Қайыршының миллиардер досы (Хикаят)

1-тарау

ЖЕР АСТЫНА САЯХАТ немесе СҮТСІЗ ҚОҒАМ

Құрбақалар бірін-бірі тыңдамастан жарыса құрылдап, шегірткелер де шаттана шырылдап жатқан маусымның тамаша түнінде Қайыршының есігін әлдекім солқылдата ұрды. «Бұл уақытта кім болуы мүмкін?» деген сезікті оймен орнынан сергек тұрып, шағын саңылаудан сыртқа тесілді:

– Кім-ей бұл? – деді немкетті үнмен үрейлі екенін сездірмей.

– Сізді бастық шақырып жатыр, – деді арғы жақтан гүрілдеген таныс үн.

Қайыршы есікті сенімді кейіпте ашып:

– Ол кісі сендерге бастық, маған дос-аға, бауыр! – деді мақтанышты дауыспен. Сосын өзінің мәртебесі жоғары екенін сездіргісі келгендей:

– Ас үйде отыра тұр. Мен киініп алайын, – деп, төргі үйге өтіп кетті. «Көлікте күтем» деген сөзге мән берместен ең қымбат киімдерін таңдай бастады. Бойында бір алапат қуаныш бар, осы күнді талайдан күткен сыңайы анық байқалады.

Қайыршы сыртқа шыққанда көзі тостағандай болды. Көлемі жүк көлігіндей болатын қара машина бар сән-салтанатымен көлденең тұр. Көздің жауын алады. Қырсыққанда, осы қалпын бір көршісі көрмей, қаперсіз ұйықтап жатыр-ау. «Бұлар да күндіз келмей, діңкені құртқанын қарашы!»

– Көлік құтты болсын! – деді ол, артқы есіктен артыла мініп жатып.

– Айтсын, ағасы!

– Ол кісіде мұндай көлік жоқ сияқты еді, жаңадан алған-ау деймін? – деді, неғұрлым таңданысын, қызығушылығын жасыра сөйлеп. Ол кісінің несі бар, несі жоқ, бәрінен хабардар адамның түрімен. Оққағар денесіне лайық емес ептілікпен артына жеңіл бұрылды. Өз көлігін мақтағандай лепіре сөйлеп отыр.

– Иә. Арнайы тапсырыспен жасаттық. Біздің елде мұндай көлік үш-ақ адамда бар. Терезесінен оқ өтпейді. Ішінде бір аптаға жететін азық-түлік пен екі кісілік жатын орны тағы бар. Моторының қуаты 500 жылқының күшіне пара-пар!

Бұлар қаладан ұзап шығып, бір қамалдың қақпасына келіп тірелді. Қымбат тастардан өріп тастаған қоршауынан іште не бар екенін, не болып жатқанын көріп-білу мүмкін емес. Әр бағананың басында жарқыраған жарық пен мойны сорайып бейнебақылау қондырғысы тұр. Іштен арсылдаған иттердің үні ғана естіледі. 

– Қайда келдік? – деді бұл шын таңданыспен.

– Жұмаққа! Мұндай жерді сіз әлі түсіңізде де көрген жоқсыз!

Сықырлап қақпа ашылды да, іштен екі дию шығып, екі жаққа тұра қалды. Олардың соңын ала бере қолына айна тәрізді әлдене ұстаған тағы біреу келіп, көліктің асты-үстін айналдыра қарай бастады. Оққағар терезеден басын қылтитып:

– Жаңа ғана бастықты әкеліп тастадым ғой. Қайта-қайта тексере бересіңдер ме? – деп еді, екі дию құлағына ілмеді. Жұмысын аяқтаған үшінші ғана: 

– Бұл біздің міндетіміз! – деп қысқа қайырды. 

Көлік ішке кірген соң көп жүрмей, киіз үйдің орнындай алаңқайға тоқтады. Қайыршы үйреніп қалған дағдысымен бірінші түспек болып есікті аша бергенде:

– Қозғалмаңыз, – деген дауыстан жүрегі тоқтап қала жаздады. Қолын есіктің тұтқасынан алар-алмасын білмей, оққағардың бұйрықты үні – қалжыңы ма, шыны ма, ажырата алмай, «әзілі болса, оңашада мазақ қылады-ау» деген ой жылт етіп: 

– «Қозғалмаңыз, ұсталдыңыз» деп қойсаңшы, – деп, ойынды түсіне қойған адамның күлкісіне салды. Алайда қарсы тараптан еш жауап болмастан, көлік сол тұрған бойында төмен түсіп бара жатты. Қайыршы енді шындап қорқайын деді. «Қайда тап болдық, қайда келе жатырмыз? Бағана үйдің есігін ашпай-ақ қоюым керек пе еді?» Көңілін «Дос-аға да осында ғой» деген ой ғана аздап тыныштандырады. Жылға татыған ұзақ уақытта, мүмкін, көзді ашып-жұмғанша көлікті арқалаған шағын алаңқай төмен құлдилап келіп, жап-жарық бір әлемге табан тіреді.

