Күш атасы – Қажымұқан Мұңайтпасұлы кәсіпқойлар арасындағы классикалық күрес бойынша әлем чемпионаттарында бірнеше дүркін (1908, 1909, 1911, 1913 және 1914 жылдары) жеңіске жетті. Француз күресі бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алған ең алғашқы қазақ. Оның алып күші түрлі аңыз-әңгімелердің тууына себеп болды. Сәбит Мұқановтан бастап оған шығарма арнаған қаламгерлер қазақта өте көп. Соның бірнешеуін назарыңызға ұсынамыз.
Орасан күш иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы, теңдессіз өнерімен жер шарын аралаған, 28 мемлекетте күреске түсіп, 48 медаль олжалаған Қажымұқандай мықты ХХ ғасырдың басында түркі халықтарының ішінде қазақта ғана болды.
Қажымұқан туралы прозалық шығармалар
Әлімқұл Бүркітбаев – "Қажымұқан" романы ("Қазақ балуандары" шығармалар жинағынан)
Қазақстандық спортшы, ғалым, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Әлімқұл Бүркітбаевтың "Қажымұқан" атты зерттеу еңбегі бар. Шығарма 262 беттен тұрады.
Кітаптың кіріспесі жас Мұқанның әйгілі палуан Злобинмен күресінен басталады. Злобин алғашында Мұқанды менсінбей бір аяғын береді. Мұқан қазақша әдіспен оны іштен шалып жығады. Қарсыласының оңай шағылмайтын жаңғақ екенін түсінген Злобин енді шындап күресе бастайды. Күрес соңы тең нәтижемен аяқталады. Қазақта мұндай алапат қара күшті көрмеген Злобин, Мұқанға дән риза болып, арқасынан қағады. Сол күні ол циркте балуандарды даярлайтын Иван Лебедевке жас палуан туралы айтып хат жолдайды. Сөйтіп, Мұқан досы Абдолламен бірге Петерборға кетеді. Күш атасы Қажымұқанның әлемдік аренадағы жолы осылай басталады.
Кітап Қажымұқанның әртүрлі күрес бәйгесінде айтулы балуандарды қалай жеңгені, оның французша күресті меңгергені, Фатимаға үйленуі, Мекке, Стамбұл сапары, Америка сапары егжей-тегжейлі айтылады. Боз кілемде кіл мықтымен айқасып, Иван Поддубный, Алекс Аберг, Лука Копьевтерден жеңілгені, тең түскені және жеңгені ерекше шебер тілмен суреттеп жазылған.
Бұл кітапта Қажымұқанның джиу-джитсу шебері атақты Саракикимен қалай белдескені, оның ажалы ақыры қазақ балуанынан келетіні "Саракикидің ажалы" тарауында айтылады.
Әлімқұл Бүркітбаевтың "Қажымұқан" романындағы "Тағылым" тарауында Қажымұқанның Балуан Шолақпен күреспекші болғанда, әнші, ақын және батыр-балуан Иман Жүсіп араға түсіп: "Өрге тартса сорға тартатын сорлы халқым, бағыңа екі балуан көп болды ма!" деп, Қажымұқанға қарап: "Аға тұрғанда іні күреспейді" деп белдікті алып, Балуан Шолақпен өзі күрескені баяндалады.
Әлімқұл Бүркітбаевтың "Қажымұқан" романы Күш атасының балуандыққа келгені, өмірі, күресі толықтай суреттеледі.
Ғазизбек Тәшімбаев – "Күш атасы" естелік жинағы
Ғазизбек Тәшімбаев құрастырған "Күш атасы" жинағындағы естеліктерде оның палуандыққа қандай қиын жолмен келгені, бүкіл Еуропа, Америка, Азия халықтарына өзін қазақтан шыққан тұңғыш палуан екенін көрсеткені айтылады. Оның ішінде Қазбек Сүлейменов "Палуанның балалық шағы", Дихан Әбілев "Алыптың ақ батасы", Әуелбек Қоңыратбаев "Өз аузынан естігендерім" әңгімесі бар. Қадыр Мырзалиевтің "Бұлшық еті даланың" өлеңіндегі: "Сайын далаң – өзің анаң, өз әкең, Сол далаға тартпай туған аз екен. Осындай ұл таба алам дегендей, Тапқан сені қазекең", – деген шумағы кімді болса да бір тебірентіп тастайды. Сәкен Сейфуллиннің "Қажымұқан", Сырбай Мәуленовтің: "Ұл тартып туса игі енді өзіңе" өлеңдеріндегі теңестіру, сипаттамасы бар.
