Қазақ әдебиетінде постмодернизм бар ма?

Қазақ әдебиетінде постмодернизм бар ма?
Фото: www.grandars.ru

Қазақ әдебиеті – сан ғасырлық тарихы мен шежіресі бар алып айдын. Ол жерге қаншама тұлға, қаншама жазушы, ақындар аққу құстай келіп қонды. Бәрінің қалдырған ізі бар. Сол ізді басып кейінгі ұрпақ сусындап келеді.

Басы сонау руна жазуынан бастау алатын мәдениеттің ошағы болған әдебиет бүгінгі күнге жеткенге дейін түрлі ағымдарды бастап кешті. Классицзм, сентиментализм, натурализм, позитивизм, абстракционизм, символзим, импрессионизм, модернизм сынды ағымдар ағыны бірінен кейін бірі келе берді. Солардың кенжесі болып бас сұққан осы – постмодернизм.

«Постмодернизм деген не?» бұл сұраққа осы ағымды алып келгендердің өзі жауап бере алмайды. Себебі нақты теориясы жоқ. Тек әлем әдебиетіндегі осы ағымда қалам тербеп жүргендердің өзіндік түйгендері ғана бар. Мәселен осының басында тұрған мәдениеттанушы, әдебиеттанушы, семиотик, лингвист әрі философ Жак Дерриданың пікірінше: «әлем» – «мәтін»», «мәтін» – шынайлықтың жалғыз ғана мүмкін моделі». Осы пікір арқылы постмодерн түсінігі Жак Дерриданың концепциялары негізінде қалыптасты.

Ең алдымен постмодернизмді ағым ретінде не болмаса ХХ ғасырдың құбылысы ретінде тану үшін постмодернизімнің негізгі қасиеттері мен ерекшеліктерін анықтап алуымыз керек. Орыстың философы Михайл Наумович Эпштейннің айтуынша постмодернизм былай: «Это два нравно значных понятия «пост», одно из которых «постмодерность», есть длительная эпоха, в начале который мы живем – второе же «постмодернизм» есть первый период, вход в эту большую эпоху. Если две большие эпохи, модерная и постмодерная зеркально отражаются друг в друге, то естественно что последний период эпохи модерности, а постмодернизм это первый период эпохи постмодерности. Сомен, біз Эпштейіннің ойынша постмодерн мен постмодернизм дейтін екі белдің ортасында тұрмыз.

Орыстың белгілі лингвисі, филологы Вадим Руднев болса: «Постмодернизм – қазіргі заманғы философия, өнер мен ғылымдағы негізгі ағым. Ол ең алдымен модернизімнен бойын бөлек салады». Иә, бұл тек бір пікір ғана емес, бұл пікірді толықтырып өтетін тағы бір дүние бар. Осыдан он жыл бұрын Д. Затонский былай деген: «Утратив способных ему соперников, постмодернизм неизбежно превращается в своего рода чистое «Не», если угодно, в дырку бублика»: модернизм был «бубликом», но время «бублик» съело. Осталась дырка – постмодернизм. И скептики, усмехаясь, вопрошают: «А был ли мальчик? Прочие же, пытаясь «дырку» как то очертить отталкиваюутся имено от модернизма».

Иә, сонымен мына бір пікірге қарап бір ойдың шетін шығаруға болады. Постмодернизм модернизмді ысырып, содан кейінгі кезеңді жалғастырушы ағым болды. Оған көзіміз жетті. Бірақ, жалғастырушы болып табыла да алмады. Екі жақты ұғым. Себебі, модернизм дәстүршіл. Ал, постмодернизм осы дәстүршілді өзінің көлеңкесінде қалдыруға тырысатын ағым. Жинақтап айтқанда, модернизм үшін дәстүр маңызды болса, постмодернизм одан бас тартады және бұны басты шарт деп санайды.

Бұл ағымның бастауы қайда жатыр?

Бұл ағым алғаш рет сәулет өнерінде пайда болды. Осыдан қанша ғасыр бұрын салынған «Вавилон мұнарасының» бүгінгі бейнесіне қарап жаңа структураның бейнесін байқауға әбден болады. Мифтік желісі басқаша өрбіген күннің өзінде, ондағы салынған сәулет өнерінің өзіндік ерекшелігі бар. 

