Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында айтылғандай ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен айтулы тұлғалардың тұтас галереясы жасалып жатыр. Бұл жастарға үлгі болары анық. Мысалы биыл Жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойы. Осыған орай Жетісу өңірінде бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр. Күні кеше ғана Талдықорған қаласында жыр құлагері, қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойына арналған "Жансүгіров тағылымы" атты республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференция өтті. Айтулы іс-шараға еліміздің әр аймағынан, атап айтсақ, Нұр-Сұлтаннан, Алматыдан, Шымкентттен құрметті қонақтар келген.
"Жансүгіров тағылымы" атты ғылыми-конференция ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Жастар мен ақынның оқырмандары Ілияс Жансүгіровтың өлеңдерін оқыса, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасарлары Мереке Құлкенов, Бауыржан Жақып, "Қазақ әдебиеті" газетінің бас редакторы Дәурен Қуат және жиырмаға жуық қаламгерлер конференцияда Ілияс Жансүгіров шығармаларының әлемдік әдебиетте алар орнын әңгімелеп, өткізіліп отырған іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
Аталған жиында Жетісу университетінің ректоры Қуат Маратұлы Ілияс Жансүгіровтың туған немересі Фатима Жандосоваға ыстық ықыласын білдіріп, медаль тақты. Ал Болат Жансүгіровтың (Ілияс Жансүгіровтың ұлы) жұбайы Қарлығаш Қаңтарбаева сөз алып, университет ұжымына алғысын білдірді.
Конференцияда Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл-қазына" ұлттық орталығының ғалым хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты Анар Фазылжанова "Ілияс шығармалары мәтінін лингвостатистикалық және фоносемантикалық аспектілерде зерттеудің маңызы" атты баяндама жасады. "Ілиястану" ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Иманғазинов "Құлагер" поэмасы: ақиқат пен аңыз" атты ғылыми еңбегін жиналған қауымға таныстырды. Ілияс Жансүгіров музейінің директоры Нұргүл Жауынбаева "Жыр дүлдүлі" және "Ілиястану" ғылыми-практикалық орталығының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Шара Әсетқызы "Мәлім және беймәлім Ілияс" тақырыбында баяндамаларын оқыды. Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай Ілияс Жансүгіровтың ағартушылық қызметі мен педагогикалық идеяларына тоқталды.
Айта кетейік, осыған дейін Ілияс Жансүгіровтің туғанына — 125 жыл толуына орай, 1 наурыз күні Талдықорған қаласындағы Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалы мен Ілияс Жансүгіров атындағы әдеби музейдің ұйымдастыруымен "Ақынға тағзым" атты поэзия кеші өткенін жазған едік.