Қазақтың сал-дәстүрі, ұлттық ойындары мен ырым-тыйымының мәнін ашып беретін "Қазақтың жазылмаған психологиясы" атты кітап "Мұқаба" баспасынан 5100 данамен жарық көрді. Шығарма авторлары журналист Ержан Жаубай мен белгілі психолог Нұргүл Молдабайқызы. Кітапқа 90-ға жуық салт-дәстүр мен 20-дан астам ұлттық ойын топтастырылған.
Бұл еңбекте халқымыздың сан ғасырлық дүниетанымының қорытындысы, өзегі болған салт-дәстүрі мен ұлттық ойындары, ырым-тыйымдарының психологиялық астарына ғылыми тұрғыда талдау жасалды. Соның негізінде ұлтымыздың бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарап, ерекше мән бергені, әр салтында, әр ойынында психологиялық терең астар жатқаны нақты көрініс тапқан.
Аталмыш кітапқа пікір жазған академик Шерубай Құрманбайұлы кітап ұлт жадынан өше бастаған кейбір дәстүрлеріміз бен ұлттық ойындардың қайта жаңғыруына, насихатталуына септігін тигізеді, кең таралуына игі ықпал ететінін айтады.
"Оны оқыған жұртшылық салт-дәстүрлер мен ұлттық ойындардың психологиялық мәнін түсінуге, олардың астарындағы ұлттық таным-түсінікті пайымдауға мүмкіндік алады. Психолог маманның кітаптағы кейбір өзіндік байыптаулары салт-дәстүрлерге, ұлттық ойындарды басқа қырынан тануға, олар жөнінде жаңаша ой қорытуға түрткі болып, бұрынғы тұжырым-түйіндерді толықтыруға септігін тигізуі мүмкін екенін де жоққа шығармаймыз", - дейді академик.
"Осы күнге дейін бұрынғы кеңес кеңістігінде орыс тілді аудиториямен жұмыс істеп, еліміздегі сот жүйесінің зорлық-зомбылық мәселелерімен, қылмыскерлердің психологиясымен 12 жыл айналысқан едім. ғылыми ізденістерімді өзге елде жасаған маманмын. Былтыр қазақ тілді аудиториямен жұмысымды бастаймын деп кездейсоқ жағдайда сорақылықтардың ішіне еніп кеттім. Итаяқтан тамақ ішкен сәбидің, көкала қойдай боп таяқ жеген баланың, аталасынан, әкесі мен ағасынан, жездесінен сексуалды зорлық көрген, т.с.с. жандардың тағдырын көріп, бірнеше айда қазақтан жиіркеніп кеттім. Бар түйгенім – қазақтың қан "тазалығы" бүгінде өз басының соры екен, "таза" биология психикалық травмаларды көтеріп жүре беруге мүмкіндік беріп, тіріні жансызға айналдырады екен. Жаным байыз таппай, бірнеше мақала жазып, қазақы журналист Ержан Жаубаймен бірге бірнеше бағдарлама дайындадық. Бұл аз, қазаққа өз психологиясы керек", – дейді кітап авторларының бірі психолог Нұргүл Молдабайқызы.
Кітапқа енген салт-дәстүр, ұлттық ойындар бұған дейін халық ауыз әдебиеттерінде, жекелеген әдебиетшілердің, этнографтардың жинақтаған еңбектерінен іріктеліп алынды.
"Оқымаған жерім жоқ, қайда барсам да «Қорқыттың көрі» – қазақтың ұлттық дәстүрі шығады. Мәселен, біреудің қазасынан қалған жараны емдеу – психологиялық жұмыстың ең ауыры. Ол қазақтың жоқтауымен толық мазмұндас. Қыз тұрмысқа шыққанда әлемдік психология сыңсу айттыр дейді. Осыны үйрендім ел кезіп жүріп. Осындай төл тіршіліктің негізі – психологиясы бола тұра қазақ қоғамы бүгінде психологияны ілім деп қабылдамай, ермекке айналдыра бастапты. Мысалы, психотехниканың хирургиялық түрі саналатын EMDR-ді маманның қадағалауымен қолдану керек, қазақ өз бетімен қолданып, тірілмейтін, шаруасы біткен адамға айналуда. Сондықтан Ержанды өзім іздеп, халқымыздың салт-дәстүрін жинақтап беруін сұрадым. Психологиялық тұрғыдан талдау жасап, әлемде салт-дәстүрден артық психологияның жоқ екенін көрсеткім келді" – дейді психолог.
Әлем психологиясының үрдісі салт пен психологияны үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ұғым ретінде қарастырады.
"Бұл қазаққа сай келмейді, себебі әр салт – қазақ экзистенциясының тірегі, тұнып тұрған психологиясы. Алайда сол салт-дәстүр ешқашан психологиялық тұрғыдан сараланбаған. РГБ-ның шаң басқан залдарында тұлға мен личносттың Сперанский көкеміздің 1838 жылы Сібір қырғыздары жарғысымен тұспа-тұс ойлап тапқан конструктісі екенін білдім. Ал оны психологтарының көбі білмейді. 100 жылдан астам отарлай алмаған осы ұғым пайда болған соң 10-ақ жылда не болғаны өзіңізге белгілі. Сперанский қалдырған мұраға қарағанда іргетасын қазақ халқының өзі қалаған ілім құнды, маңызды екенін сіз білсеңіз. Кітап - күмәннің, қазақ әйелдері мен балаларының еңіреген көз жасын көргенімнің нәтижесі. Табиғатынан алыстаған қазақ үшін қайғыруымыздың салдары"– дейді Нұргүл Молдабайқызы.
Аворлар жайлы:
Ержан Жаубай
Журналист
Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-дің "Журналистика" факультетін бітірген. Қазақ жылқысына арналған Argymaq.kz ұлттық танымдық порталының негізін қалаушы, Бас редакторы. BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.
"Нұр Сұңқар" сыйлығының, "Халық алғысы" мемлекеттік медалінің иегері
Сүйіндікова Нұргүл Молдабайқызы
Психология мен психотерапияның:
- сот психологы-сарапшысы,
- экзистенциалдық анализ және логотерапия,
- психикалық травмалардың процессуалдық психотерапиясы,
- экзистенциалдық бағытта топтық психотерапия
тармақтарын меңгерген.
Нұргүл Сүйіндікова психологиялық кеңес беру және оқыту орталығының негізін қалаушы, психолог және медициналық емес бағыттағы психотерапевт.
Психологиялық жоғары білімін (оның ішінде магистратура мен аспирантура) Ресейде Экономика жоғарғы мектебінде, Мәскеу гештальт институтында, Калуга мемлекеттік университетінде, Украина Классикалық университетінде, "GLE-International" (Вена) Логотерапия мен экзистенциалдық анализ халықаралық ұйымында, Сібір феноменологиялық және экзистенциалдық институтында жетілдірген.