- Негізгі бет
- Әдебиет
- Қазақ жазушысы неге...
Қазақ жазушысы неге әлем жазушысы бола алмайды немесе «Сөз сиқырынан» «Фантом-дертке» дейін...
Пролог
Қазақ жазушысы кім? Ол қандай тұлға? Әлем әдебиетінде оның орны бар ма? Оқырман оны қай тұрғыдан бағалайды? Оған ұлттың жазушысы болған қаншалықты ыңғайлы? Ал егер космополит жазушы болса, қандай жетістікке жетер еді?
Мен осы сұрақтарға жауапты Сатыбалды Нарымбетовтің бойынан іздедім. Елдің бәрі оны кинорежиссер ретінде бағалайды. Шындығында ол ең әуелі жақсы жазушы болатын. Бірақ қайдан жарып шығам деген сұрақ қазақ жазушыларының бәрінің басында бар.
Ол бірде маған Ян Парандовскийдің «Алхимия слова» атты кітабын сыйлаған. Мұқабасының ішіне «Ал, міне, саған бір байтал кетті» деген қолтаңба жазылған. «Алхимия слова» – жазушылық һәм сөз сиқыры туралы кітап. Сөз сиқыры – Сатыбалды Нарымбетовтің ішкі дүние стихиясы.
Кино саласында әдеби тіл нормаларын сақтаған жалғыз режиссер осы Сатыбалды ағамыз. Ол кинодағы әдебиеттің өкілі сияқты болып жүретін. Турасын айтқанда, киноға жазушының жан-дүниесімен барып кірген адам.
Яғни жазушылықты іштен де, сырттан да жақсы біледі деген сөз.
Оның Ян Парандовскийдің кітабын сыйлап жүргені де тегін емес. Бұл кітапта жазушы болудың қыр-сыры егжей-тегжейлі көрсетілген. Қазақ жазушысы тап сондағыдай еркін құлашқа ие болса, баяғыда әлемге танылар ма еді, кім білсін.
Ал енді жоғарыдағы өлшемдерге Сатыбалды ағаның өзін салып көрейікші. Оған киногер жазушының «Фантом-дерт» романы себепкер бола алады. Бұл романды талдау үшін жазушының өзінің де ішкі сырын білу керек. Ол кім, қандай тұлға, ұлттық болмысы басым ба, космополит емес пе?
Ең алдымен онымен бір көшенің екі бетінде көрші тұрғанымды айтқым келеді. Сондықтан оны жиын-терінде ғана емес, үй жақтан да көріп қалатынмын. Былайша айтқанда, диссидент жазушы Эдуард Топольдің «Русская дива» атты кітабының кейіпкерлері сияқтымыз. Эдуард Топольдің бір кейіпкері кең байтақ Ресейді аралап жүреді. Сонда оған деревнядағы шөпжелкелер игерілмеген тың жер сияқты көрінеді.
Кезекті жолсапардан оралғанда, қабырғадағы картаға бір кнопка шаншып қояды. Ол сол барған жерімде бір шөпжелкемен танысып, махаббат құрдым деген белгі. Көшенің қарсы бетінде тура сондай қабатта, тура сондай пәтер бар. Оның да қабырғасында Ресейдің картасы ілулі тұр. Оның да беті шұп-шұбар кнопкадан көрінбейді. Сөйтсе, ананың жүрген-тұрғанының бәрі ұлттық қауіпсіздік саласының бақылауында болған ғой.
Сол кітапты енді мен, Сатыбалды ағаға сыйладым. «Кейіпкерлері сіз екеуміз сияқты екен» деп әзілдедім. Орнына Фазиль Искандердің «Сандро из Шегема» романын алдым. Сатыбалды аға жазу стилі жағынан Фазиль Искандерді құрмет тұтады. Мен ол кісіге «Сіздің жазуыңыз Эдуард Топольдікіне келіңкірейді» дедім.
Қызық болғанда Сатыбалды аға мен Эдуард Тополь Мәскеуде бір жерде, бірақ әр кезде оқыпты. Араларында біраз жас айырмашылығы бар екен. Бірақ ұстаздары өзгермеген, екеуінікі де бір адам. Осыны айтып, біз екеуміз де қайран қалысып отырдық. Демек олар сол кездегі шәкірттерін өзгеше ойлауға үйреткен.
