Міне, бүгін – қыстың соңғы күні. Ақпанның ақырғы үні еміс-еміс естіледі.
Онсыз да жаны жұмбаққа толы Алматы ару дәл осы ақпанда тым құбылмалы, тым кереғар күй кешетіні несі? Бірде пәктіктің белгісіндей аппақ қарлы тәнімен елітсе, енді бірде аязды, суық жүзімен кеудеңнен итереді. Кей-кейде Көктемнің албырт сезіміне алданған жас қыздай елжіреп, шуағын төгеді.
Содан бұл күй Қыс пен Көктемнің арасында арпалысқан сол ару Алматыға ғашық жандарға да көшетіндей ме, қалай? Олар да дәл солай құбылады. Құлазиды. Мұндай бір-ақ мезетте өзгере салатын көңілден жалыққан жандар Кафканың кейпіне енеді. Ақпанның күндеріндей қысқа ғұмырында теңдессіз туындылар қалдырып үлгерген талант иесі кешкен ішкі арпалыстың құрсауында қалады.
Франц Кафканың 1910—1923 жылдардағы «Күнделіктерінен» берілген үзіндіні оқып шыққан соң, Кафканың күйін кешпеймін деп көріңіз...
19 ақпан 1911
«Бүгін төсектен тұрмақшы болғам, денемді көтере алмай қайта сылқ ете түстім. Шамасы, шаршасам керек. Оның себебі қызмет емес, мен айналысатын өзге іс. Егер қажеті болмаса, тіпті, сол жұмысқа бармай-ақ, күнімнің бес-алты сағатын оған арнамай-ақ қояр ем. Әсіресе, жазу-сызумен айналысқым кеп бойымда қуат тасыған кездерімде қызметіме кететін жұмыс уақыты біткенше тағатсызданамын. Мұндай адам төзгісіз күйді сіз ұғынар ма екенсіз? Бірақ, оным орынсыз, әрине. Өйткені, қызмет менен аспандағыны емес, қарапайым тәртіпті талап етеді. Мұндай екіжақты өмір мен үшін аса үрейлі. Себебі, оның соңында есіңнен ауысып тынатындайсың. Түн жамылғанда қолыма қалам алып жазғаным осы болды. Бұл осыншама ауыр әрі ащы шындық болмаса, ол туралы сөз қозғамас та едім.
Алайда, мен қазір бұлай дегенмен, ертең-ақ сол қызметке қайта барамын. Бәлкім, тағы да бәріне шүкір деген ойға қалармын.
Менің түн ортасында осыншама шабыттануым әрі бақыт, әрі сор. Өйткені, менің қолымнан тек бір ғана емес, бірнеше іс келеді. Мысалы, мен қолыма қағаз бен қалам алып «Ол терезеден қарады» деп жаздым делік. Осының өзі менің қолымнан келетін мінсіз іс».
21 ақпан, 1911
«Осы мен тағы да өмір сүруге мүмкіндік берілетін адамдай ғұмыр кешемін. Мысалы, өткен жолғы Парижге жасаған сәтсіз сапарымнан кейін, тағы да келермін деген оймен өзімді жұбатқам.
Көз алдымда бір нәрсе: ол – тротуарға түскен жарық пен көлеңке».