Қажекеңнің тек білек күш иесі ғана емес екенін, оның парасатты, ойшыл, намысшыл, зейінді адам болғанын бір ғана автор (Ж.Бектұров. "Күш атасы", 248-б.) жазбайды, оны бәрі естелігінде дәлелдеп келтіреді. Талиға Бекқожина "Әншілігі де бар еді" деген әңгімесінде: "Көпшіліктің сұрауы бойынша Қажекең қолына домбыра алып, қоңыр дауысымен шырқай жөнелді:
Атандым Қажымұқан бала жастан,
Ішінде империяның болдым асқан,
Кешегі Омскінің қаласында
Құлаттым қырық палуанды бір шалмастан", – деп жазады.
Бұл шумақ Қажекеңнің әншілігін, шығармашылық өнерін байқатса, "Ал қазақтың қара сөзін мақалдап, мәтелдеп сөйлегенін, соның үлгісін мен Қажекеңнен көрдім" дей отырып, Ә.Қоңыратбаев: "Әттең, ол кісінің сөзін магнитофон лентасына да түсіре алмаппыз", – деп өкінішін білдіреді.
"Күш атасында" (15-29-б.б.) Қажымұқанды көрген-білгендердің ішінде ең маңыздысы – Бәтима апайдың естелігі және оны жазып алған Маркс Қазыкеновтің зор еңбегі. Осы "Күш атасы" кітабының кіріспесінде Ғазизбек Тәшімбаев: "Қажымұқанның замандастары, ол кісіні көзімен көргендер азайып барады. Көпшілігін көре алмай қалдық", – деп өкінеді.
Ян Дымов – "Воля батыра" қазақ балуандары жайлы жинағы
Ян Дымовтың "Воля батыра" жинағында Қажымұқан туралы естеліктер берілген. Кітаптың жетінші бетінде қазақтың атақты палуанымен күрескен Михаил Слуцкий естілігін былай баяндайды:
"Зайнтригованная публика ждала развязки. Большинство "оракулов" предсказывали робеду "Циклопа". "На этот раз Муханура не выдержит 50-киллограммового премущества "Циклопа" в весе... Еще как выдержал! Провел какой-то свеобразный бросок через спину и шлепнул Биньковского так, что тот даже мостить не пытался. Читая победа зафиксирована, кажется на одиннацатой минуте. Я думаю, что у талантливого казаха было поразительное чутье на время атаки. Божий дар к борьбе в Мукане был. И смелость невероятное было. Подвернуться под такой громадиной, как "Циклоп", мог только очень смелый, удалой человек. Я такого бедрового броска никогда не видел и даже не знаю как он называется...", - дейді
Слуцкийді сүйсінткен, оның білмеймін деп отырған әдісі қазақтың әйгілі жамбас әдісі еді. Қажымұқан осындай шетелдіктерге белгісіз әдістерімен көптің жүрегіне жол тапқан, қарсыластырын ойда жоқта алып жыққан.
Ресейдің балуандар тобында Қажымұқаннан күші асқан ешкім болмағанын да айтуға тиіспіз. Дүние жүзінің чемпиондары Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды жампоздармен қатар жүру, боз кілемдегі айқастарда осы балуандарды шетінен жығып, бәйге алу – сол заманда нағыз ерлік еді.
Ғасырға жуық уақыт бұрын қазақтың даңқты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов Баянауылдағы досы Сүбек ұстаның үйінің іргесіне таудан алып тасты көтеріп әкеліп орнатыпты. Алып тасты алып келерде таразыға салып өлшемеген, әрине. Кейін ғой тастың салмағы 480 келі екені мәлім болған.
Ақындар жырындағы Қажымұқан
Күш атасын жырға қосқан ақындар қазақта аз болған жоқ. Соның бірнешеуінің өлеңінен үзінді келтірейік.