Сатыбалды Нарымбетовтің «Фантом-дерт» атты романы тура осы рухта жазылған. Ол бұл романында Эдуард Тополь құсап тоталитарлық қоғамды мазақ етеді. Тілі қазақша болғанмен, қазақы қолды шығармаға бір ұқсап, бір ұқсамайды. «Қазақша жазғаныңыз ба?» деймін әзілдеп. «Жоқ, Созақша жаздым» дейді ол кісі.
Сұхбат
– Эдуард Топольдың біраз шығармасын оқыдым, бірақ дәл осы кітабы менде жоқ екен, – деді кітапты әдейі бергенімді біліп. – Ресейде өзгеше ойлы екі мықты кинорежиссер бар. Бірі Геннадий Шпаликов, екіншісі осы Эдурад Тополь. Екеуі де мен сияқты кино түсірумен бірге, жазу да жазады. Соларға дәріс оқыған ұстаз Иосиф Михайлович Маневич, маған да дәріс оқыды. Ал сен бала, Эдуард Топольмен не себепті ұқсайсыңдар деп отырсың?
– «Фантом-дерт» біздің кей жазушыларымыздың романдары сияқты жайылып жатпайды. Сюжеті сымдай тартылған, оқиғалары бір желінің бойына шебер топтастырылған. Ең бастысы сол кез үшін сюжет жаңа, ой да өзгеше. Ұстазыңыздың басқа жақтан екені көрініп тұр. Мысалы, мен Эдуард Топольді оқыған кезде, екеуіңіздің ұстаздарыңыз бір екенін білген жоқпын. «Русская дива» романында бір еврей журналист Мәскеуде жүргенде күнделікті тұрмыс-тіршіліктен уақыты артылмайды. Кешке дейін «Русская газетаның» жұмысын істейді, одан бөлек отбасының шаруалары бар. Бірақ қалай Мәскеуден шығып, Ресейдің орманды даласын аралай бастайды, солай ерекше шабыты оянады. «Өмірді басқа жағынан көре бастайды», – деп жазады автор. Сөйтеді де кешегі кеңестік жүйені мазақтай бастайды. Астары удай ащы. Сіз де сондай әжуа-роман жазыпсыз.
– Форма, стиль іздеу жазушы боламын деген әр адамның мақсаты болу керек. Таптаурынды стильмен де жаза беруге болады. Осы жолы өзімді-өзім ашуға көмектескен сыншы Әмина Құрманғалиқызы екенін айта кеткім келеді. Жамбылда жатқан жазушы Несіпбек Дәутайұлы бір күні телефон шалып, осы шығармамды журналына басқалы жатқанын айтты. Несіпбек пен Әмина бұны роман дейді. Ал мен оны хикая-баян деп жазған едім. Алайда бұл шығарманың формасы – кинодраматургияның формасы. Road movie, яғни, сапар жазбасы немесе сапар суреттемесі. Бас кейіпкер А пунктінен Б пунктіне жеткенше басынан өткен оқиғаны айтады. Ары қарай өсті ме, әлде өшті ме, қандай көңіл-күйде болды, соны жеткізеді.
– Қоғамды ғана әжуаламайды, кейіпкерлері де өзін өзі ирониялайды деген пікіріме қалай қарайсыз?
– Ол стиль Фолкнер және Фазиль Искандер деген екі жазушыдан сіңді.
Бұл оқырманға сіңімді болу үшін керек. Жазушы да оқырман сияқты қарапайым адам екенін көрсету бір жағынан.
– Фазиль Искандердің «Жыландар мен қояндар» деген хикаяты сонау жетпісінші-сексенінші жылдары сенсация болған. Ондағы аллегорияға сол тұстағы кеңес әдебиетінде тең келетін ештеңе болған жоқ. Ал енді мына Эдуард Топольдің шығармасында тоталитаризмді жүйелі түрде әжуалайды. Сіздің «Фантом-дерт» романыңызда да сталинизмді әжуалау кең көрініс тапқан. Кинорежиссер өз тобымен кино түсіретін жер іздеп жолға шығады. Бұлар жолда келе жатқан кезде Уән деген жасы үлкен кісі қол көтеріп тұрады.