– Енді түсе берсеңіз болады, – деді оққағар. – Біз қазір жерден жүз метр төмендеміз. Бірақ  айналаға қарап олай деп мүлде ойламайсыз, иә?

Қайыршы сыртқа шығуын шықты. Тек, қозғалуға шамасы жоқ. Айнала күндізгіден әлдеқайда жарық, ерекше шуақ шашып тұр. Жып-жылы. Бұлардың алып көлігі қайтадан жоғары көтеріліп кетті де, жандарына ертегідегі күймені сүйреткен ақбоз ат келіп тоқтады. Көшір секіріп түсіп, шағын есікті ашып қошемет көрсетті. Бағанағы үрейден әлі толық арылмаса да, мына құрметке тоқмейілсіп қалған Қайыршы маңғаздана барып орнына жайғасты. Расымен-ақ, ертегілер еліне топ ете қалған сияқты. Шығыс үлгісімен киінген көшір, күйменің баспалдағында тік тұрған оққағар, шалқая түскен өзі – құдды бір ханзада іспетті. Бұл өмірде көрген қиыншылықтары мен жоқшылықты сәтке болса да есінен шығарған Қайыршы осындай тосын сыйларымен анда-санда көшпелі бақытқа кенелтіп тұратын дос-ағасына шексіз риза болған тоқ көңілмен жан-жағына қарады. Көшір төңірегін ауыз жаппай таныстырып келеді.

– Оң жағыңыздағы су қоймасында көк кит бар. Өзіңіз де білетін шығарсыз, ол – әлемдегі ең ірі тіршілік иесі. Ұзындығы, шамамен, отыз үш метр болады. Ал суды Тынық мұхитынан арнайы алдырған.

Хайуанаттар бағынан ғана кездестірген аң-құсын қойшы, бұрын мүлде көрмеген хайуандарының түр-түрі жүр. Піл, қолтырауын, түйеқұс, панда, арыстан, дельфин, акула сияқты бұрыннан таныс жабайы достарына Қайыршы көзінің қиығын да салмады. Теледидардан ғана көрген түрлі тропикалық ағаштар мен өсімдіктер жап-жасыл болып жайқалып тұр. Көзге оғаш ештеңе жоқ. Бәрі жарасымды, бәрі аса көркем. Олар жоғарыдағы зәулім сарайдан да әдемі бір ғимараттың алдына аялдады. Бұл енді таң қалмауға, өзін сабырлы ұстауға, мұндайды талай көрген адамдай болуға барын салды. Әттең, ондай қасиет о бастан жоқ еді. Екіншіден, төңірегіндегі таңғажайып жарасымға тамсана қарамау мүмкін емес еді. Іштен бір қызметкер шығып, күйменің есігін ашты. Сосын оққағар екеуін бастап ішке жүрді. Іште тек балауыз шамдар жанып тұр. Олардың көптігі сонша, электр жарығынан артық сәуле шашады. Оққағар тағы өзіне тән емес ептілікпен мұның құлағына жақындады.

– Сарай ішінде он үш миллион он үш мың он үш балауыз шам бар екен. Соның бәрін тұтату мен өшіріп шығуды айтсаңызшы, – деді таңданысын білдіріп.

– Қазір дамыған технология заманы ғой. Сондай бірдеңемен жағып, өшіретін шығар, – деді бұл салмақты үнмен. Дегенмен қызығушылық жеңіп барады. – Сонша шам бар екенін қайдан білдің?

– Бұл аймақты «жерасты хандығы» деп атайды. Ашылуына әлемнің әр түкпірінен ең құрметті қонақтар келген. Ойбай-ау, небір байлар, шетелдік әншілер, тіпті, президенттер мен министрлер, бәрі жүр. Біз үстінде қалдық. Салтанатты рәсім өткен жерге ешкімнің оққағарын  түсірмеді. Осында бір апта тойлады-ау деймін. Кейін біздің бастық бар, тағы оншақты адамға сарай ішін толық аралатты. Шам жайлы сол кезде естідім. Қызығы, мұнда бәрі он үшпен аяқталады. Он үш жолбарыс, он үш мың пальма, он үш мың он үш қызметкер деген сияқты.

