- Негізгі бет
- Әдебиет
- Кадзуо Исигуроның айрықша...
Кадзуо Исигуроның айрықша 6 романы
Кадзуо Исигуро – британдық танымал жазушы. Тегі – жапон. 2017 жылғы Нобель сыйлығының иегері. Оқырманға ой саларлық айрықша туындыларымен ерекшеленеді.
Жазушы 1954 жылдың 8 қарашасында Нагасакиде дүниеге келген. Әке-шешесі мұхитты зерттейтін маман болған. 1960 жылы Кадзуоның отбасы жұмыс барысымен Ұлыбританияға аттанады. Саутгемптондағы Ұлттық мұхит зерттеу орталығына әкесі қызметкер болып орналасады. Бірақ олар мұнда көп боламыз деп ойламаған. Уақыт өте келе отбасының жоспары өзгеріп, Кадзуо Исигуро жергілікті мектепте оқуды бастайды. Ол сол аймақтағы алғашқы шетелдік оқушы еді.
Мектеп бітіргеннен кейін АҚШ-та, одан кейін Канадада болады. Осы кезде музыкаға қызығып, кәсіби маман болғысы келеді. Түрлі клубтарда ән салып көргенімен, нәтиже болмайды.
1974 жылы Кадзуо Ұлыбританияға оралып, Кент университетіне оқуға түседі. Ағылшын тілі мен философиясын зерттей бастайды. 1978 жылы өнер магистрі атанады. Одан кейін Шығыс Англияда білімін жалғастырып, жазушылық шеберлік курсына қатысады.
Біраз уақыт Лондонда қоғамдық қызмет те атқарған.
Кадзуо Исигуроның жазушы болып қалыптасуына Толстой, Чехов, Джойс, Фицджеральд, Фолкнер және Хэмингуэй шығармалары әсер еткен. Оның әдебиеттегі жолы 1981 жылдан басталады. Алғаш рет жас қаламгерлерге қолдау білдіретін британдық Introduction: Stories by New Writers антологиясында 3 әңгімесі жарық көреді. Араға 1 жыл салып алғашқы көлемді туындысын жазып шығады. Ол A Pale View of Hills ("Тұман құшағындағы дөң") романы еді.
amazon.in
Жазушының ең алғашқы романы 1982 жылы жарық көрді. Бұл романда Нагасаки қаласының атом бомбасынан кейін қайта қалпына келуі суреттеледі. Ал сюжеті бойынша Жапониядан Англияға қоныс аударған әйел мен оның қызы Кэйко жайлы жазылады. Ағылшындың ортаға үйрене алмаған қыздың ауыр тағдыры баяндалады.
A Pale View of Hills романы 13 тілге аударылған.
amazon.in
An artist of the floating world (1986)
("Баянсыз әлемнің суретшісі")
Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңілістен кейін Күншығыс еліндегі саяси ахуал өзгерді. Бұрынғы милитарлық Жапония демократиялық елге айнала бастады. Жастар батыс мәдениетіне қызықты, еліктеді. Алайда алдыңғы буын бұрынғы жүйені қимады. Роман желісі бойынша жасы келген суретші империя кезіндегі жастығын аңсайды. Ал оның бұл іс-әрекетіне қоғам ғана емес, балалары да қарсы болады.
"Баянсыз әлемнің суретшісі" романы ХХ ғасырдағы ең үздік жапон романдарының үлгісінде жазылған. Босаң, нәзік сюжетті, импрессионистік детальдары түйсік арқылы дөп тиіп отырады. Романның өне бойындағы дүниеге көзқарасы аясында жайылып жатқан автор образы мен өзіндік әңгіме айту стилі ерекше.
amazon.in
The Remains of the Day (1989)
"Қалған күн"
"Қалған күн" романы үшін Букер сыйлығын алған кезде, ағылшын сыншылары: "Бір ұрпаққа жүк болатын нағыз ағылшын романы жазылды. Авторы – Кадзуо Исигуро" деп жазған. Шығарма желісі бойынша 30 жылдай Дарлингтон-холлға келген қонақтарды есікті ашып қарсы алатын адал сарай қызметшісі жайлы баяндалады. Ол өткен шақты еске алып, осы кезді де әңгімелейді.
1993 жылы осы роман негізінде фильм жарыққа шықты. Онда Энтони Хопкинс пен Эмма Томпсон рөлдерді сомдаған.
amazon.in
When We Were Orphans (2000)
"Біз жетім болған кезде"
Бұл романын жазушы детектив жанрында жазған. Онда бас кейіпкер 20 жыл бұрын Шанхайда ізім-ғайым жоғалған әке-шешесін іздейді. Кітап Букер сыйлығына үміткерлер қатарында болған.
amazon.in
Never Let Me Go (2010)
"Мені тастамашы"
Кадзуо Исигуро бір стильде, бір жанрда жаза беруді қаламайды. Өз шығармаларын түрлі жанрда жазып келеді. Психологиялық триллер мен ғылыми фантастикалық романдары да бар. Соның бірі - Never Let Me Go (2010). Мұнда ғылыми фантастика бар. Оқиға ХХ ғасыр соңында Ұлыбританияда болады. Онда жабық мектеп соғыстан кейінгі қоғамның "қалыпты" азаматтары үшін ағза доноры болуы керек клондалған балаларды өсіреді.
Жазушының бұл романын Time журналы "үздік 100 ағылшын тілінде жазылған кітаптар" тізіміне енгізген. Сондай-ақ бұл кітап негізінде фильм де түсірілген.
amazon.in
The Buried Giant (2015)
"Жерленген алып"
Кадзуо Исигуро бұл романын фэнтези жанрында жазған. Оқиға орта ғасырдағы Англияда өтеді. Роман-тәмсілде король Артурдың кезіндегі болып жатқан оқиғалар суреттеледі. Шығарманың бас кейіпкерлері өздерінің өткен өмірі туралы шындықты білуге әрекет етеді. Алайда, олар сол уақыттағы барлық оқиғалардың қалай болып, қандай қылмыстардың жасалғанын білгенде бір-бірін жек көре бастайды.
Қазіргі таңда Кадзуо Исигуро – Британ корольдігі әдебиеті қоғамының мүшесі. Әдебиеттегі жүлделерінен бөлек Британ империясы орденін (1995 ж) алған.
Н. Үсенова