- Негізгі бет
- Әдебиет
- Жасөспірімдерге арналған кітаптар...
Жасөспірімдерге арналған кітаптар
Кітап оқу – уақытыңды бос өткізбеу. Жасөспірім шақта кітапқа ден қойып, ерекше ықыласпен оқысаңыз, болашақта сіздің бағындырар белесіңіз биік болмақ.
«Кінәлі жұлдыздар» (Виноваты звезды) Джон Грин
Хейзел Ланкастер – өкпе рак ауруына шалдыққан жас бойжеткен. Өмірінде болып жатқан барлық келеңсіздікке мойынсынған жасөспірім қыздың өмірі кенеттен өзгеріп шыға келеді. Ол бірнеше жыл бұрын рак дертін жеңген Огастус Уотерспен танысады. Қауіпті диагнозға қарамастан, олар армандары үшін күресу керек деп шешеді. Огастус Хейзелдің сүйікті жазушысымен кездесу үшін мұхит асып, Амстердамға барады. Кездесу олар ойлағандай болмаса да, өзге қалада жүріп, екі жастың арасындағы махаббат ұшқыны лаулай түседі. Бұл олардың алғашқы махаббаттары еді. Мүмкін, соңғы шығар...
«Саған дейін» (До встречи с тобой) Джорджо Мойес
Луиза Кларк өзінің өміріне дән риза. Өз ауласындағы шағын кафеде жұмыс істейді, тұтынушыларды қуана қарсы алып, үйге ерекше сезіммен қайтады. Сүйіктісі Патрик те жанында. Кенет ол жұмыс істеп жүрген кафені жабатын болады. Енді Лу отбасын асырау үшін жаңа табыс көзін іздеуге мәжбүр. Ол сал ауруына шалдыққан бизнесменнің күтушісі болып жұмысқа кіреді. Өткен өмірінде саяхаттап, белсенді өмір сүрген жас бизнесменнің арбаға танылуы оның жанын күйзелтеді. Бірақ, уайымдамаңыз, көңілді Лу Уиллдің өмірін түбегейлі өзгертеді.
«Джейн Эйр» Шарлотта Бронте
Қиын балалық шақты басынан кешкен бейкүнә жетім қыздың тағдырын бейнелейтін шығармадан алатыныңыз мол болмақ. Джейн алға қарай ұмтылуға жетелейді. Оның балалық шағынан бастап, өмірлік махаббаты мен ересек шаққа қадам басқанын сипаттайтын кітапты оқып отырып, басты кейіпкермен бірге қиындықтарға төтеп беруді үйренесіз.
«Кітап қарақшысы»(Книжный вор) Маркус Зусак
Оқиға 1939 жылдары Германияда болады. Басты кейіпкер – тоғыз жастағы Лизель Мемингер. Сол уақыттағы саяси жағдайдың құрбаны болған әке-шешесінен ерте көз жазып қалған қызды Ганс пен Роза Хуберман атты адамдар қамқорлығына алады. Бір мектепте оқитын, көршісі Руди Штайнер есімді жаңа дос табады. Әріп танымайтын қыздың кітапқа деген махаббатын әкесі Ганс оятады. Кейін оқиға өзгеше өрбиді...
«Мастер және маргарита» Михаил Булгаков
Роман махаббат тақырыбын ғана қозғамайды. Адами болмыс, адамның нағыз бет-бейнесінен сыр шертеді. Қиял-ғажайыпқа толы роман бір уақытта екі бөлек әлемде болып жатқан оқиғаны бейнелейді. Егер, «Гарри Поттер» секілді қияли шығармаларды жаныңыз сүйсе, бұл кітапты да қуана оқитыныңыз анық.
«Балалық шаққа саяхат» Бердібек Соқбақпаев
Автобиографиялық повесьте қазақ балаларының балалық шағы сипатталады. Өзінің өмірін айта отырып, барлық ауыл балаларының тағдыры ұқсас екенін де алға тартады. Бірі әкеден, бірі анадан көз жазып, жетім қалып жатса, енді бірі тойғаннан «құтыра» бастағанын да сөз етеді. Еркелік, балалықтың бал дәмі, бала болса да ұғатын кей қиындықтар, өмірдің қатаң тұсына бала көзқараспен қарау – осының барлығын осы туындыдан таба аласыз.