Мадрид қаласында қазақ әдебиетінің испан тіліндегі антологиясын аудару, басып шығару мен тарату жұмыстарына қатысты келіссөздер аяқталды.Рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алынған жоба аясында Испания мәдениет Министрлігімен стратегиялық серіктестік орнатылып, Сервантес Институты жоба кеңесшісі ретінде бекітілді. Бірқатар испаниялық ірі басылымдардың ұсынысы саралана келе, қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің испан тіліндегі екі антологиясын аудару, басып шығару, тарату жұмыстары үшін Visor-Libros баспа үйі таңдалды. Аталған меморандум испан астанасындағы Қазақстан елшілігінде жасалды. Құжатқа Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева мен баспа үйінің Президенті Хесус Гарсиа Санчес қол қойды. Іс-шараға Қазақстанның Испаниядағы елшісі Константин Жигалов пен Ұлттық аударма бюросының директоры Рауан Кенжеханұлы қатысты. Visor-Libros баспасы шетел әдебиетімен айналысатын мамандандырылған бірегей баспа. Баспа үйі көп жылдық тәжірибеге ие. Әлемнің ондаған елімен жұмыс жасап, ақын-жазушылар шығармашылығын насихаттауда өнімді еңбек етіп келеді. Visor-Libros баспасы Испанияда ғана сұранысқа ие болып қоймай, Латын Америка елдері мен Солтүстік Америкадағы испан тілді мемлекеттерде де кеңінен танымал. Қазақстан мен екі ел арасындағы келісімге сәйкес, қазақ әдебиеті антологиясын тек Испанияда ғана емес, өзге елдерде де тарату-насихаттау жұмыстары көзделген. Көпшілік білетіндей, испан тілі тек испан елінің ғана емес, сонымен қатар Латын Америкасының 18 елі үшін де ана тілі саналады. Бұл тілде әлемде 600 миллионнан астам адам сөйлейді. Біз үшін ең бастысы испан оқырмандарының талғамынан шығып, жүректеріне жол табатын сапалы да сауатты аударма ұсыну. Біздің шығармашылық топтар, яғни қаламгерлер арасындағы біріккен іс екі елдің мәдениетін табыстыратын һәм ара-қатынасын одан әрі жақындастыратын алтын көпір болмақ, - деді Аида Балаева испан баспагерлерімен болған кездесуде. Өз кезегінде, Visor-Libros баспа үйінің Президенті уақытылы қолға алынған маңызды бастаманың себепкері болғанына қуанышты екенін жеткізді. Хесус Гарсиа Санчес бұл серіктестіктің саяси я болмаса коммерциялық тұрғыдан емес, мәдениеттер бірлігі тұрғысынан маңызды бастама екенін баса айтты. БҰҰ-ның 6 тіліне аударылған заманауи отандық әдебиет өкілдерінің шығармалар жинағы Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет жобасы бойынша жасақталған. Тиісінше, бұл жоба - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған Рухани жаңғыру бағдарламасының құрамдас бөлігі. Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет жобасының міндеті әлем жұртшылығына тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиетіміздің, музыкамыздың, сурет және би өнерінің, сонымен қатар кино мен театр өнерінің жетістіктерін паш ету. Жоба аясында қазіргі қазақ әдебиетінің қос антологиясы испан тіліне аударылады. Олар: Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы мен Қазіргі қазақ прозасының антологиясы. Әрбірі шамамен 500 беттен тұратын антологияға 60 қазақстандық автордың шығармасы енгізілген. Олардың құрылымы мен мазмұны Қазақстан Жазушылар одағының арнайы кеңесінде бекітілген. Еске сала кетейік, кеше ғана Ұлыбританияда Рухани жаңғыру бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссия мен Кембридж университеті баспаханасы арасында ынтымақтастық жөнінде меморундамға қол қойылған болатын. Келісім бойынша ұлыбританиялық баспахана қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің ағылшын тіліндегі антологиясын аудару, басып шығару мен тарату жұмысын қолға алатын болды.