Санада қалыптасқан қиялдың әсерінен сол мұнара пайда болды. Бірақ, ол мұнара жайында бертінге дейін сөз болған емес. Иә, сол секілді сәулет өнерлеріне ерекше көзқараспен қарап, баға беру  Абтайберг мұражайының салынуынан кейін пайда болды. Өйткені, ол структураның орны да, салыну үлгісі де адам ақылына сыймайтын, белгілі бір жүйеге емес, әдейілеп жасалған дүние секілді салынған. Алманияда орналасқан мұражай дәл біз сөз етіп отырған постмодернизімнің негізгі өкілі болып табылады десек артық айтқандық болмайды.

Әлем әдебиеті не дейді?

Бұл ағым бүгінгі әдебиеттанушылар көп талқылап келе жатқан әдеби құбылыс. Қоғамдағы біреулер оны екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада пайда болды десе, екіншілері оның АҚШ-тан келгенін айтады.

Сонымен тағы да екі жақты пікір. Өйткені, жазушылардың кей еңбектерінде біз айтып отырған ағымның бояулары бар. Ақ бетке тамып кеткен бір қара дақ үшін біз ол еңбектің түп тамырымен пост кеңістіктің туындысы деп те айта алмаймыз. Бірақ, ол бар. Ол автордың қиялының шырқау шегіне барып, сол тұсқа жеткен кезде дәстүрдің бұзылып, санада белгілі бір ауытқу болудан туды. Бірақ, оны автор аңғарған жоқ.  Өйткені, жазушы жазып отырған туындысының кейін талдауға түскен кезде белгілі бір ағымның бастауы боларын да сезген жоқ. Дәл осындай туындының бірін тудырып, кейін белгілі жазушы әрі посмодеринст атанған аргентиналық жазушы Луис Борхес.

Мына қызықты қараңыз, Луис Борхес шығармаларының тамырына постмодерним дейтін қанды ХІХ ғасырдың соңында жіберіп тастаған. Қан тамыр бойымен біте қайнасып, белгілі бір ағымдық деңгейге жеткенге дейін оның шығармалары тек модернистік бағытты талдауға түскен. Яғни, Луис Борхес секілді тағы қанша жазушының шығармаларында біз енді зерттеп, бағамдап отырған ағым бар десеңізші. ХХ ғасырда жаңалық  болып қалыптасқан әдеби құбылыстың тамшы бояулары, оған дейінгі ертеректегі ғасырларда пайда болған болуы әбден мүмкін. Айналып, Л. Борхеске келсек. Жазушының кейін талдауға түсуге себеп болып отырған шығармасы бәрімізге белгілі әдеби эссе жанрында туған «Пьер Менар, автор Дон Кихота».

Бұл әңгімеде атақты жазушыны тағым ету бар, бірақ сонымен қатар мазақ ету де жоқ емес, себебі автор Сервантес қазіргі іске қарсы тұра алмайды. Романда екіұштылық, көпмағыналық, күдік тудыру – бұлар постмодернизмнің басты ұғымдары болып табылады. Ал, бұл жайында америкалық әдебиеттанушы Ихаб Хасан постмодернизмнің 11 қасиетін атап көрсету кезінде айтып өтеді. Жоғарыда аталған көпмағыналық, екіұштылық дегендер бар. Сондықтан, біздің жазушы постмодернист.

Қазақ ғалымдары да пікір білдірушілердің қатарында бар

Филология ғылымдарының докторы, академик С.Қасқабасов постмодернизм туралы өз ойын былайша білдіреді:  «Постмодернизм – өндірісі қатты дамыған постиндустриялы елдерде кең таралған. Өйткені, олар бұрынғы классикалық әдебиеттен қол үзіп кеткен. Біз болсақ, классикалық реализмнен, классикалық әдебиеттен қол үзгеміз жоқ. Одан қол үзе алмайтын себебіміз, бізде әлі постиндустриялық қоғам құрылған жоқ. Сондықтан постиндустриялық қоғам болмай тұрып, постиндустриялық қоғамның өмірін суреттей алмаймыз. Алайда, постмодернистік тәсілді меңгеріп алған біздің кейбір қаламгерлердің ісі сыртқы көрініс қана» деген. Ендеше бізде бар, тек толық игеру мәселесі қарастырылмаған ба?

