- Негізгі бет
- Әдебиет
- Жұбан Молдағалиевтің махаббаты,...
Жұбан Молдағалиевтің махаббаты, ақындығы және азаматтығы жайлы
Бүгін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, "Мен Қазақпын" поэмасымен бүкіл қазақ даласын дүр сілкіндірген айтулы ақын Жұбан Молдағалиевтің туған күні. "Ақын Жұбан Молдағалиев бүгінгі ең актуальды мәселелеріне жедел үн қосып отыратын, соның өзінде де шығармаларынан асығыстық ақауы кездеспейтін алымды талант", - деген екен сөз зергері Ғ. Мүсірепов.
Ақынның өлең-мұралары ұрпақ жадында сақталары сөзсіз. Сәл шегініс жасап көрелік. Жұбан қандай ақын? Оның ерекшелігі неде? Бұл туралы замандастарының және ақынның жұбайы София Мәлікқызының естеліктері сөйлесін.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты жазушы-драматург Баққожа Мұқаи:
Жұбан қандай адам
Жұбақаң сырт қарағанда өте қатал адам болып көрінеді. Бірақ, жаны жұмсақ. қиналған адамдарға қамқорлық жасауға дайын тұратын еді. Кейде біреуге жасаған жақсылығы өзіне таяқ болып тиіп жататын. Әртүрлі дау-дамай, айтыс-тартыстардың ішінен ол кісіні көрмейтінбіз. Жалпы, Жұбақаңның дауға араласып, әлдекімдердің сойылын соғып, әлдекімдерге қиянат жасағанын кейін де байқаған емеспін.
Ол кісі бірінші хатшы болып келген соң біраз адам үй алды. Белгілі жазушылардың балалары пәтерге ие болды.
"Біздің міндетіміз - жазушыларға қамқорлық жасау. Үйді жазушылардың балаларына берсек, бұл - олардың әкелерінің жағдайын ойлағанымыз. Арыз жазылар, сыртымыздан кінәлар, сөгер. Уақыт біздің ісіміздің әділдігін сан рет дәлелдейді", - деді бір жиында ол кісі. Шынында да, солай болып шықты. Арыз да жазылды, өсек-аяң да өршіді, үй алған жазушылардың балалары көп уақытқа дейін құжаттарын дұрыстай алмай, шаршап жүрді.
Жұбан қандай тұлға
Жұбақаң ұсақ-түйек мәселеге мүлде бас ауыртпайды. Жазушылар одағының ішкі шаруаларына да араласа бермейтін. "Жігіттер біледі" деп, ондай шаруаларды одақтың хатшылары Қалтай Мұхаметжанов пен Қалаубек Тұрсынқұловқа тапсыратын. Жұбан Молдағалиев маған әрқашан аса үлкен мәселелермен айналысып жүргендей болып көрінетін. Шынында да, солай еді. Ол ірілігін, үлкен тұлға екендігін жер басып жүрген жылдарында сан мәрте дәлелдеді. Соның бірі - 1986 жылдың 31 желтоқсанында Жазушылар одағында болған жиында жасаған ерлігі. Қазақстанның жаңа басшысы Г.Колбин сол күні бүкіл нөкерлерін ертіп, Жазушылар одағына келген. Сол жолы «мың өліп, мың тірілген» ұлтының намысын жыртып, ешкім айта алмаған сөзді Жұбан Молдағалиев айтты. Баршамыз басқаға тәуелді етіп қойған тағдырға налып, іштей егіліп отырдық. Халқы үшін басын оққа байлап, тәуекел деп тас жұтатын нағыз ердің, қандай қиын жағдайда да қазағының намысын жыртатын абзал ағамыздың барына тәуба деп, арқаланып отырдық. Ол ешқандай үлкен лауазымның алдында бас имейтінін, туған халқының тағдырын бәрінен жоғары қоятынын танытты. Ол сондай еді. Сондай болып туған тұлға еді.
