән белгілер.

Бір сөзбен айтқанда, "Кенесары-Наурызбай" жыры ХІХ ғасырдың дәуір шындығын көрсеткен, батырлардың ерлігін ұрпаққа аманаттап қалдыруға үлесі тиген, соңғы хан – Кенесарының өмірдегі шынайы бейнесін тануға мүмкіндік беретін туынды.

Қ. Слямбек