Өзі «ұрттап» алған, көңілді кісі, алайда орнықсыз адам. Орнықсыз адам болғаннан кейін әр нәрсенің басын бір шалады. Таныса келе кинорежиссердің Ақатай деген нағашы атасын танитын болып шығады. «Сенің нағашы атаң қайтыс болды ғой, жерлеуіне келіп пе едің?» дейді. Кинорежиссер қаралы хабарды сонда бір-ақ естиді. Осы жерден бастап Ақатайдың басынан кешкен оқиғалары баяндалады. Ақатай аттан түспей, кеңес өкіметінің заңын орнатқан адам. Мына жол тосқан Уәнді де уағында сапқа тұрғызған өзі. Міне, осы Ақатайдың күнделік іспетті бір қалың дәптері кинорежиссердің қолына түседі. Роман ары қарай сол күнделіктің ізімен жалғасады.
Жаңағы өзіңіз аты-жөнін келтірген Әмина Құрманғалиқызымен арада болған әңгімені де келтіре кетейін. Әмина әпкеміз: «Бұл кісінің таңдап алған стилі – күнделік әдісі. Күнделік әдісімен жазғанда жазушы жауапкершіліктен құтылады. Кейде бір жазушы шығарма жазса, «ол кезде сондай болды ма?» деп күмән келтіріп жатамыз. Бұл кісі кейіпкері тауып алған күнделік арқылы тарихи жауапкершіліктен құтылып отыр. Егер бұл кісі өз атынан жазатын болса, бірінші, қазіргі тілмен жазып кетер еді. Бір жағынан тілдің сол заманға тән табиғатын бұзбау үшін де Ақатайдың күнделігін сөйлетіп отыр. Романды ирония деуіңнің жаны бар. Оқып отырғанда күлесің, бірақ күлкіңнің аяғы жылауға айналады. Ал оның арғы жағында үлкен қасірет бар. 37-жылғы сойқан саясаттың трагедиясын көресің. Идеология адам санасын уласа, апиыннан арман. Өз заманына шын берілген Ақатай мен Уәндер не істемеді?» дейді. Әмина Құрманғалиқызының осы ойы роман жазарда сізде де болды ма? Әлдебір жауапкершіліктен қашқыңыз келді ме?
– Олай да, бұлай да айтуға болады. Күнделік ретінде жазсаң, сенімдірек шығады. Оқырман бірден сол заманның аурасына тап болады. Оның үстіне Созақ жақтың сөйлеу мәнері бөлекше. Роман желісін күнделік дәптердің төңірегінде құруға ол да әсер етті. Романдағы диалогтар мен монологтардың көбі үнтаспадан алынды. Олардың прототиптерінің әңгімелерін үнтаспаға өзім түсіргем. Осы үнтаспа мен күнделік романды жазуыма көп көмек болды.
– Онда күнделік бойынша кеттік. Ақатайды бастық шақырып алып, құпия тапсырма береді. «Өте құпия тапсырма. Қауіпті сапар. Сондықтан партбилетіңді өткізіп кет» дейді. Партбилетін өткізер кезде жүрегі лүпілдеп тұрып, тапсырманың қаншалықты маңызды екенін түсінеді. Сөйтіп оны жауапты жұмысқа жібереді де, ізінен адам салып қояды. Жұмсаған жерге барады, тапсырған жәшікті алады. Бірталай уақыт жол жүріп, әйтеуір ауданға әрең жеткізеді. Жәшікті пойыздан түсірген кезде құлатып алады. Бірдеңе сынғандай болады. Ашып қараса, бір қолы сынған Сталиннің ескерткіші айра-жайра болып жатыр. Сөйтсе ол осы ескерткішті алып келуге барған екен. Бұл жерде ескерткіштің қолының сынып қалуының символдық мәні де бар. Бірақ оны ашып айтпайсың, ішке сақтайсың. Тірі жан емес, тас ескерткішті осылай құпия түрде алып келу – сарказм. Партбилетін өткізіп, әйелімен қоштасып кетуі, жол бойы артынан адам ілесіп жүруі, ақырында әкеле жатқан жәшіктегі затының ескерткіш болып шығуы әжуа емей немене?! Гипстен жасалған ескерткіштің қолының сынып қалғаны үшін оны соттап, итжеккенге айдатып жібере жаздайды. Айналып келгенде Сталиннің қолын орнына қондырып, ескерткішті орнатып әрең жандары қалады. Осы аға ұрпақ кейіпкерлер өмірден алынған ба?