Жазушылардың Жұбаны: Қазақ қаламгерлері ар-намыс туралы әңгіме айтқанда, әлі күнге дейін Жұбанды алға тартады. // Жас алаш 2003 ж. №67 5 маусым
Белгілі ақын, журналист Базарғали Қуатов ақын жерлесі
Жұбан қандай ақын
Қазақ халқы қай кезеңде де ақындық пен батырлықты қатар қойған. Демек, қол бастаған батырлары ақын болған, халқын сиқырлы сөзімен соңынан ерте білген ақындары батыр болған. Жұбақаңның бойында осы екі қасиет қатар өріліп жатты. Басқаларымыз руымыз түгілі, ұлтымыздың кім екенін айтуға жасқанып жүрген сол бір тұста "Мен - қазақпын!" деп, жарты әлемге жар салған дарынды ақын Жұбан Молдағалиев есімін ерекше ардақ тұтуымыз орынды. Бұған Жұбан жұлдызының тек жырда ғана емес, оның ешкімге жалтақтамайтын өр мінезі мен көкірегіне келгенді құйып салатын ақжарма турашылдығы да мәжбүр етеді бізді. Ал Жұбақаңның осыншама өр мінезді де турашыл болуына табиғи таланты мен өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі сәйкес келуі себепкер болса керек.
Жұбан қандай азамат
Менің өз басым Жұбақаңның дүниеқоңыздық танытқан немесе оңай олжаға кенелуді көздеген кездерін кездестірген емеспін. Бұған мен оның 1980 жылы 60 жасқа толуына байланысты туған ауданын аралаған күндері де айқын көз жеткізген болатынмын.
Ол тұста қазіргідей "темір тұлпар" сыйлау атымен жоқ. Көп болғанда иығына шапан жауып, ат мінгізетін. Ал бірқатар шаруашылық басшылары соның да ретін таба алмай, қиналып қалғанын сезсе: «Мен сіздерден ештеңе дәметіп келгенім жоқ. Құдайға шүкір, өз дәулетім өзіме жетіп жатыр. Маған тек "Жұбаным!" десеңіздер болғаны! - деп, ағынан жарылып отырушы еді.
Бұған керісінше, ол өзі әлдебір алыс сапарлардан оралғанда өз отбасы мүшелерін айтпағанда, жақсы көретін дос-жарандарына да арнайы базарлық сыйлағанды ұнататын. Жұбақаңның базарлық сыйлаған адамы қалай қуанса, өзі одан бетер қуанып, шаттанып тұрушы еді.
Ақынның жұбайы: София Мәлікқызы
Жұбанның махаббаты
Ол кезде мен тоқыма фабрикасында жұмыс істейтін 17 жастағы бойжеткенмін. Соғыстан кейінгі жүдеу кезең. Көршіміз Айша апай (фамилиясын ұмытыппын) қазіргі "Жас алаш" газетінің редакциясында жұмыс істейді. Гүлсім деген Жұбандардың туысымен араласып тұрады. Әйелдердің жұмыспен бірге тұрмыстық мәселені де шешіп жүретін әдеттері бар емес пе, Айша апай шешесін емдетуге әкелген Жұбанға жақсы қалыңдық керек екенін құлаққағыс етеді. Әдемі, ақылды, кейін жақсы әйел болады-ау деген қыздардың алдымен суретін, соңынан өздерін көрсетіп, бір-бірімен салыстырып, көргендері көңілдерінен шықпай жүрген кез екен. Жұбан шешесі Зеріппен Айша апайдың үйінде жатады. Екеуі соғыста бірге болған, содан туыс, бауыр болып кеткен ғой. Айша апай үйіне шақырды. Әлі есімде, түскі уақыт. Бардым. Ойымда ешнәрсе жоқ. Үйде үлкен кісі мен газет оқып капитан шенінде әскери киім киген бір жігіт отыр. Мен кірген бойда бұрыштағы орындыққа отырдым. Айша апай қайыра бөлмеге бас сұқпай қойды. Әрқайсымыз өз ойымызбен болған шығармыз, уақыт сондай ұзақ болып көрінді. Бір кезде қайнаған самауырынды көтеріп апай кірді-ау, әйтеуір.
