- Негізгі бет
- Әдебиет
- Жүсіпбек Қорғасбек. Аңыз...
Жүсіпбек Қорғасбек. Аңыз Әбіш
Қапшағайдың жолында асығып келе жатыр едім. Жүзбен жүйткіп келе жатқан көлігімнің алдында бір тасбақа тырбаңдап бара жатты. Жалт беріп тоқтап үлгердім. Құдай сақтады!
Сөйткенімше болған жоқ, артымнан тағы бір көлік құйындатып келіп қалды. Е деп ес жиғанымша тарс еткен дыбыс шықты. Маған ана көксоққан қарсы жаққа өте берген тасбақаны қасақана бұрылып барып басып өткендей көрінді. Жерге түсіп қарасам, сауыты қақ бөлініп қалыпты. Мылтық атылғандай тарс еткен дыбыс содан шығыпты.
Есіме Əбіш Кекілбайұлының «Тасбақаның шөбі» атты əңгімесі түсті. Төңкеріліп қалған тасбақаны аударып орнына қоятын Қарабала есімді кейіпкері оралды. Қарабаланың жасы жер ортасынан асқан. Бірақ азан шақырып қойған атын қайтіп өзгертеді. Əке-шешесі ол кейін шал болады деп ойламаған тəрізді. Біздің халық кейде өткен тарихтағы қуғын-сүргіндерден кейін дана болуға да қорқады. Аман болса бір жерден тесіп шығар, əйтпесе дана бол деп қыстамақ емес. Қазақ емес деші, тура қазақ!
«Тасбақаның шөбінің» астарында «екі қазақ» идеясы жатыр. Бірі науқаншыл, екіншісі тәубашыл. Қазақтың белсенділігі жиырмасыншы, отызыншы, қырқыншы жылдары бәрінен асып түспеді ме? Бірақ одан өзге емес, өзі зиян шекті. Сондай бір белсенді кейіпкеріне Əбіш Кекілбайұлы Оңбай деген удай есім беріпті. Оңбай өмір бойы бір тыныш жүрген емес. Соғыста бір аяғын беріп келіп, жалғыз аяғымен шолтаңдап белсенді болып, не болса да тілінен тауып, ақыры далада қалған. Белсенді болғаны бағын ашпай, басына пәле боп жабысқан бейбақ. Бірақ сүйекпен келген мінез сүйекпен кетеді. Үйде де тыныш жатпай, тілдеп жатады. Анада, мынада кеткен есесі бар. Ит жылғыны ұмытпайды. Еш нәрсеге көңілі толмайды. Өзі істеуге қолынан келер дәрмен жоқтай. Қазақ емес деші, тура қазақ!
Ал Қарабала өмір бойы «ақырын жүріп, анық басқан» адам. Айдалада жын ұрып кеткендей тасырлатып шапқан қай қазақтың баласын көріптік. Оңбай құрдасы оның момындығын пайдаланып, ауданға жұмсайды. Аудандағылар соғыс мүгедегіне тиесілі көлікті бәрібір бермейтінін біледі, бірақ жүйкелеріне тиіп сұрап қою міндет. Қарабала түк шықпайтын істің басын бір қайырып келу үшін ғана жолға шығады. Астындағы құласы да жусан санатардай мимырт жүрісті, былайша айтқанда берекелі. Сонымен аяңдап келе жатып, төрт аяғы көктен келіп тырбаңдап жатқан тасбақаны көреді. Атынан түсіп, аударып тұрғызып жіберіп, аузына қыстырған бір тал шөбін алады Жарықтық жазғытұрым жер астынан аузына бір тал шөп тістеп шығады екен. Міне, несібең, тәуба-тәуба! Қазақ емес деші, тура қазақ!
Тасбақаның шөбін алған адамның қалауы болатыны есіне түседі. Тағынан баяғыда түсіп қалған тақсырының тапсырмасы орындалып қойып жүрмесін әуелі. Үмітсіз келе жатып, сөйтіп үміті аяқ астынан ояна кетеді. Сол үмітпен барғанда шынымен де ісі оңға басып, болмайтын істі болдырып келеді.
Тірнектеген қазекемнің тірлігі – тасбақаның тірлігіндей кейде. Қарын басы жарқырап ойда қалды, қырда қалды. Бұл халықтың обал-сауабын ешкім ескерген де жоқ, есіркеген де жоқ. Ал енді сол тасбақаның дауылы қандай болады десеңізші. Тасбақа жердің астынан сүлдерін сүйретіп әрең шыққанда, дауыл тасбақаның үстінің шаңын қағу үшін соғады. Тасбақаның дауылы тасбақадан басқаның бәрін көтеріп кетеді. Тасбақа орнында қалады, басқаны көктен ізде, жерден ізде, таппайсың. Қазақ емес деші, тура қазақ.