Филология ғылымдарының докторы, профессор, сыншы Б.Майтанов: «Қазіргі дәуірдегі модернизм мен постмодернизмнің қазақ әдебиетіндегі көріністері тұтас бағыт деңгейіне көте­рілмеген, олар өзара ара-жігін де ашып дараланбағандықтан, бүгінгі күн бедерінде көркем-әдеби ағым ретінде өмір сүруде. Орнына қарай дәстүр, үрдіс, көрініс, стиль тер­миндері қолданылуы мүмкін. Біз бұл үде­рісті жылдамдатуға да, кідіртуге де құқылы емеспіз. Тақсыр уақыт пен әдеби тә­жірибе негізгі сөздің тұтқасын ұстамақ».

Осы жайында жазушы-драматург Дулат Исабеков «Қамшы» порталына былай деп сұқбат берген: «Қала өркениетіне жақын, жаңашылдыққа құмар толқындар келіп жатыр, бірақ қазіргі шығармаларда ерекшелік жоқ. Біздің кезіміздегідей қызығы мол шығармалардың қатары да сиреген. Жазушылардың шығармаларында өз стилі емес, өзгеге еліктеу басым тұрады. Одан кейін сападан гөрі санға көп мән береді. Қала өркениетіне жақын, жаңашылдыққа ұмтылатын жазушылар бар. Олар, тіпті, өздерін постмодернизм өкілдеріміз деп атайды. Қазақ әдебиетінде постмодернизм жоқ. Біз де формализммен күрескенбіз кезінде. Әркімнің өз стилі бар. Қазіргі жастардың шығармаларын үлгергенімше оқып отырамын. Құдай сақтасын, «маған пікір жазыңыз» деп трилогиялық еңбектерін береді. Сонда мен олардан «Трилогия жазуға қорықпайсыңдар ма?» деп сұраймын. Трилогия – бірнеше кезеңді қамтитын көлемді шығарма. Қазақта екі ғана трилогия бар. Бірі  Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы, екіншісі – Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тері». Ал жас толқынның шығармаларын оқып отырып, тіл жұтаңдығына көңілім толмайтын. Соңғы кездері бір-екі жас қаламгердің шығармаларын оқып, ол ойымнан айныдым».

Ал қазіргі кезде постмодернист жазушы ретінде бағаланып, Кафка атындағы сыйлықты алған, «Парасат майданы» туындысымен танылған Төлен Әбдіков былай дейді: «Постмодернизм деген шын мәнінде ғалымдардың, әдебиеттанушылардың зерттейтін обьектісі. Постмодернизмнің қатып қалған анықтамасы жоқ. Модернизм дегеніміз – өмірдегі құндылықтарға жаңаша трактовка беру. Кейде қоғамда рухани дағдарыстар болады, модернизм сол кезде пайда болады. Постмодернизмнің анықтамасы – модернизмнен кейінгі модернизм деген сөз ғой. Басқа ештеңесі жоқ. Оның толып жатқан өкілдері бар. Бірақ, жазушы ешқашанда мен бір модернистік тұрғыда жазып отыр екенмін деп ойламайды. Шығарма жазғанда өзің білетін өмірді қалай жеткізу керек, соның жолында қандай ізденістерге бару қажет деген сұрақ қана болады. Әдебиетте ізденіссіз даму болмайды. Мысалы, классик суретшілердің айтатын сөзі бар: «Сурет салғанда өмірді сол күйі салуға болмайды»,  дейді. Қалғаны көшірмеге жатады. Шығармашылық адамында өмірге деген өзіндік концепциясы, субъективті пікірі болмаса, бәрі бекер. Әдебиетте де болған оқиғаны көшіріп жаза берсең, ол өмірдің көшірмесі ғана болып қалады. Өмірдегі ойдың тереңдігі бар, рухани әлемнің барлық механизмін іштей біліп, тереңіне үңілу деген бар. Ол кезде көшіріп жазу деген тәсіл жүрмейді. Символикалық амал керек. Сол тәсілді ғалымдар қарайды да, әртүрлі термин жасап алады. Мен ойлаймын, қазіргі кезде жұрт көп айтып жүрген менің «Парасат майданы» деген повесімде постмодернизмнің элементтері бар. Қалыптасып қалған позитивті құндылықтар болады. Постмодернизм сол түсініктерге күмәнмен қарайды. Жаңағы шығармада бір-бірімен айтысатын екі тұлға бар. Екінші тұлға оппонентіне: «Сіз зұлымдықты жек көресіз. Оны жек көруге болмайды. Өмірді дамытушы екі тетік болса, соның бірі зұлымдық. Зұлымдықтың бір символы өлім. Ал, өлім болмаса мына әлемде не болар еді? Аурулар өлмесе, залымдар өлмесе жер бетінде тозақ болады ғой. Сондықтан, барлығын тазалап отыратын өлімге рахмет айту керек»,  деген пікір айтады. Бір қарағанда үлкен құндылықтарды жоққа шығарып отырған секілді, бірақ соған жаңаша трактовка жасайды. Бұл туралы жұрт өзінің анықтамасын айта беретін шығар, менің ұғымымда осылай...».