– Мына кісі ұялып отыр, сіз өзіңіз жоқ болып кеттіңіз, - деп, Жұбан оқып отырған газетін шетке ысырып қойды. Бізді таныстырды. Мен бірден Жұбанға қол беріп таныстым да, содан кейін үлкен кісінің қолын алдым. Өзім қатты қызарып, үйден тез шығып кеттім. Мен кетісімен шешесі: "Осы қызға үйленесің, басқаның қажеті жоқ", - деп бірден мәселені шешіп тастаған ғой. Біз сол таныстықтан кейін бір жұманың ішінде үйлендік. Кешкі уақыттарда тиіп-қашып әңгімелескеніміз болмаса, қазіргілерге ұқсап театр, киноға барып қыдырмадық.
Махаббат деп айтуға да, айтпауға да болатын сезіммен 1947 жылы 22қарашада үйлендік те, елге кеттік. Жұбан ағаң – поэзия мен үйден басқаға бұрылмаған адам. Мен оны солай түсіндім, солай қабылдадым. Жүрегім оның кемшілігіне шәк келтірмейді.
Біз "сүйеміз" дегенді айтпай көңілмен, жүрекпен ұғысқан жандар едік. Сезім лүпілімізді жалаңаштамайтынбыз. 1965 жылы Моңғолияға бір ай мерзімдей уақытқа іссапарға баратын болды. Кетіп бара жатқанында "телефон соғу қиын болар ма екен?" деді. Мен: "Онда хат жаз!" - деп қала бердім. Содан хат пен телефоннан бұрын өзі келді. Оңашада шабаданының түбіндегі хатты алып берді. Онда былай деп жазыпты:
"Апака, родная моя Софья! Вот я по твоему подсказу решил из далекого Улан-Батора, столицы братской Монголъской народной республики, впервые написать тебе письмо. Да, мне никогда не приходилось писать тебе. Больше того: мы с тобой еще не объяснилисъ даже в любви. Познакомились и в течение одной недели успели пожениться. Но, спасибо судьбе тысячу раз, что дала мне именно тебя. Я всегда горжусь тобой и твоей беспредельной любовью ко мне, хотя ты, также как я, ни разу не говорила: люблю. И правильно. Истинная любовь должна подтверждаться жизнью, делами, а, тогда объясняться не надо.И ты мне кажется, тоже хорошо знаешъ, как я дорожу тобой.
Моя самая большая и тайная мечта: сделатъ тебя и моих детей счастливее всех. Для этой цели я и живу. Не знаю, насколько мне это удается, но я думаю, что мы и сейчас счастливы. Потому что, без слов понимаем друг друга, заботимся друг о друге и дети у нас растут хорошими.
Вот я, через 18 лет после нашей женитьбы, наконец, объяснился с тобой в любви. Видимо, начинаю стареть что ли.
В общем, береги себя, родная. Ты мне очень нужна, больше, чем кто-либо на свете. Теперь о деле. Как я уже говорил тебе по телефону, здесь встретили меня очень хорошо. Пока я нахожусь в Улан-Баторе, а в понедельник 25 (1) еду в Дархан, в новый строительный центр. Вернемся 28 января, затем тут поблизости, съездили в угольный район, к шахтерам, а 4 февраля домой, в Москву.
Вот и все. Целую тебя и наших детей.
Твой Жубан. 22.1. 1965 г."
Міне, осы хат өзгелер үшін өміріңді арнау үлкен бір бақыт екенін аңғартып, мейірімге мейірім қосып, өмірімізді бұрынғыдан да шуақтандырып жібергендей болды.
София Мәлікқызы: "Мыңның ішіндегі асылы еді"./Әңгімені жазып алған
Ділдәр Мамырбаева // Жұлдыз 2007 № 1 қаңтар