Осы арада әңгімемді бір тұздықтап алғым келіп тұр. Бір жылы Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулет, Тұрсынжан Шапай бәріміз Жаркент-Арасанға жол түсіп бара қалдық. Көлік тізгініндегі туған жиенімнің аты Адай екенін білген Есенғали: «Мына тауды жаңғыртып, «әй, Адай» деп айқай салшы», – деді. Ақынның арқасы көтеріліп тұр екен деп ойлап, айқай салғанымызда төбемізден тас құлай жаздады. Сөйтсек, біз келіп тоқтаған демалыс үйінің тақ қасымыздағы терезесі ашық тұрған бөлмесінде Əбіш Кекілбайұлы мен Қуаныш Сұлтанов шәй ішіп отыр екен. Əзілдеген адам бір жымиып күлді, арандаған адам қызараң етті. Бірақ Əбіш ағамыз руын құлағының түбінен айқайлап айтқанға еш ренжіген жоқ.
Міне, өмірде көрген, кітаптарын оқыған, сөйлеген сөздерін естіген автордың шығармасын талдағанда оның кісілік келбеті осылай бәрібір көз алдыңа келе береді. Мысалы, бір қарағанда «Тасбақаның шөбінің» идеясын қарапайым оқырманға түсіндіру аса қиынға соға қоймайды. Сол заманда жазылғандықтан, үйреншікті соцреализм қалыбына сыймай тұрған ештеңесі жоқтай көрінеді. Алайда бұл кез – Əбіш Кекілбайұлының өз естелігінде келтірілген Фариза Оңғарсынованың бұларға: «Асқар Сүлейменов екеуің Поль Элюар мен Шарль Бодлерді әуелі өздерің түсінесіңдер ме, әлде жұрттың басын қатыру үшін әдейі мақтайсыңдар ма?» – деп тиісуін көбейткен кез.
Демек, әлем әдебиетінің жаңа ағымдарын қатарластарынан бұрынырақ бағамдап үлгерген жазушы оқиғаны жәй қызықтап қана жаза салуы еш мүмкін емес. Яғни, аталған шығармасында тасбақаның шөбіндей таңдайының астына салып сақтаған бір астардың бары қайткенде де анық. Ол астар не астар екенін жазушы құлағымызға сыбырлап айтып кеткен жоқ. Əлем әдебиетінде бірде-бір жазушы мен ананы айтайын деп едім, мынаны айтайын деп едім деп пұшайман болмаған. Осындай да себеппен талай асыл дүниенің сыры ашылмай, мәңгілік жұмбақ күйінде қалып қоймасына ешкім кепілдік бере алмаса керек. Ол әсіресе тілі де, діні де, ділі де басқа елдің бодандығында болған кіші халықтардың тума таланттарының басындағы үлкен бақытсыздық дер едік.
Айталық, қазақ әдебиетінде әлемдік деңгейдегі айтулы сыйлықтарға лайық бірнеше жазушы бар. Олар жөнінде Амангелді Кеңшілікұлы сияқты әділ таразы сыншылар жазып та жүр. Бірақ қазақ әдебиеті кешегі одақтастарға ғана танылып үлгерді. Шығарманы танытатын сыншылар болса, олар әлемде ешбір ел мойындамайтын соцреализм шеңберінен шыға алған жоқ. Мұқағалидың «Шеңберден шығу керек» дейтіні осындай күйіктен айтылған сөз болса керек. Ал егер әдебиетіміздегі оқырман сүйіспеншілігіне бөленген шығармаларды жаңаша талдап көрсек, олар Хан Тәңірінің бұлттан аршылған мәрмәр қабырғасындай жаңа қырынан жарқ етіп шыға келуі әбден мүмкін. Мысалы, елдің бәрі Əбіш Кекілбайұлының «Үркері» мен «Елең-алаңын» қазақ елінің бодандыққа өз еркімен өтуін паш еткен романдар дейді. Солайы солай-ақ шығар, бірақ бодандыққа өткеннен кейінгі Əбілқайыр ханның ішқұсасын оқысаңыз, көзіңіздің жасы бырт-бырт үзіледі. Əуелі бір ойландыратын нәрсе, Əбіш Кекілбайұлына «Үркер» мен «Елең-алаңды» жазу оңайға түсті ме? Екі шоқып, бір қараған заман еркін жазуға қаншалықты ерік берді? Жазушының «ойбай, бодандыққа өз еркімізбен өткеніміз ғажап болды, керемет болды» деген жері бар ма? Осы сұрақтарға жауап іздесек, біраз жайттың беті өзінен өзі ашыла кетеді. Мысалы: «Əбілқайырдың бұл сапардан бір сезгені ақ патшаның ұлықтары күштеріміз жетеді деп күдірейе кетер көпек төбеттерден гөрі аңысыңды аңдап абайсызда тап берер тәсілқой тазыларға келіңкірейді екен. Олармен үнсіз аңдысудың өзі жоңғармен сарт-сұрт салғыласудан оңайға түсе қояйын деп тұрған түрі шамалы», – деген жолдар отаршылдардың ішіне қайдан жаға қойсын. Бұл әрі кешелі-бүгінгі замандардың бәріне ортақ көрегендікпен айтылып отырғанын аңдай алсақ, астары қатпарлана қалыңдап, салмағы арта түспей ме?
