Заманауи шығармалардың авторлары қанша табады? Кітап жазу арқылы миллиондаған ақша жасауға бола ма? Бұл сұрақ кез келген шығармашылық адамын мазалайтыны анық. Жауабы: Әрине, болады. Әдебиет әлемінде қанша ақша жүретінін білу үшін түрлі елдер жазушыларының гқаламақысын зерттеп көрелік.
Егер былтырғы Forbes 100: Ең көп ақша тапқан әлем жұлдыздары рейтингінен тек екі жазушының аты-жөнін байқауға болады. Атақты басылымның тізімінде он үшінші орынды Гарри Поттер туралы кітаптар авторы Джоан Роулинг иеленді. Оның өткен жылдағы кірісі 92 миллион долларды құраған. Әрине, бұл ақшаның бәрі кітап сатылымынан түспегені анық, десе де романдар желісінің өзі 500 миллион экземплярдан асқан. Жалпы жазушының шотына түсетін ақшаның қалған бөлігі Гарри Поттер парктері мен оның франшизалары және пьеса қойылымдарынан түседі.
Мысалы, қойылымға бір ғана аптада сатылған билеттен 2,3 миллион доллар түсіп, бұл көрсеткіш Бродвей тарихындағы рекордты жаңартты. Ал Гарри Поттер туралы "Фантастикалық мақұлықтар: Грин-де-Вальд қылмысы" аталатын оныншы фильм әлем бойынша прокаттан 650 миллион доллар жинады.
Ең бай адамдар тізіміне есімі енген екінші жазушы 28-ші орынды місе тұтқан. Триллерлер мен детективтер авторы Джеймс Паттерсонның кірісі $70 миллионды құрады. Жалпы саны 5,5 миллион дана кітап сатылған.
Бұл, әрине, әдебиет әлемінің акулалары. Ал орташа көрсеткіш бұдан өзге екені айтпаса да түсінікті. АҚШ Еңбек статистикасы Бюросының 2018 жылғы есебі бойынша, америкалық жазушының жылдық кірісі 62 170 долларға тең.
Royal Society of Literature (Корольдік әдебиет қоғамы) зерттеуіне сай, Ұлыбритания жазушыларының 70% –ы 10 мың фунт стерлингтен көп таппаған.
Ал әдебиетке жақындау деген көрші жатқан Ресейде де көрсеткіштер мәз емес. Аталған мемлекетте орта есеппен бір кітаптың жылына 4,5 мың данасы сатылады.
Еңбек жолын енді бастаған жазушының авторлық гонорары 25 мың рубльден аспайды. Ал әдеби премиялар лауреаттарының қатарында миллиондап табатындары бар. Бірақ ол жерде жүрген ақша бәріне ортақ емес. Мысалы, Донцованың бір шығармасы 140 мың долларға бағалануы мүмкін. Александра Марининаға 150 мың доллар көлемінде төленуі мүмкін. Борис Акунин орта есеппен 30 мың долларға дейін алады.
Ал біздің елдегі жағдай қандай?