Қаза әдебиетіндегі постмодернизм бастауын Жүсіпбек Аймауытовтан бастап көруге бола ма? Оның «Елес» шығармасын мысалға алуға болады. Проза жанры қазақ әдебиетінде енді дамып келе жатқан тұста «Елес» шығармасының жазылуына не түрткі болды? Ол кезде бұл нағыз жаңалық еді. Бірақ жаңалық ретінде бүгін қабылдадық. Ол кезде постмодернизм иісі қазақ әдебиеті түгілі орыс әдебиетінде де жоқ еді. «Жоқ еді» деудің өзі жаңсақ пікір болар. Себебі орыстың ұлы ақындарының бірі де бұл сүрлеуді салып кеткен жоқ па?! Сергей Есениннің «Черный человек» шығармасы да осының дәлелі.

Ал қазіргі кезде қазақ әдебиетінде осы бағытта жазып жүрген немесе жазуға тырысып жүрген бірнеше есімді атауға да болады: Мұхтар Мағауин, Дидар Амантай, Думан Рамазан, Асқар Алтай...

Қорыта келген кезде «постмодернизм» деген сөздің өзіне нақты жауап таба алмай тұрып, «бар» әлде «жоқ» деп айтудың өзі бір жақты пікір. Қазақ әдебиеті көштен қалып қойған жоқ. Тек өзіндік сүрлеуімен келе жатқан, қандай ағым келсе де ұлттық болмысына идіріп, сындырып жазып келеді.

Қазіргі қоғамның өзі әр нәрсеге ат үсті қарап, ішімдегін тап деп жатып алған ерке баладай болды. Жоғарыда аталған еңбектер, пікірлермен талдаулаға қарап отырып «постмодернизм» түсінігін түсіну үшін алдымен оның объектісін анықтап алу керек. Уақыт өте келе жас ұрпақ өз зерттеуінде бұл ағымды адасушылық немесе шимай ішінен тауып алған сияның тамшысы секілді қабылдауы ғажап емес. Келер ұрпақтың ғасырында қандай ағымның келері белгісіз. Бір анығы ол кезде әдебиеттің бүгінгі әдебиет пен кешегі әдебиетті түсінуі қиынға соғады. Алысты алмаған күннің өзінде, өзіміздің Мұхтар Әуезов қалдырған «Абай жолын» оқыған ұрпақтың жауабы: «ештеңе түсінбедім» одан қала берді «тілі ауыр әрі қиын ғой» дейді.

Жас та болса, бұл бағытта қалам тербеген Нұрдәулет Омарбектің мақаласына да үңілген дұрыс.

Бәрі  уақыттың еншісіндегі мәселе. Ең бастысы бұзылмайтын бір қағида бар: "әдебиет – ардың ісі".

М. Ақан