Əркім әр саққа жүгірткен романдардан екі-ақ эпизод келтірейін. Екіжақты келіссөз барысында Əбілқайыр ханның құрметіне зеңбірек тоғыз рет күркірейді: «Жұрт тоғыз рет аспанда шатынатып айқай салды. Оның әрқайсысы ханның өзіне жылдай ұзақ көрінді. Шіркін, осыны сонау Ертіс бойындағы Əбілмәмбет пен Əбілмансұр естір ме еді, Торғай бойындағы Барақ, Сарысу бойындағы Күшік, Шалқар бойындағы Батыр сұлтандар естір ме еді! Іштері қыз-қыз қайнар еді-ау! Шіркін, мұны өзінің ауылы, Бопай, Злиха, балалары естір ме еді! Төбелері көкке жетіп қалар еді!».
Бұл келіссөз басталар алдындағы әсер. Тіпті өзінің құрметіне қанша рет, басқа келген-келмеген хан-сұлтандардың құрметіне қанша рет зеңбірек атылғанына дейін санаттырған пендешілігі де көрінбей қалмайды. Мұны оқығанда «апыр-ай, мынаның несі хан» деп ішің суып сала береді. Бірақ негізгі қаһарман басында бұлайша босаңсыған сәттер өте аз. Керісінше, көз алдар бір жеңілтек мінездер мен ойлар сияқты елестейді. Жол айналмай жатып: «Барлығы сексен үш дүркін зеңбірек атылыпты. Оған шыбын шаққандай қиналып отырған сары ала иықтар көрінбейді. Соған қарағанда, орыс патшасында оқ-дәрі дегенің ит басына іркіт болып төгіліп жатса керек», – деген арқа мұздатар сөйлем иек астына тіреле қалады.
Ал, енді «біреу біреудің тісін санап отырғандай ауыз аңдысқан» кездесудің аяғында не болғанын суреттейтін эпизодты қараңыз: «Ең соңында Əбілқайыр үшін ең қиын әңгіме де айтылды. Жұрт алдында Ералы (бұдан бұрын аманатқа берілген үлкен ұлы. – Ж.Қ.) ханзаданы Қожахмет (аманатқа енді берілейін деп отырған кіші ұлы. – Ж.Қ.) ханзадамен айырбастауды өтінді. Бұны айтқанда ханның беті қуарып кетті. Құндыз мұрты жылтылынан, екі беті шырайынан айырылып, ет пен ет боп жылмиып жабысып қалғандай…
Хан сол сұп-сұр қалпы. Сұлқ отырып қалды. Ішінен «баламның қасына кешегі ант берген билер мен батырлардың да бір-бір баласын аманат қылып ұстасаңдар қайтеді» деп айтқысы кеп, тамағы қышып тұрса да, көбі енді-енді илігіп келе жатқанда қайтадан сырт айналдырып алмайын деп сақтық жасады».
