22 қазанда Астанада Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия мен Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет жобасына қатысуға ниет білдірген Қытай Халық Республикасының Ұлттар баспасы, сондай-ақ, Мысыр Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Келісім аясында серіктестер Қазақстан тарапына қазіргі қазақ әдебетиетінің үздік үлгілерін қытай, араб тілдеріне аударуға, сонымен қатар оны баспадан шығарып, таратуға жәрдемдеседі. Ұлттар баспасы Қытай Халық Республикасының аудармаға маманданған арнаулы мемлекеттік ұйымы. Ол жыл сайын Қытайда тұратын 56 этностың тілінде жалпы тиражы 20 миллион данаға дейін мынға жуық көркем әдебиетті баспаға даярлайды. 1953 жылдан бері баспаның қазақ редакциясы жұмыс істеп келеді. Ал, Египет Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығы араб тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап, Мысыр және басқа елдер арасында мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтумен айналысатын беделді ұйымдардың бірі. Орталықтың 25 елде өкілдігі бар. Қазақстан тарапынан меморандумға қол қойған Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған жобаның айрықша маңызы мен жоғары мәртебесіне тоқталды. Қазақ прозасы мен поэзиясының таңдамалы жинағы осындай ауқымда шығарылуы алғаш рет. Антология БҰҰ-ның 6 тілінде жарық көріп, ағылшын, араб, қытай, испан, орыс және француз тілдерінде сөйлейтін елдерге тегіс таратылады. Өз кезегінде ҚХР Ұлттар баспасының орынбасары, Гао Ли ханым қытай тарабы басылымның сапасын қамтасыз ету үшін бар білімдері мен тәжірибесін жұмсайтынына сендірді. Гао Ли ханымның айтуынша, Ұлттар баспасы үшін әлемге әйгілі ірі баспалармен бірге осындай ауқымды жобаға қатысу үлкен мәртебе. Египет Араб Республикасы Мәдениет және білім орталығының директоры Хемдан Ибрагим антологияны аудару, басып шығару барысында араб әлемі мен Қазақстан арасында екіжақты мәдени-гуманитарлық байланыстар нығайып, Қазақстан мен Египеттің ынтымақтастығы арта түсетініне сенім білдірді. Айта кетсек, қазіргі қазақ әдебиетінің озық үлгілерінің жинағы БҰҰ-ның 6 тіліне (ағылшын, араб, испан, қытай, орыс, француз тілдеріне) аудару Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет жобасы аясында жүзеге асырылып отыр. Жоба, өз кезегінде, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев ұсынған Рухани жаңғыру бағдарламасының құрамдас бөлігі саналады. Жобаның мақсаты әлемге қазақ әдебиетінің, музыка және бейнелеу өнерінің, хореографиясының, кино және театр саласының тәуелсіздік жылдардағы жетістіктерін көрсету. Жоба аясында қазіргі қазақ әдебиетінің қос антологиясы баспаға әзірленіп жатыр. Олар Қазіргі қазақ прозасының антологиясы және Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы. Әр антологияның көлемі 600 бет, әрқайсысына 30 автордан енеді. Антологияның құрылымы мен мазмұны Қазақстан Жазушылар Одағында өткен арнайы жиында бекітілді. Қазіргі таңда жобаның басты серіктестіктері анықталып, келіссөздер аяқтала келді. Мәселен, жинақтың ағылшын тіліндегі нұсқасын даярлауға Кембридж университетінің баспасы атсалысса, испан тіліндегісі Испанияның мәдениет министрлігі және Сервантес институты, француз тіліндегісі Париж мэриясы мен Францияның Ұлттық кітап орталығының қолдауымен дайындалады. Антологияның орыс тіліндегі нұсқасын Мәскеу мемлекеттік университетінің Баспа үйі, қытай тіліндегісін ҚХР Ұлттар баспасы, ал араб тіліндегісін Египет Араб Республикасының Мәдениет және білім орталығы аударып, басып шығаруға жәрдемдеседі. Қазақстан тарапынан жобаны Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қоры жүзеге асырады.