Жазушы жауапкершілігі

"Қазақ әдебиеті" газетінде жарық көрген екеудің әңгімесі түрткі болып, әдебиеттің қатардағы оқырманы ретінде жазушының жауапкершілігі жайлы бірер ауыз пікір айтуға бел будық.

Өздеріңіз де білетіндей, әдебиет қоғамнан, жүйеден тыс өмір сүре алмайды. Жүйенің бойындағы бар кемшілік әдебиетте де бар. Әсіресе, әдебиетті жасап отырған қаламгерлер бойынан жиі байқалады. Оны жарық көрген кітаптарды, баспасөзге шыққан шығармаларды оқу барысында байқаймыз. Шығарма – жазушының айнасы. Ол айнадан жақсы оқырманға жазушының жазушылық болмысы көрініп тұрады. Мәселен, біз өмір сүріп отырған жүйенің қоғам, халық алдындағы жауапкершілігі қандай төмен болса, жас ақын-жазушылардың жазу мен оқырман алдындағы жауапкершілігі де сол деңгейде. Баспасөзде жарияланып, кітап болып шыққан кейбір шығармалардағы сөз құрылымындағы көп қате, оқиға желісінде бірді айтып, бірге кетіп, ақыр соңында шығарма не туралы екені және жазушының не айтқысы келгені белгісіз күйде аяқталады. Ал, осындай дүниелерді көркем әдеби туынды деп оқырманға ұсыну жазушы атанып жүргендердің жауапкершілікті мүлдем сезінбейтіндігі. Қазіргі оқырман замана берген мүмкіндікті мейілінше пайдаланып, әлем әдебиетіндегі жаңа туындыларды оқып отырғанын ескерсек, жоғарыдағыдай шығармаларды талғамы жақсы оқырман парақтай қалса, алғашқы бірнеше сөйлемін оқығаннан кейін мырс етіп, кітапты қайта жабатыны сөзсіз. Жазушының жазуға жауапкершілігі жоқ жерде шығарманың ұяты төгіліп, оқырман оны оқуға ыңғайсызданып әрі өзінің оқырмандық деңгейін төмендеткісі келмейтіні түсінікті. Әдебиетте сот жоқ. Оқырман ешқайда шағымдана алмайды. «Әдебиет – ардың ісі» болатындығы содан. Әлгіндей шығармаларды қалыптасқан немесе өсу үстіндегі оқырман қаламгердің арына қалдырады. Алайда, оқырман ұялған қателік жазушының әр жарық көрген шығармасында қайталанса, бір елідей болса да өсу, тар тақырыптық шеңберден шығуға талпыныс жасамай, сол баяғы қарадүрсінмен келе жатса, әдебиеттің қиын жағдайын айтып, кімге шағынасыз?! Әдебиет алдында титтей де жауапкершілікті сезінбеген жазушы бүгінде күшейіп келе жатқан қоғам талабы өз кезегінде әдебиетке де келетінін, оқырман жазушының қателігін кешірмейтін күн туатынын осы бастан ескергені жөн. Сол үшін жазушы екеніңізді көрсету үшін жаңа шығармаңызды жарияға жар салып, даладан ойыншық тауып алған баладай алақайлап жүгірмес бұрын өз шығармаңызға өзіңіз сын көзбен қарап үйренгеніңіз абзал. Өйткені, қазақ әдебиетінде Сізге дейін оқырманын өсірген, руханияттың жетекшісіне айналған ғажайып туындылар бар. Тым құрығанда, өзіңізге дейінгі әдебиеттің үлгісіне қараңыз, ол туындыларды жазған қаламгерлердің әр сөз-сөйлем мен үтір-нүктеге дейін қаншалықты жауапкершілікпен қарағанын көріңіз. Бұдан кейін де жазуыңызда жауапкершілік болмаса, шығармаңызда көркем шығармаға аса қажетті компененттер, яғни, оқиға құру, образ жасау, кейіпкерлерді психологиялық иірімдер, іс-әрекет қимыл үстіндегі ұтымды деталдар арқылы әр қырынан жарқырата ашу сол арқылы оқырманға ой тамызық тастап, ойлануға итермелей алмасаңыз, онда жазушылықты қойып, әдебиетті қинамай өзіңіздің оқырмандар арасындағы орныңызға жайғасқаныңыз жақсы.

Қаламгердің жауапкершілік мәселесінде тағы бір айтайық дегеніміз ол – ақын-жазушы атын иемдену. Сөз басында айтқанымыздай, қоғам мен жүйенің көрінісі тер төкпей, қиналмай, өнердің жауапкершілігі мен оның жүгін сезінбей, өзін оп-оңай әнші-күйші, әртіс - өнер адамы атай салу  етек алды. Осы бір әдет әдебиетке де келді. Ақын, жазушы атану дүниедегі ең оңай нәрсеге айналды. Бұл жерде екеудің әңгімесіндегі қаламгердің атақ-даңқты бірінші орынға қойып, сол жолда жазудың, әдебиеттің жауапкершігін сезінбей, шалажансар шығармаларды баспасөзге жариялап, кітап етіп шығарып жанталасып жүрген әдеби мінездері хақында айтқан ойларымен келісеміз. Яғни, ақын я жазушы атануға, сол атқа лайық болу үшінде қаламгердің шығармасында өз үні, өз айтары, өз қолтаңбасы көрінбесе де, тым құрығанда шығарма көркем әдебиеттің талаптары мен өлшемдеріне сай болуы тиіс. Кез келген өнердің өз өлшемі, талаптары болатыны сияқты әдебиетте де ойыңа келгенді жазып, бір жылт еткен сәтті ойдың қағазға түскен нұсқасын көркем шығарма деуге болмайтынын білгеніміз абзал.