– Неге он үш?

– Үлкен кісі он үшті кие санайды екен. Содан бәрін солай үйлестіріпті. Мына сарайда да он үш мың бөлме бар. Бөлме деген аты ғой, әрине. Әрқайсысы бір-бір стадионнан кем емес.

– Келдіңіздер, қонағымыз осында, – деді қызметкер тағы бір сиқырлы есікті ашып. Мұнда да самаладай жарқыраған, әр затынан мысыңды басар құндылық пен паңдық аңқыған атшаптырым бөлме тұр. Суы бұрқылдаған хауыз ішінде дос-ағасы жатыр екен. Екі жағында екі қолын уқалап екі қыз отыр. Бұлар жақын келіп, амандық-саулық сұрасты.

– Келдің бе, бауырым? Қалай, ғаламат әлемге еніп кеттің бе?

– Айтарға сөзім жоқ!

Дос-ағасы ақжарыла күлді. Өзің көрген Грекияда, Мысырда, Қытайда жоқ мұндай сарай! Келісесің бе?

– Иә, әрине. Не дерімді білмей тұрмын...

– Ештеңе айтудың керегі жоқ. Тек, көз суару керек мұндай сұлулыққа. Армансыз тамашалау қажет. Бәрібір тілмен жеткізе алмайсың. Солай емес пе?

– Иә, солай екен. Мен өмірі көрмеген талай дүние жолықты жол-жөнекей...

– Оның рас. Тіпті, мен ойламаған қызықтар толып жатыр бұл жерде. Ал иесінің кім екенін білдің бе?

– Жоқ. Сұрауға да шамам келмеді...

– Үлкен кісінің өзі!

– Патша ма?

– Жоқ. Одан кейінгі кісіні естуің бар шығар?

– Аа, иә. Сізден естідім ғой талай рет...

– Жер астынан мұндай сәулетті сарай салу, әр әшекейіне дейін биік талғамды талап ету, іші-сыртын дүниенің барлық асылымен толтыру, қымбат тастармен безендіру тек сол кісінің ғана қолынан келеді емес пе? Қане, сол кісінің құрметіне бір көтеріп жіберейік! – деп, дос-ағасы сәл көтеріліп отырып, қолына бокал алды. 

Дос-ағасы бұл сөздерді аса көтеріңкі дауыспен айтып шықты. Себебі кез келген заттың түбінде жасырын камера тұруы әбден мүмкін. Үлкен кісінің: «Барлық құпия сақталады, не істесеңдер де өздеріңнен басқа ешкім білмейді. Қауіпсіздік толық қамтамасыз етілген», – деген сөзіне сене беруге болмайды деп ойлады дос-аға. Екеуі стақан қағыстырып, қымбат шараптан тартып жібергеннен кейін: 

– Бұл – Италиядан арнайы алдырған шарап. Бір шөлмегі он мың доллар тұрады, – дегенде, Қайыршы теңселіп кетті. – Енді шешін де суға түс. Қаласаң, ана қыздардың бірі осындағы әр затпен таныстырып шығады. Ол, әрине сәл кейінірек. Ал сен өзің білетін жақта бол!

– Құп болады! – деп, екі метр оққағар екі жастағы баладай томпаңдап есікке қарай жүгіре жөнелді.

 Қайыршы жан-жағына ішіп-жеп қарады, қараған сайын «Шіркін!..» деген саналуан ой санасын кезіп, тамсана түседі. Рас, дос-ағасының арқасында жер шарының біраз жерін аралады, түрлі ғажапты көрді. Бірақ  мына жердің көркемдігінде шек жоқ-ау. Селтиіп тұрған Қайыршыны екі қыз асықпай шешіндірді, жетелеп барып суға түсірді, сосын армансыз булап, үйеңкі жапырағымен көк желкесінен қара табанына дейін сабалады. Жақсылап жуындырды, бүкіл денесін уқалап шығып, бал жақты. Мұның бәріне Қайыршы әбден үйреніп алған, әлемнің әр түкпірінде мұндайдың талайын көрген. Сондықтан бұл жолы жасанды кейіпке енбей-ақ бәріне қалыпты жағдайдай қарап, манаурап жата берді. Арада бірнеше сағат өтіп, толық қанағаттанған Қайыршы мамық халат жамылып, дос-ағасының жанына келді.

– Қалай, жақсы демалдың ба?