Ақын Сәкен Сейфуллин палуанның паң көркіне, күшіне тамсанып өлең жазған. Ол "Өрдеш төс, білеу дене, шойындай сом" өлеңінде:
"Ожар бет, қара мойын – бейне құлжа,
Қылар ед бір салса егер мылжа-мылжа.
Шалқиған жауырынды, бұжыр қара,
Еңгезер, үйелмен, дəу, тартқан – құжға", - деп Қажұмақанның бітім-болмысына таңдай қағады.
Палуанның күшіне бас иген қаламгерлердің бірі Төлеген Айбергенов. Ол "Сәлем саған күш атам" өлеңінде:
"Заңғар таулар жотасын
Мен өзіңе ұқсатам.
Танымайтын атасын
Сəлем саған, күш-атам!", - деп жазады.
Қазақтың "ақылды" ақыны Қадыр Мырза-Әлі де Қажымұқанға өлең арнаған ақындардың бірі. Ақын "Бұлшық еті даланың" өлеңінде:
"Тау көтерсең – қарың сенің талмапты,
Сондай күшпен ата-бабаң мал бақты.
Саған арнап құйған шойын ескерткіш
Болмас сенен салмақты!", - дейді.
Тұманбай Молдағалиев:
"Бөліп берген олжасын бар адамға,
Алғыс алып анадан, ағадан да.
Қажекеңді көргендер бақыттырақ,
Көрмей қалған біздерге қарағанда", – деп күш атасын көрмегеніне өкінішін білдіреді.
Қажымұқанның әкесімен кездескенін баллада етіп қағазға түсірген Мұхтар Шаханов әйгілі палуанды 5 жаста көргенін айтады.
"Сен әкеме жігер беріп, мейіріміңнен от өріп,
"Мына ұлың палуан болсын!" дедің мені көтеріп.
Жә, палуандық қайда маған, нәзік, жұқа кескінмен,
Жел үрлесе құлайтындай қауқарсыз боп өстім мен" (М. Шаханов. Қажымұқан қабірі басындағы ой).
Қажымұқанға шығарма арнаған ақын-жазушы өте көп. Бұл туралы: "Қажымұқан туралы қалам тербеген алаш қаламгерлерін түгендеп шығу да оңай емес. Сəкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Кенен Əзірбаев, Нартай Бекежанов, Асқар Тоқмағанбетов, Əбділда Тəжібаев, Дихан Əбілев, Сапарғали Бегалин, Сəбит Мұқанов, Əуелбек Қоңыратбаев, Сырбай Мəуленов, Төлеген Айбергенов, Қадыр Мырзалиев, Ғафу Қайырбеков, Қалмақан Əбдіқадыров, Сəуірбек Бақбергенов, Жайық Бектұров, Əди Шəріпов, Зейтін Ақышев, Берқайыр Аманшин, Əлімқұл Бүркітбаев, Қапан Қамбаров, Төлеген Тоқбергенов, Мұхтар Шаханов, Жарасқан Əбдірашев, Бекен Əбдіразақов, Сабырхан Асанов, Аян Нысаналин, Құлбек Ергөбеков, Мамытбек Қалдыбаев, Захардин Қыстаубайұлы, Серік Байхонов, Жанболат Аупбаев, Əділғазы Қайырбеков, Əсия Беркенова, Есенқұл Жақыпбеков... Орыстың көрнекті ақыны Дмитрий Мартынов, белді жазушы Николай Анов... Аттары аталған бір-бір бəйтеректей ақын-жазушыларға спорт журналистерін қоссақ, Қажымұқан туралы қалам тербеген адамдардың шеті-шегі жоқ екенін бағамдай едіңіз", - дейді "Қазақ балуандары" кітабының құрастырушысы Қыдырбек Рысбекұлы.
Одан бөлек Қажымұқан жөніндегі шығармалар – Қ.Әбдіқадыровтың "Қажымұқан" кітабы, М.Танекеевтің 1964 жылғы зерттеу еңбегі, Ә.Бүркітбаевтың деректі повесі бар. Бұл шығармалардың барлығы келесі ұрпаққа мол мұра.