- Негізгі бет
- Әдебиет
- "Желтоқсаннан кейін КГБ...
"Желтоқсаннан кейін КГБ әкемді ұзақ аңдыды" - Сафуан Шаймерденов ұрпақтарымен сұхбат
Биыл драматург, Қазақстан Республикасының халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтің туғанына 100 жыл толды. Талантты қаламгер қазақ әдебиетінде "Болашаққа жол", "Ағалардың алақаны" шығармаларымен-ақ өшпестей із қалдырды. Осы орайда Massaget.kz порталының тілшісі әйгілі жазушының қызы Индира Шаймерденовамен және немересі Дина Шаймердонавамен тілдесті.
Сафуан Шаймерденов отбасымен
Индира Шаймерденова әкесінің балаларды қатты жақсы көргенін, түзде жұмысында талапшыл, үйде өте мейрімді әке болғанын сағынышпен еске алады.
"Әкемнен сіз байсыз ба деп сұрағанда ол: "Иә, мен баймын, жарым бар, отбасым бар, балаларым бар" деп айтатын еді. Ол балаларды қатты жақсы көрді. Тіпті күйеубаласы Берікті "Саяндай көремін" деп айтатын. Тұңғыш немересі Димашты ұлындай өсірді. Біздің отбасы бақытты, үйде мейірім шуағы төгіліп тұратын. Әр немересіне еркелетіп ат қойған. Мысалы, Динаны "Дилю" деп, мені "Дөнделек" деп атады. Кейін үлкейгесін "Дида" деді. Менің атымды Рабиндранат Тагорды аударғасын мамам "Индира" деп қойған екен. Жалпы үйде бір ұл, үш қызбыз. Мамам (жазушының жары Бағдат апай) Мен, Жанна, Дана есімін қойды. Ал әкем ағамыз есімін "Саян" деп өзі қойған. Ол үнемі үйге балаларын, немерелерін жинап алатын. Олар шулап, ойнап жатқанда, күліп қарап отыратын. Анамыз әкеміздің бірінші оқырманы, бірінші сыншысы болатын. Не жазса да анамызға әкеліп алдымен көрсететін", - дейді қызы.
Желтоқсан оқиғасы кезінде Колбиннің алдында 38 минут сөйлеп, қазақты, қазақ жастарын қорғаған Сафуан Шаймерденов еді. Бұл ісі үшін жазушыны КГБ ұзақ аңдыған, қысым көрсеткен. Индира Шаймерденова әкесінің алған бетінен қайтпағанын айтады.
"Алаңда жаяу серундеуді жақсы көретін. Сол күні де шыққан. Қараса, алаң қоршаулы. Кісі көп екен. Біреуінен не боп жатқанын сұраған. Үндемеген. Екіншісінен сұрайды. Үндемейді. Бір кезде "Әй, кетіңдер, жатаққа кетіңдер" деген айқай естиді. Жатақхана дегені шығар деп ойлапты: "Мен прокурормын, тез жатаққа барыңдар, әйтпесе күш қолданамын" дей беріпті. Әкем айтатын: "Адам сияқты түсіндіріп айтатын адам болмады ғой. Халық жай ғана Қонаев орнына кім екені белгісіз адамды бекіткеніне наразы боп жиылған. Жастар, орыс келсе де мейлі, тек қазақстандық болсын деген ойды жеткізбек болған. Отанымызды жақсы білетін адам басқарғанын қалаған. Кейін көлікпен арақ әкеліп, бәрін тойдырып, "міне бұлар ішіп алып шыққан" деп айту үшін жасаған. Әкем мұны 1987 жылдың сәуірінде Жазушылар Одағында өткен пленумда ашық айтқан. Мамам 38 минут бойы сөйлегенін айтады. Дайындалған, бірақ анамнан мұндай критикалық сөз сөйлейтінін жасырған. Әдетте баратын жеріне асықпай шығатын әкем таңғы асын апыл-ғұпыл ішіп, асыға шығып кетеді. Одақта Колбин болған соң, барлық есікті жауып тастамай тұрғанда кіріп үлгерген. 1-2 минут кешіксе, бұл сөзін сөйлей алмайды екен, ол қазақтар арасында националистер жоғын айтқан. Колбинге "Жүріңіз, күзетшілеріңізді тастап, менімен қалаға шығыңыз. Егер бір қазақ сізге тиіссе, мені өртеуіңізге рұқсат" деген екен. "Қазақтардан национализм іздеу тас қараңғы бөлмеден жоқ қара мысықты іздегенмен бірдей" деп сөзін аяқтапты. Осы оқиғадан кейін әкеме КГБ хабарласып, сөзінен бас тартуын сұраған. Бір жылдай артынан қалмаған, бірақ әкем айтқан сөзінен қайтпады", - дейді ол.
