Бүгін Ресей мемлекеттік кітапханасының Шығыс әдебиеті орталығында (Мәскеуде) «Қазақстан-Ресей» атты алғашқы әдеби альманахтың тұсауы кесілді, деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл әдеби альманах Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің бастамасымен Қазақстан жазушылар одағы, «Литературная газета» және «Роман-газетамен» бірлесе атқарған жұмыстың арқасында дүниеге келген.
Жинаққа екі елдің танымал: Олжас Сүлейменов, Юрий Поляков, Әбдіжамал Нұрпейісов, Владимир Личутин, Нұрлан Оразалин, Әбіш Кекілбаев, Евгений Рейн, Бақытжан Қанапянов сынды т.б. жалпы саны 48 қаламгерлердің шығармалары енді.
Таныстырылым басында ҚР-ның РФ-дағы елшісі Марат Тәжин, осы еңбекті дүниеге әкелуге күш салған барлық азаматтарға алғыс айта отыра, кітапхана басшылығына қазақ батырлық эпостарының елу таңдамалы антологиясын сыйға тартты. «Бүгін міне бір жыл бұрынғы кездесуіміздің (2014 жыл, қараша) нәтижесін қолымызға алып отырмыз. Жиырма бес жылдық үзілістен кейінгі бұл бас қосу екі елдің әдеби әлеміндегі үлкен жаңалық болды. Тіпті, мен бұны XXI ғасырда осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылып отырған алғашқы кездесу дер едім», - деді М.Тәжин.
Одан әрі ортаға Ресей Федерациясы Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі, Михаил Швыдкой шығып, ұзақ сөйледі. Бірер күн бұрын Елордада Елбасы, премьер-министрмен кездескендерін, сондағы болған мына әңгімені еске алды. «Өмір бір орында тұрмайды, біз бір-бірімізді теледидардағы жаңалықтар арқылы жақсы тани алмаймыз. Бір-бірімізді жақсы танып, білу үшін әдебиетті парақтап шығуымыз керек.
Мұндай жинақтар жазушылар үшін емес, оқырмандар үшін шығарылатыны түсінікті. Бұл альманах барлық кітапхана сөрелерінен орын алу керек. Сонда ғана, әдеби жинақ жалғыз әдеби ортада емес, үлкен қоғамда өзінің оқырманын табады».
Мінбеге үлкен қошаметпен Олжас Сүлейменов көтерілді. Дүйім жұртқа барша қазақ жазушылары мен оқырмандарының атынан амандасып былай деді:
«Батыс пен Шығысты жалғап тұрған Жібек жолының бойында жалғыз экономикалық емес, мәдени байланыс та дамып жатыр. Мына өткізіліп отырған шара соның айқын көрінісі. Кеңес одағының ыдырауынан кейін екі ел арасындағы әдеби байланыс үзіліп қалды. Бұл байланыстың қаншалықты маңызды екенін түсініп, қайтадан мәдени берік қарым-қатынас орнатып жатырмыз. Жылдан жылға дәстүрге айналып, жалғасын таба берсін».
Қазақстандағы Жазушылар одағының төрағасы, Нұрлан Оразалин, ширек ғасырдан кейінгі бас қосудың арқасында дүниеге келген альманахтың баға жетпес байлық екенін сөз етті.
Жақсылықтың жаршысындай болған жақсы іс болашақта да жалғасты болуы керектігін баса айтты. «Біз осы қарым-қатынас арқылы ежелгі дәуірдегі қазақ және орыс әдебиетін, одан бергі Абай мен Пушкинді ұмытпау үшін, олардың шығармаларын тоғыстыру керек. Тәңір жазса, келер жылы екінші саны шығады. Оның бір тарауы қазақ әдебиетінің тағдырына жауап беретін жас қаламгерлердің шығармаларын арналады. Орыс ұлтымен қатар, біз қытай елімен де әдеби қарым-қатынас орнаттық. Олар Бейжіңде Абайды, Мұқағалиді, Әуезовті қытай тіліне аударып, олардың шығармаларын өз тілдерінде сөйлетті. Енді Абай мен Мұқағалиді, Бердібек Соқпақбаевты ағылшын тілінде сөйлетуге мүмкіндік табылып отыр. Міне, біз де екі елдің әдебиетін осындай аудармамен таныстыра аламыз. Соған атсалысып, күш жұмсайық». Мінекей, аға буын жазушыларымыздың арманы осындай. Негізі екі ел арасындағы әдеби байланыстың сонау Абай заманын-ақ бастау алғанын және сол дана Абай салып кеткен сара жолдан біздің шығып кетуге қақымыз жоқ екенін айтып, сөзін аяқтады.
Иә, жиырма бес жылдан кейінгі бұл кездесу ескі достардың басын қосып қана қоймай, әдебиеттің ауыр жүгін ары қарай арқалайтын екі елдің жас қаламгерлерін табыстыратын болды.
Одан бөлек, осы альманахқа туындысы енген, оның жарық көруіне үлес қосқан еліміздің және ресейдің Бақытжан Қанапянов, Анатолий Ким, Юрий Поляков, Юрий Козлов, Владимир Личутин сынды т.б. қаламгерлері де сөз сөйледі.
Бәрінің айтқан ойы бір арнаға, бір арманға келіп құятындай. Ол арман — екі елдің бірлігінің белгісіне айналған бұл бастама, алдағы жүз жылдықтарда да жалғасын тапса екен... Әдеби-мәдени байланыс ендігәрі үзілмесе екен...
Кештің ресми бөлімі аяқталғаннан кейін, барлық қонақтар қазақтың бауырсағы мен қуырдағы қатар қойылған дастархан басына жиналып, әдеби альманахты ары қарай талқылады.
Суреттер сөйлейді...