Қазіргі дамыған технологиялар заманынында жылдам оқу өнері түгіл, жалпы оқу әдеті жойылып бара жатыр. Жастарға сағаттап кітап кеміргеннен гөрі компьютерден ойын ойнаған немесе фильм көрген әлдеқайда жеңіл. Дегенмен, заманынан кеш туған кітапқұмарлар әлі де бар. Барша әдебиетті оқуға ғұмыры жетпейтінін түсінген оқырман біз айтып отырған жылдам оқу өнерін меңгеруді армандайтыны анық. Соларға талпыныс берсін деген мақсатпен осы әдісті қолданған ұлы тұлғалар туралы ақпарат ұсынып отырмыз.
Тарихта жылдам оқу қасиетімен есте қалған талай мықты тұлғалар бар. Мәселен, Наполеон Бонопарт. Ол өзінің қолбасшылығымен ғана емес, оқудағы жылдамдығымен де ерекшеленеді. Деректерге сенсек, император минутына екі мың сөз оқитын болған. Ал француздың атақты жазушысы Оноре де Бальзактың 200 беттен тұратын романды жарты сағатта оқып тастайтын қабілеті болған деседі. Ал Максим Горький болса, бұл орайда Наполеон Бонопартты басып озады. Жазушы минутына 4 мың сөз оқи алған. Ол жайлы дерек классиктің шәкірті жазушы Алексей Новиковтың естелігінде айтылады. Горькийдің ерекше қасиетін тексеріп көрмек болған Новиков басылымға жаңа шыққан бір романды оқып болысымен, журналды Горькийге ұсынады. Көп ұзамай журналдың әрбір бетіне аз ғана аялдап, оқып отырған жазушыға туынды туралы өз ойын айтады. Соның арасында романды оқып үлгерген Горький туындыға қатысты өз ойын айтып, пікірін бөліседі. Новиков әдебиеттегі ұстазының қырағылығына осылайша көз жеткізген екен.
Лениннің көп оқитындығы жиі айтылады. Көп кітап оқып өзінің жылдам оқу әдетін дамытса керек, ол бір бетті жарты минуттан артық оқымаған. Ал Америка президенті болған Рузвельт жылдам оқу әдісін арнайы оқып, жақсы меңгерген екен. Соның нәтижесінде ол қалың кітаптарды 1-2 сағат мөлшерінде аяқтайтын болған.
Қазіргі телефон байланысын жақсартуға жол ашқан, электр жүйесін оңтайландырған өнертабыс иегері Томас Эдисон болса, бір көз тастағанда 2-3 жолды бірақ қамтитын болған. Сондай-ақ, ол оқыған кітаптарының әрбір жолын есінде мықтап сақтай алатын қасиетімен де ерекшеленген. Талай жемісті жұмыстарымен есте қалған адамның осындай ерекшеліктерінің болуы да орынды секілді. Байқағаныңыздай, жылдам оқу әдісін меңгерген жандардың көбісі өмірде қандай да бір жетістікке жете білген. Демек, жылдам оқудың, яғни кітап оқудың біздің миымызды жетілдіруге тигізер пайдасы зор.