Сөйткен Əбілқайырдың ендігі күні күн емес. Іші толған құса. Өңінде неден ұтып, неден ұтылғанын пайымдай алмай басы қатады. Түсінде мұны тарғыл бүркіт қызыл түлкі қылып қуалайды. Тарғыл бүркіт, бәлкім, ата-баба рухы болар. Аманатқа қалдырып бара жатқан баласының жайы анау. Оқ-дәрінің иісінен өлі-тірінің бәрі қорқады деп, төсегін зеңбіректің ық жағына салып жатқан өзінің түрі мынау. Екі романның да өне-бойындаит пен құстың таласындай текетірес бір тоқтамай, тартылған сымдай болып шіреп тұрады. Бұл романдар ешқандай да сән-салтанаттың жоралғысы емес, қайта ғасырлар бойы жиналған шер-шеменнің шойын шөгіндісіндей қаныңды қарайтып, қабырғаңды сөгіп-сөгіп жібереді. Жүсіпбек Аймауытовтың терең психологизмі болмаса, қазақ әдебиетінде бұрын-соңды мұндай құсалы роман жазған қаламгер некен-саяқ. Іш қайғыңды қозғап, ұзақ ойға шомдыратын бұл романдарда жазушының бұдан бұрын жазған хикаяттары мен әңгімелерінің сілемі бар десек қателеспейміз. Соның бірі әрі қаламгердің мөр таңбасындай болып танылған дүниесі «Тасбақаның шөбі» екенінде де дау жоқ. Сонымен, «Тасбақаның шөбі»… Шынында да аты да, заты да таңбалы шығарма. Таңбаның басы – тастағы жазу. Осы атты таңдау арқылы да жазушы өшпес дүние тудыруға бел байлаған тәрізді. Бұл жәй ғана қайырымдылық жөніндегі тәмсіл емес. Болған оқиғаны да жәй ғана суреттеп қоя салмаған. Халықты бала көңілді кейіпкер етіп алған да атын Қарабала деп атаған. Қарабала – бала емес, қартайған адам. Бірақ осы жасында мына тұрған ауданға екі-ақ рет барыпты. Екінші жолы Оңбай құрдасының өтінішімен амалсыз жолға шығып отыр. Оған қоғамдық орта өгей, бөтен, жат, ол өзі ел ішінде отырса да саяқ. Жазушы оның қылықтарын, ойларын, істерін іштарта отырып әңгімелейді. Аты жағымсыздау Оңбайдың да теріс қылықтарын өзімсіне суреттегенде, жазушының айтайын деп отырған әлдебір ой жобасының ұштығынан ұстағандай боласың. Олар өздері сүймейтін, қаламайтын ортада өмір сүріп жатқан тәуменді адамдар. Олар өздерін осыншалықты өгей күйге түсірген қоғаммен бастары піспей, бақытсыздыққа ұшырап отыр.
Меніңше, бұл туындыда тосын да көне сөздердің көп қолданылуының өзі де бәрін бір қалыпқа түсіргісі келген қоғамға қарсы білдірілген сес деп түсінген жөн. Екінші сес шығарманың өн бойын кернеген сана ағымында, яғни кейіпкерлердің өздері қарапайым болса да ішкі қаһармандық толғаныстарының тегеурінділігінде. Үшінші сес бірінің еті тірі, екіншісі өте-мөте момын екі кейіпкердің бірдей жоғарыдан таңылған қоғамдық өлшемдермен келісе алмаушылықтарында. Ол заманда қоғамдық қайшылықтарды көру мен көрсету күнәмен пара-пар саналатынын ескерсек, шығарма табиғатын жаңаша тануға себеп жетіп артылады. Осындай қырлары ашылған сайын сөз зергерінің ішкі сүзгісінен өткен көркемдік шындық мың сан бояуы жымдаса біріккен кестелі орамалдай көзге ыстық, көңілге жақын бола түседі.