– Иә, керемет сергіп қалдым!

– Бұл әлі басы ғана, қазір тағы бір қызық бар. Жүр, оған дейін жүрек жалғап алайық!

Екеуі мол дастарқанның басына келіп отырды. 

– Құстың сүтін ішіп көріп пе едің? – деді дос-аға. – Мен де дәмін татып көрмегем. Міне, соны осы жерден кезіктірдім. Қане, ең жақсысынан алып келіңдерші!

Онсыз да ас та төк жайылған дастарқанға алтын жалатылған құмырамен сүт әкелінді, көздей ғана тостаққа құйылды. Қайыршы ыдыс шетінен дәм татып көріп еді, алып бара жатқан ештеңесі жоқ екен. Соған қарамастан, «Күнде ішіп жүрген сусыным емес қой» деп, көзін жұмып түгел сіміріп алды. 

– Мұндағы әр сурет, әр мүсін, әр сыйлық түгелдей түпнұсқа. Ана суреттің өзі аукционда жүз миллион долларға бағаланған. Оны қойшы, қызыл кітапқа енген аң мен құстың, өсімдік атаулының бәрін осы жерден таба аласың. Ғажап емес пе, иә?

– Рас... – деді бұл, әйтеуір үнсіз отырмау керек болған соң.

– Енді ең қызығын айтайын, осы жерасты хандығының көлемі еліміздегі ең үлкен қаланың көлемімен бірдей. Бірі теңізге шығатын, бірі құмды алқапқа бастайтын және бірі әуежайға апаратын үш жерасты жолы бар. Осының бәрін салуға қанша миллиард доллар кеткенін өзің есептей бер!

– Жерасты жолы... Бұл ел метро жолының өзін елу жыл салды емес пе? Мынаған қанша уақыт кетті екен?

– Осы дәрежеге жеткізуге бес-ақ жыл жұмсалды! Қолыңда билігің мен ақшаң болса, азғана уақыт жетіп жатыр, бауырым!

– Бүкіл елді шулатқан халықаралық көрмелер мен әлемдік жарыстарға мұнша ақша жұмсалмаған болар. Қалай ойлайсыз?

– Оларды бұл жермен салыстыруға келмейді. Ертең қирап қалатын, ел көзін алдау үшін тұрғызылған сапасыз құрылыстар көп. Есесіне, соған жұмсалды деген есепсіз ақша есебі бар жігіттердің қалтасына түсті.

Дос-аға қарқылдай күлді. 

– Дегенмен, мұндайды көп сөз ете берме. Бәрін есіңнен шығар да, жақсылап демал. Еліміздегі әр бастама – мемлекеттің абыройын көтеретін, ертеңгі күні ұрпаққа естелік болып қалатын тарихи маңызға ие! – деді сөзінің соңын тағы екпіндете сөйлеп.

Қайыршының басы айналайын деді. Мастықтан емес. Бұл кісілермен бірге отырғанда өліп кетсең де мас болмауың керек. Мас болдың екен, ертегі әлемінен біржола кетесің. Ертең сені ешкім танымайды. Тіпті, бұл күнде өзімсініп сөйлесіп, әзілдесуге жарап қалған манағы еңгезердей оққағардың өзі-ақ сирағыңнан ұстап, басынан екі-үш айналдырып күншілік жерге лақтырып жібереді. Қысқасы, мастықтан емес, осынша байлықты ақылына сыйдыра алмай, басы мең-зең болып барады. 

– Мұнда әлемнің әр елінен арнайы келіп демалатындар бар. Біздің елдің басшысы да осында болуы ғажап емес. Өйткені мұнда барлық жағдай жасалған. Жер бетіндегі кез келген климаттың әдемі бір бөлігін осыннан таба аласың. Ең бастысы, мұнда барлық қауіпсіздік сақталған. Біреу тосыннан суретке түсіріп алады-ау, әлдекім сыртымнан көріп қояды-ау немесе қастандық жасайды-ау деген күдік жоқ. Әркім өзі қалаған аймақта жайбарақат демалып жатыр!

Екеуі жақсылап тамақтанды, шөл басты. Қайыршы дос-ағасының сырын бір кісідей біліп қалған. Сондықтан өзін белгілі дәрежеде еркін сезініп отыр. 

– Енді мен екі-үш сағат көз шырымын алайын. Сен айналаны бір шолып шық. Тек, бөлмеден шығам деп арандап қалма. Мұнда рұқсатсыз ешкім кіріп-шықпайды!

