- Негізгі бет
- Әдебиет
- Кемеңгер Кекілбаев кеңістігі...
Кемеңгер Кекілбаев кеңістігі
"Жерасты қозғалыстарының әлде бір сиқыр құдіретімен ғайыптан пайда болып, кейін кең әлемнің төрінде мәңгі бақи орнап қалатын ақар-шақар асқар шыңдар сияқты адамзат алдындағы қадір-қасиеті тек бір ғана ғұмырдың ауқымымен өлшенбейтін елден ерек ересен тұлғалар жұмыр бастылар арасында да ұшырасады. Ондай сирек туатын адамның өнегелі өмірі бақилығы мен баяндылығы жағынан өлмес-өшпес табиғаттың өзімен ғана бәсекеге түсе алады".
Бұл – кемеңгер Әбіш Кекілбайұлының ұлы ойшыл, классик жазушы Лев Толстойға арнаған мақаласының бастауы. Шыны керек, осынау ой-толғау қайталап оқығанда Әбекеңнің өзіне арналғандай әсер қалдыратыны рас.
Әбіш ағаның тарихи тұлғасы, біртуар болмыс-бітімі, ойшыл бейнесі, қайраткерлік келбеті туралы салиқалы пікірлер, парасатты пайымдар руханиятымызда аз айтылған жоқ. Уақыт өткен сайын тау-тұлғаның тұңғиығына бойлап, аяулы перзентінің қыран самғауын сараптап, тарланбоз шандоздың ғұмырбаянын таразылайтын елжіреген елінің жүрекжарды пікірі, көзкөргендердің күнделігі туа беретін болады. Өзіміз де бүгіндері күні кеше қасымызда бірге жүрген қабырғалы қайраткер, саңлақ санаткер, марғасқа қаламгердің мағыналы ғұмырының сыр-сымбаты жөнінде жиі ойланатын болдық.
Қазақ әдебиетінің "Алтын ғасыры" атанған XX ғасырдың 50-60-жылдары әдебиет әлеміне бір шоғыр таланттар келді. Солардың арасында тырнақалды туындысы "Алтын шуақпен" әдебиет әлеміне бөлек әсер әкелген Әбіш Кекілбаевтың орны бөлек еді. Шағаласы толқынға еркелеп, толқыны көкке тулаған асау теңіздің ұлы – Әбіш әдебиет есігін өлеңмен ашты.
Сөз өнерінің қақпасын өлеңмен қағып, кейін көркем прозада әлемдік мәдениет қазынасына мол үлес қосқан Әбіш Кекілбаев қаламгерлік қуаты мол, кестелі сөз шеберлігі жоғары талантты тұлға, көп қырлы суреткер еді. Сөз өнерінің тізгінін ұстаған әрбір суреткердің ең асыл арманы мен мақсат-мүддесі өз халқын әлемге таныту болса керек. Бұл тұрғыда Әбіш борышы өтелген бақытты жазушы. Оның қаламынан туған шығармалары әлемнің бірнеше тілдеріне аударылды. Өз халқының талайлы тағдырын, жүріп өткен жолын, мұңы мен сырын, жаны мен арын, тұтас табиғатын төрткүл дүниеге танытты. Көрнекті жазушы Кекілбаевтың мұрасы – ұлттық интеллектуалдық қазынаға айналды. Бір ғана мысал, 1982 жылы әдебиеттің ғасырлық кезеңін саралап отыратын Еуропаның ұйымы шығарған «Соңғы жүз жылдықтың атақты жүз қаламгері» деген портрет-плакатта Толстой, Әуезов, Достоевский, Чехов, Маркес, Хемингуэй, Паустовский, Федин, Айтматов, Ғамзатов сынды әлемдік тұлғалар қатарынан Әбіш те орын алды. Немістің кітап баспасы жүргізген сауалнама-хаттамасында "XX ғасырдың таңдаулы жазушылары" тізіміне де енді. Сөйтіп таңдамалы туындылары әлем жазушылары мен сыншыларының назарын аударды, шоқтығы биік шығармашылығы жоғары бағаланды.
Әбіш әлемінің мінсіз сом құйылысы да, табиғи құнарлы құрылысы да, феномендік құбылысы да – оның ақ раушан ниетінде, жүрек тазалығының жұпар шырайында. Ол кісі не жазса да, не айтса да, немен шұғылданса да, ақиқаттан айналып өтпеуді мұрат ететін. Адамгершілік, моральдық-гуманистік құндылықтарды өзі шұғылданған саланың барлығына алтын арқау ете білді. Шындық пен шынайылықты, адалдық пен ақиқатты тұғыр еткен турашыл жолы әрдайым халықтың мүддесінен, мемлекеттің мүддесінен шығатын.
Әбекең көзінің тірісінде-ақ заңғар жазушы, ойға кенен парасат иесі ретінде мойындалған сирек тұлғаның бірі. Осылай мәңгілік өмірді аңсаған Қорқыт, ажалдың алдын алған Қожа Ахмет Ясауи, жерұйықты іздеген Асан қайғы, халқының кемелдігін аңсаған Абай, елін әлемдік өркениетке жетелеген Мұхтар Әуезов секілді тау тұлғалардың қатарына қаламымен ғаламға ізгілік тілеген Әбіш Кекілбаев та қосылады.
Өз басым Әбіш Кекілбайұлы сынды сан қырлы талант иесімен, парасаты мен ізгілігі жарасқан білімдармен, елжанды дегдармен жеке таныстықта, адами сыйластық-қимастықта бірге өткізген дәуренімді ерен бақытты шағыма балаймын. Көкшулан теңізде алып кеменің жүзгені қандай байсалды да байыпты болса, кемеңгер Әбекеңнің ақыл-ой тебіренісі де жұртты лезде рух толқынымен шарпып, әдемі әсерге қалдыратын. Еліміз егемендік алған тоқсаныншы жылдардың басынан-ақ талай мәртебелі аудиторияны ұршықтай иіріп, уыздай ұйытқан баяндамалары, көркем сөзде олжа, көсемсөзде жорға салған даңғыл өнерпаздығы айбынды Алаш елінің мүддесін жаңа тұрпаттағы заман мен қоғамның бетбұрыс тоғысында таразылап талдаған, рухани өмірімізді түлетуге серпіліс пен сілкініс тудырған дүниелер болатын.
Қалың жұртының көкірегіне рух құйған сырлы сөздері Қазақ елінің тәуелсіздігін дәріптеп, азат ойын шыңдап, мемлекетіміздің қалыптасуына нәр беріп, заң түзімін жетілдіруге, халықаралық қауымдастықта лайықты орнын еншілеуге зор үлес боп қосылды.
Даладай далиған кең мол пішілген даңғайыр дарын әдебиет пен өнердің барлық саласында жасампаздықпен еңбек етті. Кино мен театр өнерінің қыруар мәселесіне жастық жігермен дем берді. Зәру тақырыптар мен шырғалаң драмаларға сұранысты қамтамасыз етуге күш салып өзі де жазды, әлемдік классикадан тартымды аудармалар жасады. Тәуелсіздік тұсында жырмен толғаған "Абылай хан" драмасы – азаттық.
Т. Раушанұлы