Биыл қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, философ, композитор Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Жақында ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: "Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы", деген болатын.
Абай – адамзат руханият көгінде жарқыраған ерекше жарық жұлдыз. Абайдың өшпес жырлары мен ғажайып әндері, Абайдың ілімі, Абайдың ақылы, Абайдың кемелдігі, Абайдың кісілігі, Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген бірлікшілдігі, Абайдың адамзаттық ойлары, Абайдың гуманизімі осының барлығы ұлы ойшылдан қалған асыл мұралар. Біз оның қадіріне жетіп, мәңгілік әспеттей біліуіміз керек.
Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин музейі дәстүрлі Республикалық ақындар мүшәйрасын жариялайды. Мүшәйра тақырыбы – "Жүрегімнің түбіне терең бойла...". Еліміздің арқалы ақындарын аламан жыр бәйгесіне қатысып, өз бақтарын сынауға шақырады.
Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы,
– деп асыл жырдың қасиетін бір ауыз сөзбен түйіндеген Хәкім Абайға айтар алғыс, арналар жыр ешқашан толастамайтыны анық.
Тақырыпқа шектеу жоқ. Ұлы Абайдың сегіз қырлы, бір сырлы даналығы мен данышпандығын бүгінгі Тәуелсіз елдің мұратымен ұштастыра жырлау ақындардың өз шабытына байланысты.
Ендеше жүйріктерді жыр мәресінде күтеміз!
Бас жүлде – 2 250 000 теңге
Бірінші орын – 1 150 000 теңге
Екі екінші орын – 650 000 теңге
Үш үшінші орын – 550 000 теңге
Бес ынталандыру сыйлығы – 150 000 теңге.
Мүшәйраға еш жерде жарық көрмеген толғаулар, топтама өлеңдер 2020 жылдың маусым айының 1-не дейін қабылданады.
Мүшәйра қорытындысы Елорда күні қарсаңында жарияланады. Үміткерлер шығармасын компьютерде теріп, төмендегі мекен-жайға жіберуі керек немесе электрон поштамен astanakalamger@mail.ru мекен-жайына жолдауға болады. Автордың аты-жөні, мекен-жайы, байланыс телефоны, электронды поштасы (бар болса) міндетті түрде көрсетілуі керек.
Индекс: 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, М.Әуезов көшесі 20/А үй, Сәкен Сейфуллин музейі. Тел. 8 (7172) 32-84-67, 53-34-03. Жүлдегерлердің келіп-кету шығынын ұйымдастырушы тарап мойнына алмайды.
Ұйымдастыру алқасы