Дос-аға екі қыздың ортасында тербеліп кете берді. Мұны бір қыз балауыз шамдарға қарай бастады.

– Мына шырағдан Батыстан арнайы алдырылған. Он жетінші ғасырда патша сарайында тұрған. Қазіргі құны...

Жолбастаушы қыз әр заттың жанына аялдап, арғы-бергі тарихын айта келіп, бағасына тоқталғанда Қайыршы талықсып кетеді. Сосын жер бетіндегі, өзінің ақыл-ойы жететін дүниелермен салыстыра бастайды. «Сонда мына  кішкене құмыраның бағасына менікіндей он үй алуға болады екен-ау!»,  «Мына әшекейді сатсаң, тәп-тәуір байдың бірі болып шыға келесің ғой!»... Осындай қиялдың жетегіне ерген Қайыршы тізіле орналасқан хауыздардың жанына келіп тоқтады.

– Мына хауызда жылқы сүті, ана хауызда түйе сүті толтырылған. Мұнда ешкі сүті. Ал  ана ең шеткісінде ана сүті...

– Ана сүті несі? Кәдімгі әйел адамның сүті ме?

– Иә. Жаңа босанған әйелдердің сүті.

– Ойбай, мына хауызды толтыру үшін қаншама сүт керек?

– Иә, дұрыс айтасыз. Көп сүт қажет. Ең бастысы, мұндай хауыз бұл жерде біреу ғана емес қой!

– Сонда қанша?

– Жалпы санын білмедім. Бірақ  өте көп екені анық!

– Мәссаған! Таппайтындары жоқ-ей. Мынау мен мүлде ойлап көрмеген қызық нәрсе екен! – деді Қайыршы таңданыспен әрі «Мен де бекер адам емеспін!» дегенді аңғартатын мақтанышпен. 

– Оның несі қызық? Елімізде қаншама сәби уызына жарымай өсіп жатыр. Қаншама ана босана салысымен еркінен тыс есепке алынып, баласын ең болмаса бір рет еміреніп емізе алмай, қақтап сауылып, сүтін осында жіберіп жатыр...

Бұл сөздер Қайыршыға әсер етпеді. Мүмкін бір кездерде, расымен-ақ  қайыршы кезінде жүрегі селт етер ме еді, ал қазір байлыққа әбден құнығып алған, «мен де осылардай бай болсам ғой» деген арман күні-түні жанына маза бермейтін шақта ол өзінен төмен адамдарға пысқырып та қарамайтын. Оларды тек ақпарат алуға, жұмсауға, түрлі қажеттілікке пайдалануға арналған деп есептейтін.

– Сонда бұл күнде жаңартыла ма?

– Әр адам түсіп шыққан сайын жаңартылады!

– Адам түсіп шыққан сүтті не істейсіңдер?

– Шынымды айтайын ба?

– Әрине!

– Негізі, бізге сарай ішін таныстырудан өзге ақпаратты таратуға болмайды. Сіз өзгелерге ұқсамайды екенсіз. Сондықтан айтайын, ана сүтінен басқасын біз қайнатып ішеміз!

– Не-ме-не?

– Иә. Осында он мыңдаған жұмысшы бар. Солардың бәрі қарық болып жүр деп ойлайсыз ба? Бәріміз сіздерден қалған тамақтармен күнелтеміз.

– Бізден қалғанды жесеңдер, бақыттысыңдар ғой. Әне, дастарқанның шеті бұзылмай сол күйі қалды.

– Түсінбедіңіз. Бүтіндерін сақтап қоямыз. Тек, тістелген, жартылай желінген тағамдар мен ұртталған сусындар ғана бізге бұйырады.

– Оның өзі де жаман емес!

– Менің жұмысым аяқталды. Енді былай жүріңіз, – деді Қайыршыдан күдер үзген жолбастаушы қыз. 

Ол қалған сүтті жоғарыға шығара алмай отырғандарын, байлар бір шомылып шыққан сүттің өзіне жер бетінде талай адам зар болып жүргенін айтқысы келген. Амал қанша? Артында өзіне сұқтана қарап келе жатқан Қайыршыдан аз да болса үміт етіп еді. Ол да көптің бірі екен. Керек десеңіз, мұны түсінбек түгіл, ту сыртынан құшақтай алып, шетке сүйреді.

– Мен тек жолбастаушымын. Ондай қызметке басқалар бөлінген. Манадан бері өзіңіз де көрдіңіз ғой. Қаласаңыз, қазір-ақ шақырып берейін, – дегеніне қарамады...

Қанағат ӘБІЛҚАЙЫР