Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқан форумда, ел басшысы Азия қаламгеріне ортақ "Азия алыбы" әдеби сыйлығын тағайындауды ұсынды.
"Алдымен, Азия қаламгерлері форумы шығармашылық қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде қуатты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіл әлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан, әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта Азия алыбы әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек", - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетейік, қыркүйектің 4-6 аралығында өтетін Азия қаламгерлерінің І форумында аталмыш құрлықты мекен еткен 44 мемлекеттен Нобель сыйлығының номинанттары, Букер және ASEAN әдеби жүлдесінің жеңімпаздары, ұлттық, мемлекеттік сыйлықтардың иегерлері һәм Жазушылар одағы мен ассоциацияларының Төрағалары сынды 90-ға жуық ақын-жазушылар мен еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған қаламгерлер басқосады.
Әдеби форумның жалпы отырысына Нобель сыйлығының номинанттары Оңтүстік Корея қаламгері Ко Ын, катарлық Моза аль-Мальки, моңғолиялық Гомбожавын Мэнд Ооёо, Оңтүстік Азия халықаралық сыйлығының лауреаты үндістандық Амар Митра, Әзербайжан халық жазушысы Анар Расуыл Рзаев баяндама жасайды. Екі бөлімде 11 спикер баяндама оқиды. Ертең TED.9 форматында арнайы шара өтеді. Онда 10 спикер дәріс оқып, еркін форматта сұхбаттасады. Сондай-ақ, Абай көшесінің бойында "Қаламгерлер аллеясы" ашылады. Шара аясында Орталық Азия қаламгерлерінің кездесуі өтеді. Онда Ұлы Жібек жолы бойындағы әдебиеттің болашағы туралы айтылады. Форум аясында жас Азия қаламгерлерінің кездесуі де жоспарланған.