– Сексен пайызы өзіміздің ауылдың кісілері. Көбі дүниеден озып кетті.
«Жалын» журналы жиырма шақты бетін «Кездейсоқ кейіпкерлер» деп шығарды. Бір жиында Мұхтар Мағауин: «Тамаша прозаик едің, сен туралы бір-екі рет баяндамада айтқам, сен Асқар ағаңа еріп, киноның оқуына Мәскеуге кеттің. Әйтпесе Оралхан бәрің қатар келе жатыр едіңдер. Бірдеңе жазып жүрсең, алып кел», – деді. Толық нұсқасын алып бардым. Бір аптадан кейін шақырып алды. Сөйтіп журналдық нұсқасын жариялады.
– Мағауин кеңестік жүйеге қарсы тұлға болды. «Фантом-дертті» қалай айызы қанып оқығанын көз алдыма елестетіп отырмын. Жоғарыда аттары аталған жазушылар қоғамды әжуалайтын эпизодтарды шебер ойнатады. Қайдан оқысаңыз да, сол әдісті сіз де жақсы меңгеріпсіз. Оған сіз жазған өмірдің мысалдары да сұранып тұр. Мысалы, сондай бір эпизодта аңшының ескерткіші құлатылып, орнына Сталиннің ескерткіші қойылады. Кейін оны да құлатып, орнына «бүкілодақтың старостаны» қояды. Оның да заманы өтіп, орнына Буденныйды қояды бір күні. Біраз жыл өткен соң қарағанда жаңағы тұғырдың үстінде ешкім жоқ, бір тазқара күшіген шоқиып отырады.
Осыған байланысты өмірден де бір мысал айтайын, Сәке. Біздің ауылдағы дүкеннің артында бір ойпаң жер болған еді. Бұл неге ойпаң, неге ойылып түсіп кеткен деп сұрамай ма жастар. Сіздің кейіпкеріңізге ұқсайтын бір кісі: «Бұл жерге алтын көміп қойған болуы мүмкін, қазыңдар, балалар» дейді. Зіңгіттей жігіттер қазуға кіріседі, сөйтсе астынан Сталиннің ескерткіші шығады. Мұны айтып отырғаным, роман сюжеті аспаннан алынып жазылмаған. Осындай өмірдің мысалдарынан алынып жазылған. «Фантом-дерт» деген роман атауында да бір мән бары анық. Өзіңіз түсініктемесін бере кетіңізші.
– Кейіпкердің саусағын біреу тістеп алады да, содан жарасы асқынып, шіріп кетпес үшін түбінен кесіп тастайды. Ақатай сол жайтты күнделігінде қайта-қайта жаза береді. «Менің осы саусағым бар сияқты. Түнде жоқ саусағым сыздап ауырады» дейді. Сол фантом-дерт бәріміздің ойымызда, бойымызда бар. Кеше ғана сондай қоғамның ортасынан шықтық. Сол қоғамды өзіміздің денемізден жоқтайтын сияқтымыз.
Эпилог
Сатыбалды Нарымбетов осы соңғы сөзді ерекше құшырланып айтты. Содан-ақ оның терең шығармашылық ұстанымын білуге болады. Бұл жерде Сатыбалды Нарымбетовтің әдебиетіміздегі «алпысыншы жылғылардың» өкшесін басқан жазушы екенін ескеруіміз керек. «Фантом-дерт» романы оның қоғамымыздағы тоталитарлық жүйенің сарқыншақтарына тұлға ретіндегі қарым-қатынасын білдіреді.
Қоғамға осындай салмақты сөз айта алған жазушыларды әдебиетіміздегі жеке ағым ретінде қарастырсақ артықтық етпес еді. Олар осы бағытта зерттелмегендіктен де іштен шыққан емес, сырттан келген ағым сияқты елестейді. Әйтпесе протестік, яғни, қарсылық әдебиеттің түп негізі өзімізде де бар. Ал қарсылық әдебиет деген, әдебиетімізді дамытудағы ең серпінді күш. Сатыбалды Нарымбетовтің жазудағы да, кинодағы да, өмірдегі де түр-тұлғасы солай қалыптасқан.