Индира Шаймерденова әкесінің қасында жүріп елімізге белгілі көптеген қаламгерді көргенін айтады.
"Мен ҚазҰУ-дың тарих факультетіне түсетін кезде әкемнің достары Зейнолла Қабдолов пен Мүсілім Базарбаев емтиханға қалай дайындалу керек екенін үйреткен болатын. Әкем Нұрғиса Тілендиевпен де дос болды. Ол кісі әкемді қатты құрметтейтін. Хамит Ерғалиев үйге жиі қонаққа келетін. Әкем екеуі дастархан басында әдебиет туралы сөйлескенді ұнататын. Ғабит Мүсірепов үйде қонақ болғанда менімен таныстырды. Ол кезде телефон болған жоқ қой. Суретке түсіріп алмағаныма өкінемін.
"Әкем даңқты Бауыржан Момышұлымен де дос болды. Маған бірнеше кітабына қолтаңба жазып бергені бар"
Сафуан Шаймерденов жары және немересі Димашпен
Сафуан Шаймерденов қаламгерлермен жиі араласқан, Сәбит Мұқановты ұстаз санаған. Оның жарымен танысуына да Сәбит Мұқановтың септігі тиген.
"Әкемді Алматыға Сәбит Мұқановтың үйіне келіп бір айдай тұрады. Әкем алдымен өзін ақын деп білді. Жерлесім деп Сәбиттің үйіне келген. Сәбит Мұқанов әкеме "университетте оқы" десе, әкем қазір қазан айы ғой, оқу басталып кетті емес пе?" дейді. Сонда Сәбит Мұқанов КазГУ-дің ректорына "үлгерімі нашар оқитын студентті оқудан шығарсаң да мына баланы университетке қабылда" деп жазып береді. Анаммен сол университетте жүріп танысады", - дейді жазушының қызы.
Сафуан Шаймерденовтің ұлы Саян Шаймерденов КСРО-ға белгілі спортшы болған.
"Жалғыз ағамыз Саян Шаймерденов атақты спортшы және бапкер еді. Аты аңызға айналған "Динамо" командасының капитаны, көгалдағы хоккейден КСРО спорт шебері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы болды. Ол "Динамо" клубы туралы, жалпы спорт жайлы әңгімелескенді жақсы көретін. Өзінің жетістіктері туралы айтқанды ұнатпайтын. Атақты спортшылармен, мысалы Мишель Платинимен жақсы таныс болды. Ағам 2002 жылы қайтыс болғанда әкеміздің өмірге деген қызығушылығы бірден жоғалып кетті. Әйтпесе, денсаулығы өте жақсы болатын. Жаяу жүргенді ұнататын. Саян қайтыс болғасын төсек тартып 5 жыл жатып, 2007 жылы өмірден өтті", - деп еске алады Индира Шаймерденова.
Сафуан Шаймерденов түнде жазғанды ұнатқан екен. Қызы Индира қанша жазса да балалардың шуына мән бермейтінін айтады.
"Әкемнің жұмыс бөлмесінің есігі үнемі ашық тұратын. Ол түнде жазғанды ұнататын. Балалардың шуына мән бермейтін. Бірақ анамыз сонда да бізге "тыныш, әкелерің жұмыс істеп жатыр" дейтін. Мен кенжесі болғандықтан сыртқа алып шығып кететін. "Біз болсақ неге басқалардың әкесі күндіз жұмыс істейді, балалары шулайды, біз неге тыныш отыруымыз керек" деп айтатынбыз. Түнде жазып, таңертең ерте тұрып серуендейтін. Жазушылармен бас қосқан орталарға мені алып баратын. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповтерді сондай дастархан басында жиі көргенім бар. Отбасындағы баланың кенжесі болғандықтан ба, әкем көп уақытын менімен бірге өткезетін. Мысалы, мені музыкаға, коньки тебу үшін мұз айдынына алып баратын. Біз көбінесе көлікпен, кейде жаяу жүретінбіз. Балтық теңізі, Қара теңізіне саяхатқа шығатынбыз", - дейді ол.
Сафуан Шаймерденов басқа қаламгерлердей емес, әдебиетке дайындалып келген жазушы, ол әдебиет табалдырын бірден романмен аттаған.
