"Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер" деп қазақ бекер айтпаса керек, осы нақылдың дұрыстығына Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовтің "Тамыр" атты кітабын оқып отырып тағы да бір көз жеткіздім. Кәрім Мәсімов екі рет Қазақстан Республикасының Премьер Министрі болды, одан өзге де талай жауапты қызметтер атқарды, бүгінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы. Оның осындай жетістікке жетуіне әке тәрбиесі де сеп болған екен.
Өткен айдың сегізінде 80 жасында қоғам қайраткері, Қазақстанның ұлттық агроөнеркәсіп палатасының басшысы Қажымқан Қасымұлы Мәсімов қайтыс болды. Ол 1939 жылы 18 сәуірде дүниеге келген. Омбы темір жол, Павлодар индустриалды және Алматы дене шынықтыру институттарын бітірген. Қазақ туризм және спорт академиясы спорттық медицина кафедрасының құрметті профессоры. 2016 жылдың қараша айынан бастап "Қазақстанның ұлттық агроөнеркәсіптік палатасы" заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлер қауымдастығы құрылтайшыларының жалпы жиналысында төраға болып сайланды. "Мәсімов сауықтыру орталығы" ЖШС бас директоры, Қазақстан йога қауымдастығының президенті болды. Бұл бәрімізге белгілі ақпарат қана.
Ал Кәрім Мәсімовтың әкеге арнаған кітабын оқи отырып, оның қаншама қайырымдылық істерге мұрындық болғанын, йоганың арқасында талай қиындықтарды жеңгеніне куә боласың.
Автор негізгі тақырыпқа кіріспес бұрын Жапон мәдениетін сөз етеді. Ол жердегі жақында ғана өз тағын келесі мұрагерге босатып берген патша Акихито жайлы айта келе, оны Жапония Премьер-Министрі Синдзо Абе қабылдап, оған Рейва (тәртіп пен үйлесім) деген сөздерді тарту еткенін айтады. Бұл сөз Кәрім Мәсімовтың да өміріне әсер етіпті. Арадан көп өтпей әкесі қайтыс болды.
Асқар таудай әкесі қайтыс болса да, өз мүддесінен ел қамын биік қойған Кәрім Мәсімов ҚХР бірінші хатшысының орынбасарымен кездесіп, арадағы жұмысты талқылайды. "Кездеспей кету мүмкін емес еді, бұл маған берілген тапсырма", – дейді автор "Тамыр" атты кітабында.
"Алматы... жерлеу рәсімі, алыс-жақыннан, шетелдерден келген қонақтар... мұның бәрі де көз алдымнан кино лентасындай өтіп жатқан кадрлар еді. Жалпы анам екеуміздің қайғымызды бөлісуге көп адам келді. Біздің қайғымызыды бөлісіп, жұбату сөздерді тауып айта білгеннің бәріне ризамын. Әсіресе мұндай қолдау анама аса қажет еді", – дейді автор.
Бұл көңіл айтулардың ішіндегі ерекшесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің демеу сөздері. "Келесі күні Елбасымызды іскерлік сапарға шығарып салдық. Нұрсұлтан Әбішұлы сонда маған "Қайғыра берме, Кәрім. Әкеңді жоғалтсаң да, мен бармын", – деуі адам жанын жылытады. Қазақтың "әкең өлсе де, әкенің көзін көрген өлмесін" деуі осында болса керек.
Кітаптың екінші тарау "Шаршауды білмейтін" деп аталады. Онда Кәрім Қажымқанұлы бала кезінен әкесінен бір ретте жұмыссыз жатқанын көрмегенін, жұмыстан келе салып үй шаруаларынан да қолы босамай тыным таппайтынын айтады. Сонымен бірге темір жолға қалай қызыққанын, бірақ әке тілегінен аттай алмай бірінші мал дәрігерлік оқуға түскенін, кейіннен бала кездегі арманын орындау үшін Алматыдағы мектепте сырттай бөлімде оқып, аттестат алғанын, сол құжатпен Омбыдағы теміржолшылар институтына түскенін, болашақ жарын (Кәрім Мәсімовтың анасын) қалай кездестіргенін баяндайды.
Сонымен бірге, Қажымқан Мәсімов Алматыға келіп, Боралдайдағы кірпіш зауытына директор етіп тағайындалғанда, жоғарыдағы басшылардың "Егер жылына 60 миллион кірпіш шығарсаң, Алматыдан пәтер береміз" деген сөзінен кейін, сол кірпіш зауытын қалай ретке келтіргенін, бір жылда 45 миллион кірпіш шығарғанын, бұл бүкіл елдегі рекорд екені айтылады. Жалпы, осыдан соң КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитеті жылдық 60 миллион кірпіш жоспары қате екенін түсініп, оны 45 миллионға дейін азайтқан екен.
