23 сәуір күні Елбасының Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Алматы облысында Жетісу көктемі жас әдебиетшілердің республикалық І форумы басталды. Бұл форумның ерекшелігі облыс көлемінде 1972 жылдан соң мұндай ауқымды форум алғаш рет өткізіліп отыр. Республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналған жас ақын-жазушылар форумды Алматы облыстық тіл басқармасының басшысы Айдар Карбозұлы, Қазақстан Жазушылар Одағының Алматы облыстық филиалының директоры Ерлан Жүніс, Жетісу арнасының бас редакторы Есболат Айдабосынның бастауымен елбасының туған жеріне келіп, өңір басшыларымен бірге мұражайларды аралаудан бастады. Содан соң қатысушылар қазақтың би-батырлары жатқан киелі жер Сарыөзекке ат басын бұрып, Шоқан Уәлиханов атындағы мемлекеттік мемориалдық музейді аралап, ондағы тарихтан қазақтың белгілі ғалымы, этнографы Шоқан Уәлиханов өмірінен сыр шертетін жәдігерлермен танысты. Жас қаламгерлерді күтіп алған Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Момбай Тоғыспай мырза өңірдің тарихынан хабардар ете отырып, жастарға болашақта өзіндік жолы қалыптасқан қаламгер болыңдар деп, ақжарма тілегін білдірді. Талдықорған қаласына келген жас қаламгерлерді қала тұрғындары қошеметпен күтіп алды. Өңірдегі ақындар жырдан, жезтаңдай әншілер әннен шашу шашты. Сондай-ақ, республиканың әр өңірінен жиналған бір топ ақындар қонақ кәде ретінде өз өлеңдерін оқыды. Жетісу көктемі жас әдебиетшілердің республикалық І форумының бірінші күні осылай аяқталды. Айта кетейік, бүгін форумның екінші күні әдеби секциялардың отырысы, яғни, бірінші поэзия жаңа ізденістер, содан соң проза дәстүр мен жаңашылдық талқылау отырысы өтеді. Түстен кейін форумға келушілерді облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы Батталов құттықтайды. Содан соң Қазақтан Жазушылар Одағына мүшелікке өтетін қаламгерлерге куәлік тапсыру рәсімі мен Рухани жаңғыру аясында халықаралық Рух бәйгесінде жеңімпаз болған ақын-жазушылар кітабының тұсауы кесіледі. Бұдан кейін жас қаламгерлеріміз қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақын Жұматай Жақыпбаев туған ауылы Жетісуға барып, ары қарай қазақ елінің ең көркем жерлерінің бірі Текелі табиғатын тамашалайды. Табиғат аясын тамашалаудан соң жас қаламгерлерге Талдықорған қаласында кешкі ас беріледі. Осымен Жетісу көктемі жас әдебиетшілердің республикалық І форумының 2 күндік миссиясы аяқталады.