Ал енді осы Сатыбалды ағамыздың жоғарыда аты аталған Эдуард Топольден несі кем? Эдуард Тополь қаласа шетелге де кете алады, кетті де. Шетелде іші пысқанда еліне де келе алады, келді де. Кітаптарын елінде де, шетелде де шығара алады, шығарды да. Бірақ көркемдігі жағынан екеуінің кітаптары бір-бірінен артып тұрған ештеңесі жоқ. Оқыған оқулары да бір, оқытқан ұстаздары да ортақ. Жоғарыда айтқанымыздай, жазу стильдері де ұқсайды. Қайта Сатыбалды Нарымбетовтің жазғаны өмірге жақынырақ.
Ол өтірік жазбайын деп, кейіпкерінің күнделігін пайдаланды. Тілдік ерекшеліктерін сақтайын деп, сөздерін үнтаспаға жазып алды. Өмірдегі қыр-сырын түгел зерттеп білді. Ақыры кейіпкері тағдырлы кейіпкер болып шықты.
Ал Топольдің кейіпкері ұлттық қауіпсіздік саласының қызметкерлерімен ойын ойнап жүргендей әсер етеді. Сонымен бірге Сәкеңнің кейіпкері елде қалған адам, ал Топольдің кейіпкері елден кеткен адам. Елде қалған адам оны өз тағдырым деп біледі, ал елден кеткен адам артында қалғандар туралы не десе де еркі.
Эдуард Топольде мынандай эпизод бар. Кейіпкері шетелге кетуге жиналады. Алдымен көпқабатты үйдегі пәтеріне тасошақ жасайды. Содан соң шетелдің елшілерін қонаққа шақырады. Солардың көзінше бір шабадан долларын отқа өртейді. Ертесі шекарада артынан қуып келген «үш әріптің» адамдары шабаданын ақтарып ештеңе таппайды. Ол шетелге аман-есен жетіп алған соң, бірден банкке барады. Сөйтсе өртеген ақшаларын нөмірлерімен қоса фотоға түсіріп алған екен. Соның бәрін көрсетіп, әлгі елшілерді куә етіп, бір шабадан ақшаны банктен қайта алып шығады.
Сатыбалды Нарымбетовтің кейіпкерінің өйтіп ойын ойнап жүруге мұршасы жоқ. Ол арқа еті арша, борбай еті борша болып шын өмір сүреді. Бірақ екеуінде де тоталитарлық қоғамды әжуалау мен анекдоттық ситуациялар көп кездеседі. Топольдің ондай эпизодтары күлкі шақырса, Нарымбетовте күлкімен бірге көз жасы тамып тұрады. Егер аннекдоттан роман құрап шығару керек болса, Сатыбалды Нарымбетов те романын солай жазып шығатын еді. Бірақ мына қалпында оның романында күлкі де бар, қайғы да бар. Бір сөзбен айтқанда бұл тағдырлы шығарма, ал тағдырлы шығарманың бәсі қашан да биік болуға тиіс.
Алайда әлемде қазақ жазушысының орны белгіленбеген. Қазақ жазушысы осындай кітап жазады деп ешкім күткен емес, күтпейді де. Соны ерте білген Сатыбалды ағамыз киноға кетті. Түсірген кинолары түрлі фестивальдерге қатысып, бір киносы еуропалық Оскарды жеңіп алды. Ал кітаптарын шетелдіктер тұрмақ, өзіміз де толық оқып бағалағанымыз жоқ. Міне қазақ жазушысы осы қалпында ешқайдан жарып шыға алмайды деп отырғанымыз сол. Сатыбалды ағамыз да кинода мәртебесі биік болса да, әдебиетте сонау жастық шақтағы армандары жүзеге аспай, өмірден мұңайып өтті. Сөйтіп әдебиеттегі ағалы-інілі екеуміз нағыз шығармашылық адамдары емес, қайдағы бір Эдуард Тополь деген біреудің кейіпкерлері құсап бір-бірімізді сырттай бақылап, бір көшенің екі бетінде қарапайым ғана ғұмыр кештік.
Егемен Қазақстан газеті
Т. Раушанұлы