"Әкемді "Инеш" романы әдебиетте биікке көтерді. Оны осы шығармасынан кейін Жазушылар Одағына қабылдады. Анам айтатын: "Романды оқып отырып, кей жерлерінен өзімді, құрбыларымды танып отырамын" деп. Роман алғаш баспадан шыққанда бестселлерге айналды, әкеме атақ алып келді. Өйткені 50-жылдардағы студенттер өмірін оған дейін ешкім жазбаған еді. Біз "Инеш" романын әкемнің 90 жылдығында қайта жарыққа шығардық. Өйткені студенттердің қарым-қатынасы мәселесі барлық уақытта да қызықты. Әкемнің шығармалары адам жанын тербейтін, адами қасиеттерге толы болса, өмірде де әкем жаны өте нәзік, мейрімді еді. Кейін повесть, пьеса жазды. Жалпы, эстет жазушы болатын. Аз сөзге көп мағына сыйдыруға тырысты", - дейді жазушының қызы.
Сафуан Шәймерденов немерелері – Шыңғыс және Динамен
Сафуан Шәймерденовтің ұрпағы қазір әртүрлі салада абыройлы қызмет етіп келеді. Мысалы, немересі Дина Шаймерденова кәсіби спортшы емес. Ол кейінгі жеті жыл бойы триатлонмен айналысады. Екі жоғары білімі бар. Ол спортты басшылық қызметтегі жұмыспен қатар алып жүр. Отбасына және бір жарым жасар ұлы Арсен Шаймерденовтің тәрбиесіне де уақыт табады. Ол күйеуінің рұқсатымен ұлына атасының тегін берген. Болашақта ұлы отбасылық дәстүрді ары қарай жалғастырады деп сенеді. Дина Шаймерденова 2021 жылы “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталған. Жақында Нью-Йорктегі жеңісін атасына арнады.
"Атамның бізге деген мейірімі мен қамқорлығы ерекше, махаббаты шексіз болатын. Бізді шахмат ойнауға үйрететін және әрбір немересін еркелетіп атайтын - мен атам үшін "Дилю" едім. Балалық шағымнан қалған бір қызық оқиға есіме түсіп отыр. Інім екеуміз желшешекпен ауырып біраз күн үйден шықпай қалғанбыз. Атамыз біздің көңілімізді аулап джинсы сыйлады. Ол уақытта джинсы таптырмайтын зат еді. Мұндай сыйлық алған екеуміз демде аурудан құлан таза айығып кеттік", - дейді Дина Шаймерденова.
Динаның айтуынша, спортқа деген сүйіспеншілік пен белсенді өмір салтын оған әкесі Саян Шаймерденов бала кезінен сіңірген.
"Мен әуесқой триатлоншымын және бұл спорт түрінің қыспағына қарамастан бірталай жетістікке қол жеткіздім деп айта аламын. Биыл 28-29 қазанда АҚШ-тың Юта Штатындағы Сент Джордж қаласында өткен Ironman 70.3 бойынша Әлем чемпионатына қатысу бақыты бұйырды. Жарыста мен өз жас санатымда үшінші орынға шықтым - бұл Қазақстан атынан қатысқан әйелдер ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Мен бұл жетістігімді мақтан тұтамын және жеңісімді елде кеңінен мерекеленіп жатқан атамның 100-жылдық мерейтойына арнаймын. Атам мен әкемнің атақ-даңқын көк туымдай жоғары ұстап, асқақтату - менің міндетім мен мәртебем деп санаймын",- дейді триатлоншы.
Айта кетейік, Сафуан Шаймерденов 1922 жылы 15 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысы, Преснов ауданы (қазіргі Жамбыл ауданы), Аманкелді ауылында дүниеге келген қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетінің сыншысы, халық жазушысы Қызылжар (Петропавл) қаласының құрметті азаматты.
Сафуан Шаймерденов алғаш рет 1950 жылы республикалық мерзімді баспасөз беттерінде әңгіме жанрында шығармалар басып шығарды. “Болашаққа жол” атты алғашқы романы 1953 жылы жарық көрді. Бұл туынды кейін “Инеш” деген атпен орыс тіліне аударылып, сол кездегі жастар арасында үлкен қызығушылық танытып және жаңа бастап жүрген авторды көркем әдебиеттің шыңына көтерді.
“Қайдасың, Зарине?”, “Әнім сен едің”, “Өкіл әке”, “Леп белгісі”, “Халала”, “Дөкей келе жатыр”, “Қыр гүлі”, “Марғау”, “Төрт бойдақ, бір қыз”, “Түйе көтерген”, “Аруана дүние”, және “Түлкі бикеш”пьесалары көптеген қазақ театрларының сахнасында қойылып келеді.
Үнді жазушысы Р. Тагордың “Күйреу”, “Гәуірмақан” романдары мен “Алтын сағым” деген атпен жарық көрген әңгімелер жинағын, Л. Толстойдың “Альберт” повесін, беларус драматургі А. Макаеноктың “Трибунал”, француз композиторы Флоримон Эрвеның, драматург Анри Мельяктың либреттосына жазылған “Мадемуазель Нитуш” комедиясын аударған.
Т. Раушанұлы