«Тасбақаның шөбін» мектеп оқулықтарынан да көзіміз шалып қалды. Онда осы әңгіменің мағынасын түсіндіріп беру туралы сұрақ та бар екен. Жоғарыда айтқанымыздай, жауабы қол созымда тұрған секілді. Алайда Əбіштей шебер жазушы онсыз да тірлігі оңбайтын кейіпкерін неліктен оп-оңай Оңбай деп атай салды екен? Шығарма басынан-ақ оның оңбайтынын білсек, әңгіме несімен қызық? Қарабаланың аты да «момын кісі» дегізіп, өзін-өзі шығарма басталмай-ақ әшкерелеп тұрған жоқ па? Бақсақ, ол да емес, бұл да емес, мұндағы ішке сақтаған нәрсе яғни түп қазық идея – Əбіш Кекілбайұлының «Шыңырауынан» «Үркері» мен «Елең-алаңына» дейін жалғасқан, негізгі кейіпкерлермен бірге ұлт жанын жегідей жеген ішқұсалық екеніне еріксіз ден қоясың. Ондай ішқұсалық мына жарық дүниеден орнын таба алмай азаптанған адамдардың басында болады, ондай ішқұсалық өткен дәурені өтіп, күткен дәуірі тумай қиналған ұлттың басында болады, ондай ішқұсалық өз еркіне өзі ие бола алмаған бодан елдің басында болады. Əбіш ағамыз осы идеяны қазаққа тасбақаның шөбіндей қылып тістетіпті десек, мұнымыз ойдан шығарылған сөз секілді көріне қоймас. Себебі, сөз астарының бары сияқты, сана астары да бар. Сана астары деген – белсенді психикалық процестердің анықтамасы. Əбіш Кекілбайұлы үлкен эмоциялық қайнарда өмір сүрген адам. Бұл тарапта оның қайраткерлік өмірде абыз атанғаны әрқалай қабылданса да, қаламгерлік өмірде аңыз болғаны еш талас тудырған жоқ. Аңыз соцреализмнен туындамайды, сана ағымынан туындайды. Ендеше басқасы басқа, ал аңызда астар болмауы мүмкін емес. Шынын айтқанда қаламгерден осы жөнінде сұрағымыз келгені көп болып, бірақ сұрай алмағанымыз және шындық. Тәуелсіздік алған жиырма бес жылдан астам уақыттың өзі бізге аздық етті. Құлдық сананың мұрагерлері ретінде әлі күнге соцреализм шеңберінен шыға алмай келе жатқанымыз өтірік дей алмаймыз. Бүгінгі ұлттық кодты іздеу қажеттілігінің рухани ортада жаппай қолдау тауып отыруының бір себебі осыдан болса керек.Жарты өмірі қаламгерлікке, жарты өмірі қайраткерлікке арналған Əбіш Кекілбайұлы «Үркер» (1978-1980), «Елең-алаң» (1980-1983), «Аңыздың ақыры» (1971) атты үш роман; «Бір шөкім бұлт», «Бәйгеторы», «Автомобиль», «Құс қанаты», «Күй», «Бәсеке», «Ханша-Дария»хикаясы, «Шыңырау», «Шеткері үй» атты тоғыз хикаят; «Ең бақытты күн», «Ажар», «Жүнді барақ», «Ақ қайың», «Ор теке», «Ауыз», «Көлденең көк атты», «Тасбақаның шөбі», «Керек адам», «Міне, керемет!», «Ақырғы аялдама» атты он бір әңгіме және«Абылай хан» атты драмалық дастан жазыпты. Осы шығармаларының көбінде кейіпкерлері хан болсын, қара болсын ішқұсалыққа салынып, өздерін өздері іштен жеп тауысып бітеді. Демек, қазақәдебиетінде көп жазылған жалғыздық феномені сияқты, бұл жазушымыздың шығармасы да ішқұсалық идеясын әлемдік постмодернизм деңгейіне дейін көтеріп тұр.
Əбіш ағамыздың таудай түрі, жардай болмысы, нардай тұлғасы бір сөзі шердей, бір сөзі шемендей шығармашылық портретімен біте қайнасып жататын еді. Мен Əбіш ағаны мың рет көрдім, бірақ соңғы рет көргенім өзіме қатты әсер етті. Тәуелсіздік сарайындағы салтанатты жиында арамызда кісі өтетін жол ғана жатты. Кілем төселген сол жол оңайлықпен кешіп өте алмас мұхиттай көрінді. Қасына барып жоқ бірнәрселер үшін кешірім сұрағым келіп, бірақ құр ұмсынумен ғана шектелдім. Заманымыздың аты аңызға айналған адамы шөкімдей болып шөгіп кеткені еріксіз назарымды аударды. Сол әсердің ізі суымай жатып, ол кісінің дүниеден озғаны туралы суыт хабар келді. Содан бері өмірден өткен орны толмас басқа да қаламгерлер сияқты, ол кісі туралы да оқтын-оқтын ойлап қоям. Өңгесін білмеймін, ал менің жадымда Абыз Əбіш ұмытылып, Аңыз Əбіш қана тұрғандай елестейді. Жоғарыда айтылған ішқұсалық идеясын бәлкім автор өзі әдейілеп ойламаған да болуы әбден мүмкін. Бірақ ол әуелден болмысы солай жаралған Əбіштің аңызы екені рас, ал біз үшін аңыз шындықтан да қымбат!
www.zhasorken.kz
А. Оралқызы