Жауапкершілік мәселесінде аға буын қаламгерлердің жас ақын-жазушыларға пікір айтқан кезде де әдебиеттің алдындағы жауапкершілікті ұмытпаса екен дейміз. Өйткені, жазушы болуға талпынып, бірді-екілі кітап шығарып, газет-журналда шығармалары жарияланып жүрген жас қаламгерлер үшін әр пікір маңызды. Маңызды болатыны, олар сол пікір-көзқарастарға қарап, бой түзейді. Көрініп тұрған кемшілікті жасырып, бірыңғай мақтап, әр кез арқадан қағу жас қаламгердің жауапкершілігін бәсеңдетеді. Аға буын да жас қаламгерді іштей әдебиеттегі өз бәсекелесі көру мүмкін. Жастар шығармашылығындағы олпы-солпы кемшіліктерді айтпай, бүгіп қалу да бәсекелеске қарсы әдіс болуы да ғажап емес. Сондықтан, әр жазушы өз шығармасына ең әуелі өзі оқырман, өзі қатал сыншы болғанда ғана өзінің жазушылық қуатын, қарымын, әдеби ойлау жүйесін дәл әрі дұрыс есептей алады. Бұл – өсуге негіз. Ал, есеп дұрыс болмаған жағдайда, жазудағы кемшіліктер тереңдей берері сөзсіз. Құр мақтан, жел сөзге арқалану содан келіп, өзінің жазуы жайындағы тым өзімшіл бағаның қалыптасуы шығармашылықты тоқыратады. Қисық қаламнан туған өлі шығармалардың ғұмыры қашан да бір тұтам. Әрі мұндай шығармалар ешқашан толық әдеби сынның объектісі бола алмайды. Өйткені, толыққанды әдеби сын үшін материалда соған сай толымды болуы шарт. Толымды шығармалар жоқ жерде, әдеби сында адымын аша алмайды. Сынға материал жоқ болған соң, сынның өзі амалсыздан жазушылықтың алғашқы әліппесінің негізгі ережелерін ежіктеп түсіндіруге мәжбүр. Бірақ, жазуға талпынушылардың өлшемінен асып кеткен өзімшілдігі, өзімбілермендігі, баспасөз бетінде мәдениетті пікір алмасудың жоқтығы әдебиетті былай қойып, жазуды түсінуіміздің өзіне кедергі болып тұр. Бұл жағдайда жауапкершілікті айтудың өзі артық секілді көрінеді...

Қазіргі мүмкіндіктердің арқасында оқырман күнделікті өсіп, талғамы қалыптасқан оқырмандардың қатарын толықтырып жатқан уақытта жазушылардың жазу мен оқырман алдындағы жауапкершілікті сезіне алмай, оқырмандарға ілесе алмай отырғаны өкінішті. Соның кесірінен оқырмандарынан айырылып жатқанын да айтқымыз келеді. Тақырыптың молдығына, қайшылыққа толы кейіпкерлердің айналасында «мені жаз» деп жүргеніне қарамастан, жазушылардың сол баяғы ауыл ішінен алыстап шыға алмай, табиғатқа тамсанып, ауыл кейіпкері аузымен ақыл айтып, ақ пен қараны ғана шендестіруден әріге бара алмай отырғаны да оқырманды «жазушы қай заманда қалған» деген ойға жетелейді. Баяндаудан аспайтын мұндай жазудың өзі сәтті шығып  жатыр деп айтуға келмейді. Мұндай шығармаларды жазып жүрген жазушылардың әдеби ойлау жүйесін көріп, Мұхтар Әуезов неге Құрмашты Көксерекке талатты деген бір ғана сауалдың төңірегінде пікір алмасса, ойын қалай өрбітетіні жазушының ойлау қарымына үлкен салмақ болатындай. Бұл да жазуға деген ішкі жауапкершіліктің жоқтығының көрінісі. Себебі, жазу үшін әуелі бұған дейінгі жазу түрлері сұрыпталып, заманның бүгінгі бейнесі жинақталып, жазушының әдеби ойлау жүйесіне жаттығу жасалып, есеп құрылып, жоспар түзілуі тиіс. Демек, жазуға жауапкершілік жазушының ең басты міндеті. Онсыз жақсы шығарма мен қалың оқырманнан дәмелену – есепсіз кеткен есіл уақыт, рәсуа болған қағаз.

Өміржан Әбдіхалықұлы

Abai.kz