Қазақтың жас журналистеріне оқуға арналған 5 кітап

Қазақтың жас журналистеріне оқуға арналған 5 кітап
Фото: mapleacademia.com

Журналистика – сөзсіз білім мен білікті қажет ететін сала. Университет қабырғасында жүріп оқыған журналистика теориясы шынайы практикада көмектесе қоймайтыны белгілі. Сондықтан жазатын, түсіретін материалды қалай іздейміз, неден табамыз және оны қалай аудиторияға жеткіземіз – осының бәрін жас маманның білгені абзал. Ал оның қыр-сырын кітаптан білетініміз түсінікті.

Ендеше назарларыңызға жас журналистерге оқуға арналған кітаптар тізімін ұсынбақпыз.

"Іскерлік журналистика" кітабы, 2019 жыл

Қазақ тілінде экономика мен қаржы, бизнес саласында журналист болуға бағыт-бағдар беретін тұңғыш кітап. Авторлардың қатарында Ербол Азанбек, Шолпан Айтенова, Әсия Акишева, Есенгүл Кәпқызы, Асхат Еркімбай, Әлібек Аллияров, Дінмұхамед Зиядин сынды белгілі журналистер бар.

Авторлар қазақстан экономикасы мен бюджеті, қаржы мен бизнес салалары бойынша қалай материал жазу керек, оны қайдан іздеуге болады, материалды қалай сауатты беру керек сынды сауалдарға жауап іздеп, тәжірибесімен бөліскен. Сондай-ақ сандармен аналитика жасап, оқырманға тұщымды ой айтуды, экономикалық тұрғыдан шешім қабылдатуға көмектесуді үйретеді.

Кітап 200 беттен тұрады, электронды нұсқасы бұдан көбірек.

"Фактчекинг журналистика зерттеуінің тренді: мүмкіндігі мен болашағы" кітабы, 2017 жыл

Кітап қазақ және орыс тілінде шыққан. Медиажурналистикада жылдам дамып келе жатқан фактчекинг әдісімен материал жазудың қыр-сырын үйрететін кітап. Авторы украиналық журналист әрі фактчекер Александр Гороховский.

Фактчекинг дегеніміз – интернет журналистикада жарияланған материал мен фото-видеоның рас-өтірігін анықтау жұмысы. Бұл әдіс жалған, өтірік ақпаратты әшкерелеуге көмектеседі. Кітап медиаортада дезинформацияға жол бермеуге арналған.

Автор еңбегінде деректі тексерудің, жалған дерекпен күресудің негізгі тетігі болатын фактчекинг әдістемесін егжей-тегжей түсіндіреді.

"Дорогая редакция. Подлинная история "Ленты.ру", рассказанная ее создателями", 2015 жыл

1990 жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында негізі қаланып, ТМД-да алғашқы интернет журналистиканың бастауына негіз болған "Лента.ру" ғаламтор газеті 2014-15 жылдарға қарай Ресей мен Еуропаның басты саяси-қоғамдық басылымына айналды.

Басылымның ірі изданияға айналуына үлес қосқан қызметкерлер редакцияны қалай аяқтан тұрғызып, қандай шешімдер қабылдағанын, қандай қиындық пен кедергіге тап болғанын баяндап, кітап жазған екен. Авторлар кішкене ғана редакцияны нарықтағы алып медиаресурсқа айналдырудың, басқару мен үйлестірудің қыр-сырымен бөліседі.  

Журналист маманның шын бет-бейнесін, жұмысының қызық-қиындығын баяндайды. Кітап әсіресе медиаменеджерге таптырмас қазына.

Бірақ жас журналистер те оқып, тағылым алып, білім жинауына зор мүмкіндік.

"Медиа және журналистика: теория мен практикаға жаңа көзқарас" кітабы, 2015 жыл

 

"100 кітап" жобасы аясында ағылшын тілінен аударылған Жейсон Бейнбриждің кітабы.

"Медиа және журналистика: теория мен практикаға жаңа көзқарас" – кәсіби журналистиканың қалыптасу тарихынан бастап, қоғамның қозғаушы күшіне айналған медиа cаласындағы соны өзгерістерді талдаған құнды еңбек. Әлемнің озық жоғары оқу орындары таңдаған кітаптың үшінші басылымы медиа мен журналистиканың өзара байланысына қызығушылық танытқан кез келген оқырман көңілінен шығады.

Кітап тілі қарапайым әрі қызықты. Оқулықта медиа мен журналистика ұғымының тарихы, медиаиндустрия өнімдері, медиаға анализ жасайтын тәсілдер, жаңалықты тарату жолдары және медиаконтент, қазіргі және келешек коммуникацияның толық анықтамалығы түзілген. Сондықтан жаңалықтар өндірісіндегі идея, ақпарат ағынын шолу, тарату, келіссөз жүргізу сынды процестердің қыр-сырымен танысып, журналистік зерттеудің маңызына көз жеткізуге болады.

"Қазақстандағы практикалық журналистика 3.0" кітабы, 2017 жыл

Кітапта журналист, редактор, эксперт, заңгер барлығы – 17 автордың фактчекинг, мультимедиа, дата-журналистика, SMM сияқты медиа саласындағы соңғы трендтер мен жанрлар туралы ой-пікірі жазылған.

Медиа саласындағы соңғы трендтер мен жанрлар туралы Назгүл Қожабекова, Асхат Еркімбай, Игорь Братцев және Павел Банников сынды тәжірибелі мамандар айтса, онлайн-жаңалық жазу туралы Vlast.kz порталының негізін қалаушы Вячеслав Абрамовтың кеңесі ұсынылған. Кітапта автор-колумнист Гүлнар Бажкенова да тәжірибесін бөліскен.

Қ. Слямбек