"Маған пәтер берсе берер, бермесе бермес, ол маңызды емес, бастысы жоғарыдағылардың "Жылдық жоспарды орындай алмайсың" деген сөзі қамшы болды", – дейді Қажымқан Мәсімов.
"Әркімнің әулиесі – өз әкесі" депті қазақ. Үлкенді сыйлау, құрметтеу – біздің жұрттың қанында, жадында бар қасиет. Сол қасиетке кейінгі заманда ғана ептеп селкеу түсті. Бірақ ол селкеу сызатқа айналып кетпесе игі. Сен әкеңді қай деңгейде құрметтесең, балаң да сені сол дәрежеде құрметтемек. Әкені асқар тауға теңейді, ендеше сол асқар тауыңның еңсесін түсірме, шырағым".
Қажымқан Қасымұлының "Аманат" кітабынан.
"Тамыр" атты шығармада Қазақ жеріне алғаш болып йоганы әкелген Қажымқан Мәсімұлы екені туралы айтылған. Қажымқан Мәсімов Омбыда оқып әрі жұмыс істеп жүргенде бастығының айтуы бойынша һәм денсаулығына байланысты осы йога үйірмесіне жазылып, кейін ол өмірлік серігіне айналыпты. Тіпті Қазақ жерінде де алғашқы йога мектебін ашып, онда көптеген адамдардың ауруынан айығуына себепші болған. Оның ішінде белгілі, танымал адамдарда болыпты. Бірақ Кеңес үкіметінің солақай саясатының арқасында домалақ арыз түсіп, бұл мектепті жаптырыпты. Бұл туралы автор шығарманың "Тірлігінің тірегі" атты тарауында айтып өтеді.
"Ақсуы – алтын бесігі" тарауында автор туған жері, ондағы атасы Қасымның ауыл адамдарына тигізген шапағаты, агент болып істеп жүріп, кейбір малды жарамайды деп ауыл адамдарына сойып, қызылсырап отырған бұқараны етпен қамтамасыз еткендігі айтылады. Жалпы, кітаптың "Тамыр" аталуы да осында болса керек. Жалпы аталған кітапта 8 тарау бар. Оның бірнешеуін біз жоғарыда айтып өттік. Бұдан кейінгі "Адал жолдан айнымаған", "Қажымай халқын сауықтырған" атты тарауларда да автор Қажымқан Қасымұлының жомарттығын, елге істеген игі істерін, туған жеріне алтын күмбезді мешіт тұрғызғанын айтады.
"Алтын тамырға айналды" атты соңғы тарауда Кәрім Мәсімов әкесінің бабалар манатын қалай сақтағанын, атасынан жеткен қасиетті Құран Кәрімді Сталиннің кітабының мұқабасына салып бейбіт күнге жеткізгенін баяндайды.
"Бабамнан – атама, атамнан – әкеме жеткен сол қасиетті Құран енді менің үйімнің төрінде. Кейін балама аманатқа қалары анық.
Қайтыс болғанда әкемнің жеке екі заты болыпты. Бірі – саусағындағы ижүзігі, екіншісі – қолынан шешіп жанына қойған сағаты. Олар енді менің саусағыммен білегімде жүрмек. Сол арқылы әкем саусағымнан ұстағандай, білегімнен сипағандай болады. Бір кезде ұстамдылығынан, сабырлығынан, ал кейде уақыт пен жағдай жетіспегеннен маған көрсете алмаған махаббатын енді осы жеке заттары арқылы сезінетінім даусыз.
Енді қасиетті Құранның қатарына әкем Қажымқан Қасымұлы Мәсімовтың жүзігі мен сағаты қосылды. Бұлар да менің бойыма қуат береді".
Кәрім Мәсімовтың "Тамыр" атты шығармасынан үзінді.
"Мен үшін әкем – ертеңгі бұтақтың биік болуы үшін тереңге кеткен тамыр. Жай емес, Алтын тамыр",- дейді автор шығарма эпилогында. "Таяуда әкеме арнап кітап жаздым. Біздің әулетіміздің тамыры, өмірі баяндалады. Сондықтан оны әулеттің тарихы деуге болады. Өзіңіз білесіз, қазақ халқы шежіреге көп мән береді. Ата-бабаң кім, әке-шешең қандай болған? Бұл балаларға аманат болып қалады. Соның ішінде әкеге сағыныш бар. Сондықтан әулеттің терең тамырымен жалғайтын кітап "Тамыр" деп аталады. Кезінде әкемнің айтқандарына көп мән бермедім, қазір әкемнен айырылғаннан кейін бәрін ой елегінен өткіздім. Бұл кітап солай дүниеге келді", – дейді Кәрім Мәсімов кітабы жайлы.
Аталған кітапты мына жердегі сілтеме арқылы толық оқи аласыз құрметті оқырман.